15.06.2023, 16:30
Оқылды: 53

Киік көп, амал жоқ

Қазақ өзіне жақын тұтып, аялап, кие тұтатын жануардың бірі – киік. Киіктер желге қарсы жүгірген жағдайда ғана төлдеуге қабілетті болады екен. Олардың төлдері аптап ыстыққа шыдамайды. Сол үшін жылда көктемнің үшінші айы – мамырдың аяғына қарай табиғаттың тылсым күшімен қатты суық жел тұрады. Киіктердің төлдеуі екі-үш күнге ғана созылады. Бір ғажабы, киік қанша көп болса да, «Құралайдың салқыны» кезеңінде төлдеп үлгереді. Одан әрі жаз толықтай күшіне енеді. «Құралай салқынының» тағы бір қызығы, етке сондай құмар дала жыртқышы – қасқыр дәл осы уақытта тәбеті қашып, етке жақындай алмай қалады екен. Яғни азуы босайтын көрінеді. Ал бұл сәтте киіктер төлдеп, құралайлары аяғынан тұрып кетеді. Алайда сайын даланың киесі әрі еркесі саналатын киік санының артуы бүгінде үлкен мәселеге айналды. Жайылым мен егістік алқаптарына жаудай тиген жануарлардан көресіні көрген шарасыз шаруалардың шағымы барған сайын артып барады.

ЖПК

Фото: Қайырбек Сариев

– Бүгінгі таңда киік саны көбейіп, жайылым тарылып отыр. Аудан көлемінде киік саны былтырғымен салыстырғанда біраз артты. Киікті қазақ киелі жануар деп есептейді. Дегенмен олар шаруаларға үлкен кедергі келтіріп отыр. Шаруашылық иелері көктем келісімен қызу шаруаға кіріседі. Ал олар жайлаудағы шабындықты жайпағанымен қоймай, енді көктей бастаған егінге түскен киіктерге қарсы амал жасай алмай отыр. Бұлай бола берсе, ала жаздайғы еңбек зая кететін түрі бар. Жуырда аудан әкімінің орынбасары Аян Халауединмен бірге округтерді аралап шықтық. Қазіргі кезде бүкіл округте киік өріп жүр. Оларды өз жерімізден қуудан басқа амал жоқ. Атуға болмайды. Жауапкершілікке тартылады. Осы бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілді. Айдап жіберсең, қайтып келеді. Егінді тапап жатыр. Былтыр шөп көп болды, шаруашылықтар мал азығын керек мөлшерде жинады. Биыл шөптің шығымы былтырмен салыстырғанда бәсеңдеу. Биіктігі аласа, жауын-шашын жоқ. Егінге қанша қаржы салынып жатыр. Ал киіктер бөгеттерге келіп су ішіп, су тапшылығын да жасауда. «Электр бақташы» сымымен қоршаудан пайда жоқ. Мал болса, кетіп қалар еді. Бұлар бәрін үзіп кетеді. Қазіргі кезде шаруашылықтар күніне екі-үш рет егіс алқаптарынан киіктерді қуады, – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Самиғолла Шүкіров.

Шаруашылық иелері бүгінгі таңда киіктің зиянын тартып отыр. «Өсімтал» шаруа қожалығының басшысы Сағынтай Жамансариевтің айтуынша, киіктер көбейіп, егіс алқаптарына түсуде.

«Біздің алқапта киік көп және олардың ешқайда кетпейтіні анық. Егіс алқаптарында мамыр айында 50-60-қа жуық киік болса, айдың ортасына қарай тез көбейіп, 250-дей басқа жетті. Бұл жануарлар бір орында тұрмайды. Егер егістіктен айдап қуып жіберсек, екі-үш күннен кейін қайтып оралады. Күнде ертемен алқаптарға келіп, бақылау жасаймын. Олармен күресу мүмкін емес. Тіпті алқаптарда төлдерін де көрдік. Олар осы жаққа бейімделіп алғанға ұқсайды. Егер төлдері болмаса, басқа жаққа кетер еді. Жиырмаға жуық құралай жүр. Осы жағдай бізге үлкен қиындық тудырып  отыр. Мәселені мемлекетпен бірлесе шешу керек деп ойлаймын. Қазір де киіктер егіс алқаптарында жүр. Кей кезде елу шақты болып, екіге бөлініп жүреді. Алқап қасында тоған бар. Соған жиналады», – дейді Сағынтай Жамансариев.

 Расымен де, төрт түліктің азығына ортақтасқан киіктер шаруашылық иелерін әбден әбігерге салған. Киелі жануар саны көбейген сайын қиындығы да артатынын олар жасырмады.

«Далада қазір киік көп. Мыңдап жүр десем, артық айтқаным емес. Былтыр қажет мөлшерде шөп жинап алдым. Биыл орақты әлі бастамадық. Шөпке түскеннен кейін белгілі болады. Бұлар даланың шөбін жегені ештеңе емес, жерді қазып кетеді. Олар таптап кеткен жерге шөп те дұрыс шықпайды», – дейді «Дәурен» шаруа қожалығының басшысы Дәурен Нұрмағамбетов.

Болат Бек,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале