8.11.2024, 11:45
Оқылды: 202

Кеңес Одағының батыры Садық Жақсығұловтың туғанына 100 жыл толды

Ерлік ешқашан ескірмейді

Жер бетіндегі тіршілік атаулысы естіп, білмеген, тарихта Ұлы Отан соғысы деген атаумен қалған 1941-1945 жылдардағы ғазауат  майдандағы қазақ жауынгерлерінің ерлігі ұрпақтан ұрпаққа сабақтасып, уақыт өткен сайын олардың бейнелері сомдана түспек.

Ұлы Отан соғысында ерен ерлігімен ел-жұртының есінде мәңгі қалған жерлестеріміздің бірі – Садық Шәкелұлы Жақсығұлов.

Мақала авторы Кеңес Одағының Батыры С.Ш. Жақсығұловпен.

Садық Шәкелұлы 1924 жылы 7 қарашада Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданының №20 Қоңырқұдық ауылдық Кеңесінде дүниеге келген. Руы – алаша.

Жиырмасыншы ауыл – қазіргі Бірлік ауылдық округінің аумағында. Отызыншы жылдардың ортасында ол аймақты әскери мақсатқа пайдалану үшін сол маңдағы ауылдарды таратып, адамдарын Чапаев, Тасқала аудандарына, ауданымыздың №1 Қарасамар ауылына, яғни Калинин ұжымшарына көшірген.

Осылайша Садық ағамыздың әулеті де №500-ші кеңшар, қазіргі «Атамекен» аауылына қоныстанады. Осында 7 жылдық мектепті бітіріп, 1942 жылы 18-ге толар-толмастан майданға аттанады. Батырдың соғыстан кейінгі ғұмыры Тасқала ауданында өтеді.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында Бірлік (ол кезде Мортық) ауылында Батырмен жүздесудің сәті түсті. Біз бір топ адамдар қырқым пунктінде сенбілікте жүрдік. Бірнеше бейтаныс адамдар еділбай қойын тамашалап біраз тұрды. Сол кездегі бөлімше меңгерушісі Кенжебай Беспаев орта бойлы, қағілездеу келген, қара торы адамды жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Садық Жақсығұлов ағамыз деп таныстырды. Қазір ойлаймын, батыр ағамыз өзінің кіндік қаны тамған жерін көруге келген шығар-ау деп.

Қызметте жүрген кезде Тасқалада өткен шарада батыр жерлесімізбен жүзбе-жүз кездесудің сәті түсті. Садық ағамыз үлкейіп қалған екен. Бірге суретке түстік. Көп мазалай беруді жөн көрмедік. Ол жазғытұрымғы мезгіл еді.

Ағамызды елге шақырдым «Бұйырса алдағы жазда бару ойымда бар» деді. Бірақ, тағдыр батырға туған жерін соңғы рет көруді жазбады.

Ауданымыздың руғани жаңғыруына орасан зор үлес қосқан, аймақтың 1911-1917 жылардағы әкімі Л.Р.Хайретдиновтың бастамасымен 1912 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні қарсаңында Жаңақалалық төрт бірдей Кеңес Одағының Батырына Жеңіс алаңында кеуде мүсіндері қойылды. Шараның салтанатты ашылуына батырлардың отбасы, ұрпақтары шақырылды.

Шараға қатысқан Садық Шәкелұлының зайыбы, ұрпақтары батыр жерлестерін ұмытпағаны үшін жаңақалалықтарға зор ризашылықтарын білдірді.

Батырдың ұрпақтары Диана мен Айрат музейде

Садық Шәкелұлы майданда Қазақстанда құрылған 73-гвардиялық Сталинград атқыштар дивизиясының миномет расчетінің командирі болған. Атақты Курск шайқасына қатысып, Полтава облысындағы Кишинев ауданының Старый Орлик селосының түбінде Днепрден өту үшін болған кескілескен ұрыста асқан ерлік көрсеткен. Сол ерлігі майдан басшылығының көзіне түсіп, 1944 жылы ақпан айында жиырмаға толар-толмас қазақ офицеріне Кеңес Одағының батыры  атағы берілді.

Белгілі тарихшы П.Р. Букаткин де «Западноказахстанцы в годы суровых испытаний» (1941-1945) – деген кітабында «Командир минометного расчетта 204-го стрелкового полка. Жаксыгулов С.Ш. в ходе форсирования Днепра с риском для жизни участвовал в захвате плацдарма, уничтожив в огнем до взводе солдат противника и лично связкой гранат вывел из строя штурмовое орудие врага» - деп жазған.

Елге жеңіспен оралғаннан кейін Садық Шәкелұлы ұзақ жылдар партия, Кеңес қызметтерінде болды. Жоғары органдар қаңдай іс тапсырмасын Батыр ағамыз әрдайым абыроймен атқарып отырды. Бейбіт уақыттағы ерен еңбегі де ескеріліп, «Құрмет белгісі» ордені, көптеген медальдармен марапатталды. Сондай-ақ «Тасқала ауданының құрметті азаматы». Жаңақала аудандық Кеңесі Президиумының 1990 жылғы 1 маусымдағы №16 қаулысымен батыр жерлесімізге «Жаңақала ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Ерлік ескірмейді. Жақында ғана Тасқала ауданының С.Ш. Жақсығұлов атындағы жалпы білім беретін орта мектептің бір топ оқушылары батырдың 100 жылдығына орай өткен шара аясында өзіміздің Д.Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейінде болып, ержүрек аталары жөнінде біраз мағлұматтар алды. Жеңіс алаңында болып, батырлардың мүсіндері алдында суретке түсті.

Батыр атындағы мектептің директоры Гүлмира Ақәділова оқу ордасының тыныс-тіршілігімен таныстыруда.

Музей меңгерушісі Сымбат Талғатқызы жас меймандарды ауданның өнер тарихымен таныстырып, осы мақаланың жазылуына да түрткі болды. Олардың арасында батырдың туған немересі Диана Маратқызы мен жиеншары Айраттың болуы да керемет әсер қалдырды.

Жас меймандар да құр қол келмей музейге батыр атындағы мектептің тыныс тіршілігін баяндайтын альбомды сыйға тартты.

Закария Сисенғали

Еңбек ардагері

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале