17.08.2024, 14:30
Оқылды: 191

Киік мәселесі енді Мемлекет басшысына жетпек

Батыс Қазақстан облысының оңтүстіктегі төрт ауданы өңірдегі барлық мал басының жартысына жуығын құрайды. Алайда соңғы жылдары бұл аудандар мал басының көбеюіне және киік санының шамадан тыс артуына байланысты жайылым және шабындық мәселесімен бетпе-бет келуде. Бұған ауа райының қуаңшылығы қосылып, өңірдің ауыл шаруашылығы саласына айтарлықтай қауіп төндіріп, жердің тозуына әкелуде.

image-17-08-24-11-11-2

Осыған орай Жәнібек ауданына ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевпен бірге ҚР Парламенті Сенатының депутаты Арман Өтеғұлов, Қазақстан Республикасы Табиғи ресурстар және қоршаған орта министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев, ҚР Үкіметі аппаратының өңірлік инспекторы Руслан Кенжебеков, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов, «Охотзоопром» мекемесінің басшысы Арман Қожахметов, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының директоры Ұлан Мамырбаев, «Охотзоопром» басшысының орынбасары Талғат Кенжахметов келді.

image-17-08-24-11-11-7

Олар Қамысты ауылдық округінің аумағында Жәнібек, Бөкей Ордасы және Казталов аудандары шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездесті. Алдымен министр жиналған қауыммен амандық-саулық сұрасып, хал-жағдайларын білді.

- Қамысты ауылдық округінде 500 гектар суармалы жеріміз бар. Биылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасымен лизингке техникалар, жаңбырлатқыш машина алдық. Мал азығын дайындаймыз. Мына жерде сусорғы станса бар, Ресейден арна арқылы Еділ суы келеді. Жыл сайын Үкіметтен қаржы бөлініп, су арна арқылы көршілес Бөкей ордасы ауданының Мұратсай ауылдық округіне дейін барады, - деді алғаш болып сөз алған кәсіпкер Бауыржан Сабанов:

- Мен енді киіктің жайын жақсы білемін, өткенде осы жаққа келіп кеткен орынбасарым да айтты. Бұл жөнінде біз Ресеймен ресми түрде сөйлесеміз. Меморандумға қол қойып, киіктің көші-қон жолын ашуды қамтамасыз етуіміз керек. Біз Ресей ғалымының бір ғылыми зерттеу жұмысын тауып алдық. Ол да айтып жатыр, сөйтіп мұның бәрін өз тарапымыздан әзірлеп соларға береміз. Менің ойлап отырғаным, жаздың ыстығында киіктің бәрі бір жерде топырламай кетер еді. Міндетті түрде кетер еді.

Бұл жер – киіктің миллиондаған жыл бұрын жайылып жүрген жері. Бұлардың бір қасиеті аласұрып жүрмейді, мұның бәрі жайылымға байланысты, қысқы жайылым бір бөлек, көктеумен күздік бір бөлек. Бұл әсіресе, Бетпақдаладан белгілі, ол жақтың киіктері жаздай Қостанай аумағында, қыста Қызылорда жақта құмда жатады. Сол сияқты бұлар да ыссы болғанда әрі кетеді, төмен түседі. Бұл өзі өсімтал жануар. Мен киіктің мүйізін халықтың жинауына қарсымын. Өлген киікті жинайтын бір манипулятор артында қорабы бар, сондай бір тәсіл жасап, тазалап, мүйізін үкімет өзі алуы керек. Себебі оның төңірегінде қылмыс көбейеді. Сол себептен қазір заңға өзгеріс енгізуді жоспарлап отырмыз. Әрине, киіктің басын реттеу керек. Оны ғалымдар жасап жатыр. Бірақ мұны біз Президентке жеткізуге тиіспіз. Жақын арада мен Мемлекет басшысының қабылдауына кірмекшімін, алдымен Премьер-Министрге кіріп жағдайды баяндаймын, шешімді қабылдайтын Президент, бірақ айту менің парызым, уәде беремін. Өзімнің ұсынысымды, сіздердің көтерген мәселелеріңді жеткіземін, - деді Ерлан Нұралыұлы.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: кездесу барысында шаруа қожалықтарының жетекшілері мал жайылымы мен шабындық жерлердің тозып бара жатқаны, ақбөкендердің үйдің қасына дейін келіп, жайылатындығы, киіктің даладағы өлекселерін жинау, олардың жатқан жерлерін қазып тастайтыны, ақбөкеннің етін дайындайтын комбинат салу, мал етінің экспорты, тағы да басқа өздерін толғандырған өзекті мәселелерді көтерді. Әрине, эмоцияға берілгендер де болмай қалған жоқ. Осының бәрін сабырлы қалпында қабылдаған министр ешқайсысының сауалын жерде қалдырмай, тиісінше жауабын берді.

Шаруа қожалықтарының жетекшілері Ерлан Нұралыұлы өздерінің жағдайын, қандай зардап шегіп отырғандарын Президентке айтып, содан бір нақты нәтиже күтетіндеріне сенім білдірді.

Бұдан кейін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бастаған топ Жәнібек ауылының оңтүстік-батыс бетінде орналасқан стационарға барып, осында Ресейдің табиғат министрлігінен келген РФ Экология және табиғи ресурстар министрлігінің халықаралық ынтымақтастық және климаттық өзгерістер департаментінің директоры Иван Александрович Куш, РФ Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мемлекеттік саясат және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту саласын реттеу департаменті директорының орынбасары Мария Сергеевна Деревянко, РФ Экология және табиғи ресурстар министрлігінің халықаралық ынтымақтастық және климаттық өзгерістер департаментінің екіжақты ынтымақтастықты дамыту бөлімі бастығының орынбасары Наталья Васильевна Рощина, РФ Волгоград облыстық экология және орман шаруашылығы табиғи ресурстар комитеті төрағасының орынбасары Андрей Александрович Шалаев, Сергей Валентинович Сухов Саратов облысының аңшылық және балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары киік популяциясын сақтау мәселесі бойынша кездесу өткізді.

image-17-08-24-11-11-1

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов:

- Биылғы қуаңшылыққа байланысты шөп шығымының төмен болуы және киік санының шектен тыс көбеюі шаруа қожалықтарына, жалпы оңтүстік аудандардың тұрғындарына үлкен қиындықтар келтіруде. Сондықтан шаруа қожалықтарының басшылары ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевпен кездесу жөнінде ұсыныс білдірген болатын. Бүгін ол кісі келді. Мақсаты – оңтүстік аудандардың тауар өндірушілерімен көзбе-көз жолығып, мұң-мұқтаждарын тыңдау. Жалпы, байқап отырсаңыздар, «Охотзоопром» мекемесінің инспекторларының тікелей міндеті киіктерді қорғау болса, биылдан бастап, функционалдық міндеттеріне қосымша егістікті, екпе шөптерді киіктерден қорғау кіріп жатыр. Әрине, бұл ретте инспекторлар мен техникалардың жетіспеушілігі байқалады. Алдағы уақытта олардың саны көбейетін болады. Сонымен бірге киіктерді де, егістікті де қорғау жұмыстары жалғасады. Шаруалардың сұрақтарына жауап берілді. Киік саны көбейген сайын оны реттеу де қажет етіледі. Киік мәселесі туралы министр шаруаларға Премьер-министр мен Президентке кіретіні туралы уәдесін берді. Енді әрі қарай қандай шешім қабылданады, оны уақыт көрсетеді. Сондай-ақ Ресейден келген әріптестерімізбен үлкен кездесу болып, киіктердің екіжақты көші-қон жолын кедергісіз жасауға, яғни «экодәліз» ашу жөнінде әңгіме өрбіді. Бірлескен келісім жасалды. Екі елдің арасындағы осындай ауқымды, нәтижелі кеңестің қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданады деп есептеймін.

Асқар Құсайынов,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале