26.04.2023, 1:20
Оқылды: 97

Киіктің негізгі мекені – Жаңақала өңірі

Қоршаған ортаның экологиялық табиғи теңдігін қалыптастыруда киіктің маңызы зор. Су іздеген даланың еркін өскен тағысы  шаруалар суатына баруы, қала берді мал жайылымын отап кетуі үлкен мәселеге айналғаны да жасырын емес. Дегенмен Жаңақала өңірі - киіктің дәстүрлі мекені болғанын жоққа шығара алмаймыз. Сөзіміз дәлелді болу үшін 1991-1998 жылдары "ОхотЗооПром" мемлекеттік-қазыналық өндірістік бірлестігіне қарасты Орал мемлекеттік аңшылық кәсіпшілік шаруашылығы директоры қызметін атқарған Тыныштық Өтешқалиевпен тілдесуді жөн көрдік.

tStePAnE

Суреттің дереккөзі: inbusiness.kz

- Киік – бұдан бірнеше жылдар бұрын Еділ, Жайық аралықтарындағы жазықтықтарда мекендеген жануар. Табиғи отаны – облысымыздың, соның ішінде Жаңақала ауданы, оның ежелгі жатағы Қамыс-Самар көлдерімен, Бекетай, Нарын құмының шектесетін жерлері, сорлары мен көлдері. Сонымен қатар Көпжасар ауылының шығысына қарай Саралжын, Аққұдық, Көктау, Қаралыат, Бура сорлары, Балсары терегі маңы, Қосшыңырау елді мекені, Тұрдығұл, Балтай, Киікқұдық, Жантемір және  Бағырлай су арнасы бойында мекендеп, көбейді. Бұл жерлер – киіктің мыңдаған жылдар бойғы мекені. Бұл орайда  Жаңақазан, Жаңажол, Мәстексай, Қызылоба мен Бірлікте табиғи отаны болды. Бұны кейінгі ұрпақтар білмеуі де мүмкін. Бұған айқын дәлел осы жерлерге киіктің көп шоғырлануына байланысты  1974 жылы Ақтөбе аңшылық кәсіпшілік шаруашылығы Мәстексай ауылы маңындағы Қараөзен бойынан киік аулау, оның өнімдерін сараптау мақсатында учаскелік база ашып, арнайы жасақтандырылған 12 киік ату бригадасын  құрды. Жылына 40-50 мың киік ауланып, халықты етімен қамтамасыз еткен күндердің куәсі болдым. Осы үрдіспен бұл база 10 жыл жұмыс жасады. Ол кезде Қамыс-Самар көлінің арнасы  судан толып тұрды. Жайылымы жайлы болғаннан кейін өсіп-өнді. Ал 1990 жылдардан бастап киік саны күрт азайды. Оған бірнеше факторлар әсер етті. 1999 жылдан бастап киікті аулауға тыйым салынды. Енді өзінің тарихи мекеніне қайтарып, дамыту үшін Қамыс-Самар көлін суландырса, жануарлар дүниесін жандандыруға әбден болар еді. Малға да, жанға да жайлы болары сөзсіз. Кеуіп қалған өзен өзектеріне, табиғи жыраларға, оның ішінде Майкөп, Бошабай, Нәрік, Мұстафа, Мырзатай өзендеріне су келтірсе, шартты мал өсіруге де мүмкіндік аламыз. Табиғат өзінің ежелгі біртұтас табиғи арнасына түсіп, тұрақты экологиялық жағдай қалыптасар еді, - дейді ауданымыздың өлкетанушысы Тыныштық ағамыз.

"Қырында киік жайлаған, суында балық ойнаған" деп Асан Қайғы бабамыз жырлағандай, даланың еркесімен бірге су келсе,  мамыражай тірлік орнайды деген үміт те жоқ емес.

Зара Жардемова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz  

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале