31.05.2023, 20:04
Оқылды: 46

Киік қайда барасың?

Бүгін Қамысты ауылдық округіндегі Бауыржан Сабанов жетекшілік ететін "Eco Club" ЖШС егіс алқабына ақбөкендер басып кірді. Аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев, аталған ауыл әкімі Нұрлан Аюпов пен ветеринариялық стансаның мамандары дереу оқиға орнынан табылды. Жол бойында бауырын салқындатып жатқан төлі ұлан-ғайыр алқапты меншіктенгені көрініп-ақ тұр. Іле-шала "Охотзоопром ӨБ" Жәнібек тірек пунктінің топ жетекшісі Ринат Құбашев пен инспекторы Алтынбек Сүлейменов келді. Айтуынша, олардың қолынан келер қайран жоқ.

IMG-20230531-WA0148

-Біз заңнын аясында қызмет көрсетеміз және киіктерге мылтық кезенуге жол бермей, айдап қана құтыламыз, - деп қысқа қайырды топ жетекшісі.

IMG-20230531-WA0143

Шаңға көмілген көлік әрі-бері сенделіп, мамандар дәл сондай күй кешіп, жүйткіген жануарды жан салып бөгет асырып айдап жіберді. Алқапқа алқына кірген киіктерді бөгеттен асыра айдағанымен, күні ертең-ақ қайта келуі бек мүмкін. Себебі егіс алқабы қоршалмаған. Жетекшісі 350 гектар жерге судан шөбін еккен. "Киелі" жануардан мал азығы аман қалса екен деген ол қоршауға субсидия бөлінбейтініне қапалы.

IMG-20230531-WA0145

Жоғары билік шешім шығару жолында біраз жиынды артқа тастаса, қарапайым шаруалар "соқыр, мылқау, тірі жанды танымас" қыс мезгіліне азық жинай алмай әлек. Қазақтың "қыстың қамын жазда ойла" деген тәмсілі тек кете ме, немесе алды-артына қарамай шабатын, егіннің күл талқанын шығаратын киіктің шұғыл түрде алдын алу арқылы сол ұстанымда қаламыз ба? Ол жағы тағы да жұмбақ. Ақбөкеннің саны қалыпқа келмей, ауыздан ақ май ағатын һәм ит басына іркіт төгілген шаққа жетуіміз күмәнді.

Ақтілек Әлібекұлы,
Жәнібек ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале