7.08.2023, 17:30
Оқылды: 199

Киік – пайдалы жануар, бірақ...

Осы күні киік туралы шаруа қожалығы жетекшілерінен бастап, ауданда, облыста басшылық қызметте болған, елдің жағдайын жетік білетін Лавр Хайретдинов, Табылғали Сапаров сияқты азаматтар да баспасөз арқылы өз ойын ортаға салып жүр. Өзім Тасқала ауданының ең шеткі ауылы Ақжайық, Казталов аудандарымен шектесетін елді мекен Оян ауылдық округінің Арамқуырдақ ауылында өстім.

ЖПК

Фотоға түсірген: Қайырған Сариев

Өткен ғасырдың 50-жылдары басында біздің жерімізде киік көп болды. Ол уақытта бөгеттер, арналар жоқ болатын. Киіктер әрбір мал қыстағын жағалап, мал суарғаннан кейін астауда қалған суды ішіп жүрді. Түнде ауылдан 1-2 шақырымдай жерге түнейтін. Таңертең қой сияқты шулап, маңырап жататын. Сонда бұлар ауыл маңын тақырлап жеп қояды екен. Лавр Хайретдинов мақаласында: «Жайылымдарды, шабындықтарды киік отап кетсе, ештеңе қалмайды. Күзде қоңданбай, арықтұрақ күйінде қысқа кірсе, қоянның қаһарына шыдай ала ма? Өткенге көз жүгіртсек, қоянның қысының оңай болған кезі жоқ. Мен сары уайымды соғып, қара аспанды төндіріп отырған жоқпын. 1951-1952, 1963-1964 жылдардағы жұттардың қайталанбасына кім кепілдік береді?» депті.

Өте орынды айтылған сөз. Мен 1951-1952 оқу жылында алтыншы класта оқитын едім. Ағам Зайт Ахметов осы фермада мал дәрігері болған соң қыстақтарды аралап жүретін. Демалыс күндері ілесіп бірге баратын едім. Бір күні Көкшат деген қыстаққа бардық. Уақыт наурыз айының іші болар деймін. Күн ашық, жылы. Шашында шөпті мол етіп шашып тастаған, бірақ қойлар өліп жатыр. Бірқатары өлейін деп жатыр. Бәрінің аузында шөп бар. Жеп жатып өлген. Сонда «Мына қойлар аш емес, неге өліп жатыр?» деп ойлап едім. Оның себепшісі киіктер болған екен. Қазір де киіктің зияны тиіп отыр. Шөп шабуда жүрген азаматтар биыл пішеннің шығымы аз, киіктер жайылып әрі шұбырып жол салып, тапап тастағанын айтады. Баспасөздегі мәліметтерге қарасақ, облысымызда киік саны екі миллионнан асып кеткен. Және жыл сайын 30% көбейеді екен. Оларды басқа жаққа айдап жіберуге немесе бір жерде ұстап тұруға болмайды. Қалай болса да, ақбөкендер санын азайту керек. 1980 жылдары киік еті ет базарында еркін сатылды. Қоғамдық тамақтандыру орындарында киік еті пайдаланылды. Оның пайдасын халық көруі керек. Ол үшін аудан басшыларына рұқсат беріп, сол жердегі киікті аулату қажет. Ал оның етін саттыра ма, көпбалалы үйлерге тегін бере ме, ет қабылдау орындарына тапсыра ма, өздері білсін. Киік етінен түскен пайда оларды аулауға кеткен шығынды толтыра алады деп ойлаймын. Бұрында аталарымыз киік етін жылқы етіне теңеген. Соған қарағанда киік еті сапалы, жұғымды болып тұр. Қалай дегенде де, киік санын азайтқан дұрыс және оны халықтың қажетіне жаратқан жөн-ау. 1950 жылдары біздің Сталин атындағы ұжымшарымыз шөп шабатын техникаларды Семиглавый Мар МТС-нан жалға алатын. Механизаторлар – өзіміздің ауыл азаматтары. Трактор бригадасының бригадирі Қуан аға Ерікбаев болатын. Бригадада жиырмаға жуық адам еңбек етті. Өзім де басқа оқушылармен бірге тракторға тіркеуші болып жұмыс істедім. Бұл соғыстан кейінгі ел тұрмысының оңала қоймаған кезі еді. Орталықта көк сүттен ұйытқан айранды 10-15 шақырым жердегі бригадаға түйе арбамен тасып әкелетін. Осы кезде Қуан ағаның «ИЖ49» деген мотоциклі болды. Ол осы мотоциклімен топ киіктің ішінен таңдап, бір текені бөліп алып бригадаға айдап келетін. Сөйтіп, бригаданы жаздай етсіз қалдырмады. Айтқым келгені, дұрыс қажетке жаратса, киік – пайдалы жануар. Елімізде киік аулауға тыйым салынған. Бірақ халыққа зияны тиіп тұр. Бұрында үлкендерді талап, балаларды жеп жатқан бұралқы иттерді атуға болмайды деген заң шығарушылар киіктің ауыл шаруашылығына зияны тиіп тұр, олардың санын азайту керек деп жақын күндерде заң шығарып бермейтіні анық. Сондықтан облыс басшысы өзі қолға алып, ауылдағы мал өсірушілерден арыз ала ма, әлде басқалай жолын таба ма, киік санын азайтатын шешім шығарса, жақсы болар еді. Әйтпесе киіктен келер кесел күн санап артып барады.

Өтеген Ахметов,

зейнеткер, еңбек ардагері

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале