1.04.2021, 11:47
Оқылды: 42

Киік кесір ме?

Кезген киік, қуаңшылық пен құнарсыз шөп мал баққан ағайынның бас ауруына айналғалы қашан?.. «Шөбімізді отап кетті», «тосқауыл болсын деп тұрғызған қоршауды бірге сүйреп кетт»і, «киіктің тұяғы түскен жерде үш-төрт жылға дейін көк бой көтермейді, өнім бермейді» деседі бірінің аузына бірі түкіргендей. Әбден ашынған ағайын ақбөкенге деген арыздарын айтып талай мекеменің есігін қағыпты. Аудандық мәслихат депутаттары малды ауылдың базынасын облыстық мәслихат назарына жеткізді. Көршілес Жаңақала ауданының мәслихат хатшысы да осы мәселені арқау қылған үшбу хат жолдаған екен. Күні кеше осы мәселе бойынша Zoom платформасымен жиын өтті. Шараға киік мәселесіне жауапты мекеме басшылары түгел қатысты.

 китік

Онлаин өткен шараға негіз болған хатта аудан депутаттары «мал азығы болмай қалған жағдайда, сол өңірге төтенше жағдай жариялап, Үкімет тарапынан шаруа қожалықтарының әр ірі қара малының басына 20-25 мың теңге көлемінде субсидия төлеу мүмкіндіктерін қарастыру; Бөкей ордасы ауданының аумағынан 69880 гектар жер «Бөкей орда» мемлекеттік  резервіне қойылып отыр. Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов және Жаңақала аудандарының  қосалқы жерлері резервке қойылғанымен, табиғи резерват әлі де құрылмай тұр. Сол резерватты тезірек құрып, киіктерді сол аумақта шоғырландыру керек. Арнайы 4-5 техникамен қамтамасыз етілген 20 шақты  штаттық қызметкер бекітіліп, киіктерді бағу жұмыстарын ұйымдастырса, бұл жұмыстар бюджеттен ауқымды қаржыны талап етпейді деп есептейміз» деп жазған. Осы мәселенің ҚР Үкіметі мен ҚР Парламентінің «құлағына» жетуге ықпалдастық етулерін өтінген екен.

Елдегі шаруалар атынан Жәнібек, Жаңақала және Бөкей орда аудандарының депутаттары:

- Киік – табиғат сыйы, байлығымыз. Бұл баршаға түсінікті. Қазір осы оңтүстік аудандарды киік түгел жайлап болды. 2010-11 жылдары жаппай қырылғаны болмаса, қазірде жақсы өсім бар. Қос-қостан лақтайтын киік саны 2019 жылғы санақ бойынша 200 000-нан асқан еді. 2023 жылы миллионға дейін жетеді деп есептеп отырмыз. Осыншама киіктен пайда емес, зиянын көріп отырмыз. Жүріп өткен жолында көкті түгел жайпайтыны былай тұрсын, ақбөкеннің тұяғы тиген жер үш-төрт жылға дейін көтеріліп кете алмайды. Киіктің «Қызыл кітапқа» енгізілгенін жақсы білеміз. Қаншама зиянын көрсек те, қолымызға мылтық алып, не көлікпен қуып көрген емеспіз. Бүгінде малымызды емес, киікті бағып жүрміз. Биылғы қуаңшылықты, шөптің шығымсыздығын қайтара айта берудің қажеті жоқ. Негізгі табыс көзіміз – мал шаруашылығы. Малымызға жағдай болмаса, біздің де күйіміздің қашқаны. Былай жалғаса берсе, күні ертең құрығымыз бен таяғымызды құр ұстап қалуымыз мүмкін. Киік үшін неге малды ауылдар құрбандыққа бару керек? - деген сауал жолдады.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешев:

- Киік – табиғаттың бағалы тартуы. Киік «Қызыл кітапқа» еніп, қорғау шарасы қолға алынғалы бері бюджет есебінен қыруар қаржы бөлінді. Шара нәтижесін берді. Өңірімізде киік саны артты. Нақты санын биылғы сәуірде жүргізілетін санақта белгілі болады. Киіктің негізгі мекенінің жалпы көлемі де белгілі болмақ. Осы шаралар қолға алынғаннан кейін ғана резерват мәселесі шешіледі. Резерват аумағында қанша киік өсіре алатынымыз да осы санақ нәтижесінен кейін бекітілмекші. Бүгінгі таңда жергілікті әкімдік Үкіметтің күн тәртібіне киік санын реттеу мәселесін қойып отыр. Белгілі нормадан артылған киікті де табыс көзіне айналдыруға болады. Етін «БатысМарқаЛамб» сияқты кәсіпорындар бұқтырып, консервілеп халыққа азық ретінде ұсынса, мүйізін медициналық тұрғыдан, терісін тұрмыстық кәдеге жаратсақ, қалталы азаматтар үшін заңды түрде саятшылық ұйымдастырсақ, бюджет бүйірін толтырар қомақты қаржы түсері анық.

Иә, киік нақ сіздің аймақта көбейіп кетті. Басқа аудан, басқа жердің емес, сіздің аймақтың басты байлығы. Туризмді дамытамыз дейсіз. Бөкей хандығының тарихи мекенін көргісі келетін адам қаншама?! Киік те сол туризмнің басты атрибуты болмасына кім кепіл? Австралия сияқты кішігерім ел кенгуру сияқты басқа елде кездеспейтін бірегей жануарларымен туризм ғана жақсы дамытып отырған жоқ, әлемнің бес жүзден астам еліне кенгуру етін экспорттап отыр. Біз де солай киіктің де пайдасын көреміз, бұйыртса.

Шөп шығымсыз, киік отап кетті дейсіздер. «Таз ашуын тырнадан алады» деген сөз бар ғой. Мал шаруашылығында кездесіп отырған қиындықтың бәріне кінәні жалғыз киіктен іздеуге болмас. Киік бір жерде тұрақтап қалмайды. Күні ертең төлдер кезде өздерінің атамекендеріне қарай жөңкеле көшеді. Төлдер кезде Жәнібек ауданының аумағына топтап көшіп, Талов ауылына дейін барады. Тіпті Ресей ауып кетуі де ықтимал, - деді өз сөзінде.

Жаңақала аудандық мәслихат хатшысы Дархан Закарин:

- Киікке резерват аумағы белгіленді. Қандай критерийлерді басшылыққа алғанын қайдан білейік. Біздің аудан аумағынан киікке резерват көлемі көптеп белгіленіпті. Онсыз да жер тар. Жер кезегінде 118 азаматымыз тұр. Киік «Мынау сендерге арналған резерват. Осыдан аттап шықпаңдар!» дегенге көнетін деген саналы мақұлық емес қой. Еркін кезіп жүр. Сондықтан резерват аумағын азайтуға болмаспа екен? - деген ұсыныс айтты.

- Резерват құру мәселесі 2010 жылдары көтерілген. 2013 жылы арнайы мекеме құру туралы жоба қолға алынып, қандай ма болсын мекеме құруға  тыйым салған мораторийге байланысты аяқсыз қалған еді. 2012 жылдары аудан әкімдерімен резерватқа жер бөлу туралы келіссөздер жүргізілді. Резерват жері жергілікті билікпен келісім негізінде белгіленді, - деп жауап берді Қайрат Темірғалиұлы.

Резерват демекші, осы мәселе туралы айтылғанда «резерват болса, ендеше киіктің сол резерват аумағынан шықпауын, арнайы мекеме, киікті қадағалап жүрген кәсіби мамандар бар екен, солар киіктің шаруа қожалықтарының жеріне кірмеуін қамтамасыз ете алмай ма?» деген де сауал туындады.

- «Охотзоопром» РМҚК филиалының қызметкерлері киік тірлігін бақылайды. Бірақ киіктің артынан жүріп, шаруалардың жерін кіруіне тосқауыл бола алмайды. Құзыреттеріне де кірмейді. Мүмкін де емес, киік қасына үш шақырым да жақындатпайды. Оның басын қалай қайтарасың? Өзіңіз ойлап көріңізші, мың қойды бір бақташы бағады. Оңтүстік аудандарда «Охотзоопром» РМҚК-нің төрт инспекторлық тобы жұмыс жасайды. Таратып айтсам, 27 инспектор, 11 арнайы техника қарастырылған. Бір инспекторға екі-үш мың киіктен келеді екен. 200 мыңнан астам киікті олар қалай бағады? - деп жауап берді Қайрат Қадешев.

Қызу талқыға түскен мәселенің бірі – киіктің өлексесін жинау. Бұл мәселені аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов көтерді.

- Арнайы бағдарлама жоқ, қаржы, утилизация мәселесі де, техника да қарастырылмаған. Киік белгісіз бір дерттен өлсе, өлігі шіріп, шаң-тозаңмен, топырақпен таралуы,оның өлексесін жеген құзғын-қарға, кемірген тышқандар ауру көзі болуы ықтимал ғой. Осы мәселе қалай шешілмекші? – деп сұрады.

- Киік күйік кезінде құлайды. Өліп жатқандары баршылық. Бұл табиғи құбылыс. Киік өлексесі жиналып, өртеледі. Бұл жұмысты өзіміздің жігіттер орындайды. Жергілікті жерден ветеринар мен полиция инспекторын осы шараға қатыстырамыз. Олар тер төгіп, ештеңе жасамайды. Тек акт толтыру, қажетті құжаттарды ресімдеуге ғана керек. Осы жұмысты дер кезінде жете түсіндірмегенімізді мойындаймыз. Сіздерден ешқандай қаржы да, техника мен жұмыс күші де қажет етілмейді, - деп жауап берді мекеме басшысы Қайрат Қадешев.

Аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева:

- Киік мәселесі – ауылдағы ағайын үшін ушыққан тақырып болып отыр. Арыз-шағымдарын айтып, дабыл қағуда. «Бір шешім қабылдамаса, атпаймыз, баспаймыз, бірақ көлікпен киікті қуамыз» десіп жатыр. «Еститін үкімет» дейміз, биліктің қаншалықты халықтың айтарына құлақ асатыны осындай көрінеді ғой. Тиісті мекеме басшылар ел арасына келіп, осы мәселе бойынша түсінік жұмыстарын жүргізіп, сауалдарына жауап берсе, - деген ұсынысын айтты.

- Киіктің төлдер кезі, алда «құралай салқыны» бар. Буаз киікті қуып, обалына қалмас. Жақын күндері ел арасына барып, осы мәселе бойынша жұмыстанамыз, - деп жауап берді Қайрат Қадешев.

- Киік төлдер алдында атамекендеріне қоныс аударады дейсіз. Естуімізше, киіктің лағы бірер сағатта орнынан тұрып, екі күннен кейін қуса жеткізбей, көшке ілесіп кетеді екен. Көшкен киік төлдеген орнында қалып қоймайды, қайтып келеді. Киік Ресей ауып кетуі де мүмкін деп отырсыз. Ресей ауып кетсе, резерват жасап, мекеме құрып, қыруар қаржы шығындап, малды ауылға шығынға батырып, құрбандыққа баруымыз бекер емес пе?

Екінші мәселе, қуаңшылық бұған дейін де болған, бұдан кейін де болары анық. Бірақ былай қиналған жоқпыз. Бой көтерген шөпті киік отап, дұрыс шөп жинай алмадық. Күзге қоңсыз кірген мал қыстан шыға алмай, мал шығыны болуда. Киікке қарсы әрекет жасап жатқанымыз жоқ. Пәлесі бар деп. Қазір киік адамнан қашпайды, адам киіктен қашатын болады. Өре түрегеліп, басқа ауданға тағы көшіп кете алмаймыз. Ендеше мал баққан ағайынға компенсация төлеу жағын қарастыруға болмай ма? - деп сұрады аудандық мәслихат депутаты Бибігүл Жұмағұлова.

Облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева:

- Мәселені бір жақты қарауға болмайды. Шаруа қожалығы өз иелегіндегі малдың азық-түлігін өзі шешуі керек. Киік кедергі ме, тиісті жер аумағын қоршап алсын. Бір-бірімізден кінә, қиындыққа себеп іздесек, себеп жетіп артылады. Жер иемденіп алып, пайдаға жаратпай, не өзі игілігін көрмей, не өзгеге бермей отырғандарымыз қаншама? Үкімет осы кезге дейін ауылшаруашылығын, мал шаруашылығын дамытуға түрлі бағдарлама қарастырып, шаруаларға субсидия беріп, қолдап, демеп келді. Мұны ешкім өтірікке шығара алмас. Бірақ жер, суды пайдалануда пендешілікке салынып кететінімізді де бір кезек мойындауымыз керек. Кедергі келтіріп жатыр екен деп сирек кездесетін дала еркесін құрта алмаймыз. Бастысы, екі жаққа да тиімді жол табу, - деп түсіністікке шақырды.

Қоршау демекші, дала еркесіне ток қоршаудың өзі түкке тұрмайтын көрінеді. Ордалық шаруа Н.Ахметов пен бөрлілік И.Исағалиев «электропастух» деп аталатын ток қоршауда құрған екен. Нәтиже болмады деседі.

Онлайн шара киік мәселесі кезең-кезеңмен шешілуі керек деп түйінделді. Таласты жиынды қорытындылаған облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева шаруа қожалық иелерімен кездесіп, түсінік жұмыстарын жүргізуді, резерват құруды 2023 жылға қалдырмай, биылдан бастап қолға алуды, киік өлекселерін жою жұмыстарының алгоритмін қолға алуды, киік санағынан кейін нақты тиімді шешімдерді қабылдауды тапсырды.

 

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале