6.08.2023, 2:17
Оқылды: 55

«Киіктің санын реттемей, мәселе шешілмейді»

Бүгін Казталов ауданына іссапармен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Respublica» саяси партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров және «Respublica» саяси партиясының өкілдері келіп, жалпы өңірімізге, ауданымызға қатысты бірқатар мәселелермен танысты.

IMG20230805151445

Қонақтарды ауданымыздың шекарасынан қарсылап алған Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов Талдыапан ауылдық округіндегі «Ет индустриясы» мал бордақылау алаңына бастап барды. «Respublica» саяси партиясының мүшелері мал бордақылау алаңының жұмысымен танысып, кейбір түйткілді мәселелерді назарларына алды.

IMG-20230805-WA0050

Сонымен қатар мәжіліс депутаты бастаған топ ауданымызда киіктер көп шоғырланған Бірік, Тереңкөл ауылдық округтері аумағын аралап, ақбөкендердің табиғи миграциясымен танысты. Осы жерде бізге сұхбат берген Айдарбек Асанұлы: - Біз партиямыздың «Өңірлерді аралау» бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысына келіп, сапарымыз барысында бірқатар өндіріс нысандарының жұмысымен таныстық. Сол жерлердегі туындап отырған кедергілерді байқадық. Мұнымен қоса Орал популяциясына жататын ақбөкендер ареалын көрдік. Қазіргі күнде киіктердің саны шамадан тыс көбейген. Соның салдарынан жергілікті шаруалар мен тұрғындар зардап шегуде. Ақбөкендер шаруашылықтардың жайылымдары мен шабындықтарын жеп, сол аумақтағы су көздерінің тартылуына себепкер болуда. Ақбөкендердің табиғи миграциясы кезінде республикалық, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын кесіп өтіп, автокөліктермен соғылысу фактілері орын алуда. Соның салдарына жолда жүрген жолаушылар өміріне қауіп туып жатыр. Киіктерден туындайтын тағы да бір мәселе – олардан тарайтын түрлі аурулар. Егер, киіктен тарайтын қандайда бір ауру төрт түлік малға жұғатын болса, өңірде аппатты жағдай орын алу мүмкін. Негізі киктің санын реттемей, мәселе шешілмейді. Біздің мақсатымыз – киікке биологиялық бақылау жүргізіп, санын реттеу. Алдағы уақытта партиямыз тарапынан осы мәселені оңтайлы шешу жолында жұмыстанатын боламыз, - деді.

WhatsApp Image 2023-08-06 at 00.14.23

Расында біздің өңірімізде киіктің белгіленген нормадан артық болуы жоғарыда айтылған мәселелердің туындауын себеп болып отыр. Ауданымызға арнайы келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты мен оның партияластары осы мәселенің оң бағытта шешілуіне атсалысады деген үміттеміз.

Нұр Рахман,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале