Бөрлі ауданы, Кеңтүбек ауылдық округінде жаңа спорт кешені пайдалануға берілді.

Заманауи кешен ауыл жастарына салауатты өмір салтын ұстанып, түрлі спорт түрлерімен тұрақты айналысуға мүмкіндік береді. Кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов және спорт ардагерлері мен ауданнан шыққан чемпиондар, КПО б в компаниясының өкілі тб қонақтар қатысып, жергілікті тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Кешен заманауи спорттық және барлық қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған.
Құрылыс нысаны бойынша жобаны әзірлеуші (бас жобалаушы) – «Ремстройпроект» жауапкершілігішектеулі серіктестігі. Ғимарат бір қабатты спорт залы және оған жапсарлас салынған әкімшілік-тұрмыстық корпусынан тұрады.
Жер учаскесінің жалпы ауданы – 6524 шаршы метрді құраса, ғимараттың жалпы ауданы – 1030 шаршы мерт, ал құрылыс көлемі – 7 523,3 м³.
Нысанның жобалық қуаты тәулігіне 464 адамды құрайды.
Алғаш боп сөз алған облыс басшысы өз сөзінде: «Жалпы облыс көлемінде спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соңғы үш жылда облыс бойынша спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында 13 спорт нысаны пайдалануға берілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың облысқа жұмыс сапары барысында берген нақты тапсырмаларының орындалуының айқын дәлелі – Орал қаласында пайдалануға берілген 1200 орындық заманауи спорт кешені.
Биыл 6 спорт нысанының құрылысы жалғасуда, олардың төртеуі жыл соңына дейін қолданысқа берілмек.
Қазіргі таңда облыстағы барлық аудан орталықтары дене шынықтыру-сауықтыру кешендерімен толық қамтамасыз етілді.
Нәтижесінде халықты спорт инфрақұрылымымен қамту деңгейі 66 пайыздан 76 пайызға дейін өсті. Бұл – өңір халқының спорттық белсенділігін арттыруға бағытталған жұмыстардың тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіш», - деді.

Жаңа спорт кешенінің кілтін салтанатты түрде мердігер компания «БатысМұнайСтрой» жауаркершілігі шектеулі серіктестігі өкілі Әлібек Сәрсенбаев табыс етті.
«Біздің бұл спорт кешеніміз әртүрлі жастағы ауыл тұрғындары және спортшылар үшін тамаша сыйлық. Енді өзіміздің ауылымызда спортпен айналысуға мүмкіндік туды. Бұл өте қуантарлық жағдай», - деп алғашқы келуші жасөспірімдер спорт кешенінің мүмкіндіктерін қуана жоғары бағалады.
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы