Жуырда кеңсе қағазының бағасы күрт өсті. Неліктен? Бүгінгі таңда ең көп таралған өлшем «А4» қалай «дүниеге» келді? Аталмыш өлшемдегі қағазды жеп көрдіңіз бе? Ғаламтордың күллі парағын басып шығару үшін қанша қағаз қажет? Мінекей, осы сауалдардың жауабына көз жүгіртіп, біліп жүргеніңіз жөн, оқырман!
Қазақстан нарығында А4 форматындағы кеңсе қағазының бағасы орта есеппен 67% -ға өсті. Осы орайда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қағаз бағасының өзгеруі және отандық өндірушілерге қатысты мәлімдеме жасаған болатын.
— Өткен жылы елімізге А4 форматындағы кеңсе қағазының 20,4 млн қаптамасы (51 мың тонна) жеткізілді. Оның ішінде, 61% (31,3 мың тонна) Ресей Федерациясынан, 30% (15,1 мың тонна), Түркиядан және 8% (4 мың тонна) ҚХР-дан импортталды. Осылайша, Қазақстан нарығында А4 форматындағы қағаз өнімдерінің басым бөлігі «Снегурочка» және SvetoCopy брендтерімен ұсынылған.
2021 жылдың қорытындысы бойынша А4 қаптамасының орташа көтерме бағасы 1,5 мың теңгені құрады. Сондай-ақ 2021 жылы отандық кәсіпорындар 600 мың қаптама А4 форматты қағаз шығарды. «Биыл наурыз айына қарай бағалар орта есеппен бір мың теңгеге немесе 67%-ға өсті. Қазір ірі жеткізушілер кеңсе қағазының 1 қаптамасын 3 мың теңге көтерме бағамен саудалап жатыр. Бағаның өзгеруі Батыс Еуропадан қағаз шикізатын ағартуға арналған реагенттерді жеткізудегі іркілістерге байланысты және Ресейде кеңсе қағазын өндіру көлемінің қысқаруына орай орын алып отыр.
Бүгінгі таңда Қазақстанда кеңсеге арналған қағазды кесу және орау бойынша 2 зауыт жұмыс істейді. Өткен жылы аталған кәсіпорындар 600 мың А4 қағаз өндіріп, ішкі нарықтағы тұтыну көлемінің 5%-ын қамтыған. «Qagaz Ordasy» ЖШС жылына 3 млн бума, ал «Goida.kz» 3,6 млн А4 кеңсе қағазын шығаратын өндірістік қуатқа ие. Кесуге және буып-түюге арналған қағаз орамдары түріндегі шикізаттың негізгі бөлігі РФ мен Финляндияда өндіріледі. Алайда, ресейлік зауыттар бұл компанияларға қағаз орамдарын тікелей сатпай, оларды Қазақстандағы өз өкілдері («Литан» ЖШС және «Резервснаб Плюс») арқылы саудалайды. Сәйкесінше, сауда-саттықты шектеп отыр», — делінген ресми мәліметте.
А4 -ке «А» әрпі мен 4 санының қандай қатысы бар?
Осыдан жүз жылдай бұрын қағаздардың ешқандай стандарт болмаған. Барлығы 20-жылдың басында неміс инженері Вальтер Порстман қағазға арнайы стандартты өлшем ұсынуынан басталды. Қағаз алаңының 1 шаршы метрі басты негізге алынды. Оған алфавиттің бірінші әрпі А және алғашқы 0 цифрі берілді, атауы – А0 боп шықты. Реттілікті сақтай отырып, осыны ортасынан тең төртке бөлсек, қазіргі көп таралған өлшем А4 шығады.
Интернеттің барлық бетін көшіру мүмкін бе?
Британдық Лестер Университетінің бір топ студенті ерекше зерттеу жұмыстарын жүргізіп, сүбелі статистикаға ие болды. Олар қазіргі интернеттің барлық бетін көшіріп шығаруға қажет болатын қағаз саны мен сол қағазды жасауға керек ағаш көлемін анықтаған.
Жас зерттеушілер алдымен ғаламторда ізделінетін әрбір сайттың шамамен қанша бетті қамтитынын есептеген. Бұл сайттар тізіміне жабық интернеттің, нақтырақ айтар болсақ, Tor сынды браузер арқылы ғана кіруге болатын анонимді веб-беттер қарастырылмаған. Мысалы, кез келген ғаламтор қолданушысына қол жетімді «Уикипедия» веб-сайтындағы бір ақпарат орташа есеппен A4 көлемдегі 15 бетті қамтиды екен.
Барлық тілдердегі «Уикипедия» қызметін басып шығару үшін 71 миллион дана қағаз қажет болады. Ал қазіргі интернетте «Уикипедия» сынды 4,54 миллиард веб-бет бар. Сонымен, соңғы статистикалық меже 68 100 002 500 А4 көлемдегі қағазға тең болды. Ал бір ағаштан 8500 бет қағаз шығарылатынын ескерсек, жалпы интернетті басуға жұмсалатын қағазды дайындауға 8 011 765 дана ағаш қажет болатыны анықталған.
Дегенмен жас ғалымдардың айтуынша, қарапайым веб-сайттың бір ақпараты орташа есеппен 15 бетке тең деп алу аздық етеді. Сондықтан британдық студенттер сандық нәтижені екі еселеген (136 миллиард дана қағаз).
Ал зерттеу қорытындысында статистикаға интернеттегі жабық сайттардың ескерілмегені нақты жазылған. Себебі анонимді интернет сайттарының жалпы көлемін анықтау мүмкін емес екен.
Қағаз жеп көрдіңіз бе?
Жеуге жарамды қағаз туралы естідіңіз бе?
Ас қағазы табиғи өнімдерден жасалады және арнайы аспаздық принтерде шағарылады. Аспаздық принтерге арналған А4 (210 х 297мм) өлшемді ас қағаздары кеңінен таралған. Ас қағазының түріне және нақты өндірушіге қарай, қағаздың қалыңдығы, құрамы, түсі, дәмі және құрылымы әртүрлі.
Ас қағазын принтерден өткізудің қарапайым қағазды принтерден өткізуден еш айырмашылығы жоқ. Ас қағазы басып шығарылған суреттің сапасына тікелей әсер ететіндіктен, оны абайлап қолдану қажет.
Қазіргі кезде ас қағазының бірнеше түрі бар. Себебі, олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтары бар.
Вафельді қағаз. Ең танымалы және қолжетімдісі – вафельді қағаз (немесе күріш-вафельді қағаз). Ас қағазының бұл түрі су, крахмал және өсімдік майынан жасалады. Әдетте, вафельді қағаздың дәмі болмайды. Сондықтан аспаздық тағамның дәмін өзгертпейді. Бұл қағаз түрі көп жағдайда ақ түсті, құрылымы үгітілген (пористый) болып келеді. Кей өндірушілер күңгірт (матовый) етіп те шығарады. Вафельді қағаздың қалыңдығы 4-7 мм болады. Қалыңдығы үлкен болған сайын қағаз сапасының жоғарылығын білдіреді. Басып шығарылғын вафельді қағаздар торттардың бетін безендіруге арналған. Кей аспаздар вафельді қағазға қант шәрбатын (глазурь) жағады. Сол кезде қағаздағы сурет анық көрінеді. Вафельді қағаз қолжетімді болғандықтан танымалдыққа ие.
Қантты қағаз. Қантты қағаздың құрамы басқа болғандықтан, басып шығару кезінде суреттердің түстері анық әрі ашық болады. Вафельді қағазға қарағанда қантты қағаздың дәмі тәттілеу. Қантты қағаздар жіңішке, алайда тығыздығы жоғары. Олар да ақ түсті немесе түссіз болады. Қантты қағаздың құрамына қант, аспаздық құрғақ сірне, су, пальма ядролық майы, эмульгатор, аспаздық стабилизатор, целлюлоза кіреді.
Шокотрансфер. Кей аспаздар шокотрансферлі (Chocotransfer) қағаздарды қолданады. Олай аталу себебі қағаздағы суретті шоколадты негіздің үстіне ауыстыруға болатын арнайы жұқа қабықшасы бар. Дайын суреттері және өрнектері бар шокотрансферлі қағаздар базарда да сатылады. Сурет немесе өрнек шокотрансферлі қағазға түсірілген соң, қағазды суретін төмен қаратып, шоколадты тортқа қойылады. Мұндай жұмысты бөлме температурасында және ылғалдылығы жоғары емес жерде жасаған жөн. Шоколад кепкен соң, сурет торттың бетінде қалады. Шокотрансферлі қағазды ақ шоколадтың бетіне қолданған жақсы. Себебі ақ шоколадта сурет анық көрінеді.
Материалды ғаламтордың көмегімен әзірлеген Самал Жолдығалиқызы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz