Бүгін өңірге ҚР экология және табиғи ресурстар жөніндегі вице-министр Нұркен Шәрбиев іс-сапармен келді.
Жаңақала аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қажиев, аудандық мәслихат төрағасы Қамбар Каменов, «Аманат» партиясының хатшысы Қуаныш Шарафутдин және бөлім басшылары мен аудандық ақсақалдар кеңесі мүшелері қарсы алып, жоспарға сай бекітілген сапарда, сәйкесінше жол-жөнекей шаруа қожалықтарын аралап, меншік иелерімен танысып, ұсыныс-пікірлерін сұрады.
Алғашқы кездесу ауылымыздың кіреберісінен бастау алып, қазіргі таңда шешуі қиын болған киік мәселесі бойынша түйткілді тақырыптар қозғалды. Сонымен қатар ауданға қарасты шаруа қожалықтарының шабындықтары мен лимандарға келетін залал туралы айтыла келе, сақтандыру шаралары мен алдын алу жөнінде сұраныс жіберілетіндігі айтылды.
Жаңақалалықтар жиын нәтижесінде туындаған төрт мәселе бойынша жазбаша ұсыныс тастап, толыққанды жұмыс жүргізіледі деген ойда.
Тоқтала кетер болсақ, ең әуелі жайылымға қаупі бар киіктің реттелуін тоқтатпау және шабындыққа қоршау құру. Сондай-ақ мал азығына 4 млрд субсидия сұрау жөнінде туындаған мәселелер, яғни ауыл тұрғындарында басты күнкөріс көзі – мал шаруашылығы болғандықтан, қыстан толықтай аман шығу мәселесі басымырақ болып тұр.
Аудан жұртының «Киік санын азайтыңдар!» деп табандап тұруының өзіндік себебі бар. Ол – бірнеше ауыл азаматтарының дала жануарын атып, бүгінде темір тордың ар жағында қамауда болуы. Аудандық мәслихат депутаты, Мастексай ауылының тұрғыны Қобылан Аманғалиұлы ауыл тұрғындарының атынан жазаға тартылған жерлестеріне кешірім беруін және ақбөкеннің жағдайын біржақты етуді сұрады.
– Далада киік төшкесімен шашылып жатыр, 5-8 жыл ғана ғұмыр кешетін киіктің мүйізімен көміліп жатқанын да көзіміз көрген. Киік қадірлі саналса, халықтан дұрыс бағаға алсын, соның салдарынан 50-ге жуық сәби әкесіз тәрбиеленіп жатыр, - деді қасірет тартып отырған отбасылардың жанайқайын жеткізуші мәслихат депутаты.
Сайын далада жөңкілген жануарды киелі санаған жұрт қатты қорлық көргендерін айтып шырылдап отыр. Жайылымды таптап, егіс даласын күйретіп кетеді деген қожалық иелерінің шағымы азаю үстіне ұлғая беруде.
Иә, қазақ жерінде жосыла шапқан дала еркесі үшін туындаған ашулы топтың айқайы орынды. Дегенмен дәл қазір шаруаларға да қолайлы, жабайы жануарларға да зияны тимейтін дұрыс шешім шығару өте маңызды.
Себебі киік – халық қазынасы. Түске дейін созылған жиын соңында Нұркен Қожамұратұлы алдағы уақытта айтылған сауалдар мен ұсыныстар жөнінде жұмыстанатынын айтты.
Ақерке Ғилымхан
Жаңақала ауданы