Мамыр айында киіктер шөпті жеп, тапап, бәрін құртып кетті. Осы маңда 15-20 күн жатты, төлдеді. Қазіргі таңда мал азығына шабатын шөп жоқ. Тіпті қыста жылқыға тебіндейтін де шөп болмайын деп тұр. Мал азығын тіпті жинай алмай отырмыз. Биыл шабындық жоқ. Іскірттерімді толтыра алмадық. Басында 400 руллон шамасында жинадық.
Шаба берсең, мал жайылатын шөп болмай қалады деп тоқтаттық. Оның үстіне күн ыстық болды. Жаңбыр жауған жоқ. Менің алты мың гектар жерім бар. Соның бәрінде киік жатты, жайылды, тапады. Сатып алатын адам болса, мал санын 50 пайызға азайту керек болып тұр. Биыл жағдай өте күрделі. Өткенде Астана, Ұлыбританиядан сарапшылар келді. Жағдайды көздерімен көрді. Ана қожалық, мына қожалық деп айтпай-ақ қояйын. Дегенмен мал өсіріп отырған, киіктен зардап шеккен шаруалардың мал басына қарап, мал азығына субсидия төленсе екен деймін.
Былтыр бір руллон шөптің бағасы 5-6 мың болса, биыл 7-8 мыңға баратын шығар деп отырмын. Соңғы кездері полигонның жеріне су жеткізіп, киікті бұрынғы мекеніне тұрақтандыру, жыл сайын ақбөкеннің санын реттеп отыру мәселесі жиі айтылып жүр. Өз басым, осы шешімдерді қолдаймын. Сонда ғана мал өсірген шаруаларға оңтайлы жағдай тумақ.
Биболат Шагиров,
«Хасен» шаруа қожалығының жетекшісі
Жәнібек ауданы