18.04.2024, 17:56
Оқылды: 62

«Кеткен үй кетті, ауыл аман болсын!»

Қарауылтөбе ауылын апаттан құтқаруға атсалысып жүрген Рақымжан Уахитов осылай дейді. Орал қаласындағы саяжайда тұрғызған үйін су басқан азамат қазір Жайықтың жағасында тұрған ауылды апаттан аман алып қалуға күш-жігерін аямай, еңбектенуде. Ол оралдық «Юнисерв» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ауыр техниканы жүргізетін оператор-машинист болып қызмет етеді.

WhatsApp Image 2024-04-18 at 17.22.41

Айта кетейік, аталмыш серіктестіктің өзге де қызметкерлері мен техникасы Есенсай, Көнеккеткен, сонымен қатар Қарауылтөбе ауылдық округ елді мендерінің тұсындағы өзен жағалауын биіктетіп, бөгеттер тұрғызып жатыр.

Жылдар бойы еңбектеніп тұрғызып, қоныстанғанына екі-ақ жыл болған баспанасын су шайып кеткені туралы хабар жеткенімен, Р.Уахитов оған үміт артып отырған дүйім елді тастап кете алмады.

- Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық, жолдасым зейнет жасында. Мен де ауылдан қалаға қоныс аударған соң, осы жұмысқа орналастым. Саяжайдан жер алдық, баспана да тұрғыздық. Ағайын мен ұл-қыздарымның да көмегі көп болды. Тосыннан келген қызыл судың бел ортасында тұрған баспанамның суретін жолдасым телефоныма жіберді. Жұбайым көппен бірге қауіпсіз жерге көшті, бастысы – айналамыз түгел, бауырымыз бүтін. Соған шүкіршілік етеміз. Кеткен үй кетті, қалған жұрт тасқыннан зардап шекпесін. Ауданға келгеніме біраз болып қалды, қай ауылда болсақ та, ұйымшылдық, ауызбіршілік бар екені көрініп тұр. Ауылдың халқы қандай дейсің, шіркін, жайдары, еңбекқор, дархан пейілді. Округтерді басқарып отырған әкімдер Жәнібек Әбіров, Ұлдаш Қадырғалиева, Парасат Тасқалиевтер өздері бізді үй-үйге орналастырып, ас-судан тарықпауымызды бек қамдады. Соңғы апта бойы Қарауылтөбе ауылындамыз, жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Барша ағайынның басына амандық, елдің тыныштығын тілеймін, – дейді баспанасын су басса да, жігері мұқалмай, ауыл-елге болсын деп қызмет етіп жүрген Рақымжан Уахитов.

Әсем Есбек, 

Ақжайық ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале