Бүгін аудан әкімдігінде облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Б.Атауовтың қатысуымен жиын өтті.
Жиынға төрағалық еткен аудан әкімі Тимур Шиниязов облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері ауданымызға іссапармен келіп, аудандық қоғамдық кеңестің мүшелерімен кездесуді жоспарлағанын айтып, келген қонақтарды таныстырды.
Сонымен, басқосуға облыстық қоғамдық кеңестің қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және жастар мәселесі бойынша комиссиясының төрағасы Элгун Джаналиев, аталмыш кеңестің тұрғындардың әлеуметтік мәселелері бойынша комиссиясының төрағасы Нұрлан Сәдір, құқыққорғау органдарымен ынтымақтастық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиясының төрағасы Манарбек Ғабдуллин, қоғамдық кеңестің хатшысы Аңсар Неғметуллин, сондай-ақ аудандық мәслихаттың төрағасы Т.Қадимов, аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері мен ауыл әкімдері қатысты.

-Облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері қарапайым халықтың арасында, елдің ортасында жүрген танымал азаматтар, осы азаматтармен жұмысымызды бастап жатырмыз. Қоғамдық кеңес мүшелерінің атқаратын қызметтеріне, мамандықтарына байланысты бес комиссия құрылды. Бос жүргеннен гөрі, жұмысымызды нақты іспен атқарайық деген ұстаныммен жүрген адамдармыз. Жалпы, өмір болған соң мәселе көп қой, солай болуы да керек шығар. Осыған орай оңтүстіктегі төрт ауданға шығып, елмен танысып, айтылған мәселелерді қаперге алып, тиісті органдарға жеткізейік деген мақсатта сапарға шықтық. Сіздерде де қоғамдық кеңестің жаңа құрамы жасақталды, сол себепті өздеріңізбен танысып, байланыс орнатайық, бірлесіп жұмыс жасайық деген ниетпен жүрміз. Казталовтықтар киік мәселесін көтеріп жатыр, ондай қиындықтар бар, естіп жүрміз, жолай көріп келе жатырмыз. Ақбөкендер отарымен жүр.

Облысымызға наурыз айында келген ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевқа біздің өңірде малға да, жанға да қатты батып тұрған жағдай, күйіп тұрған киік мәселесі екенін айттым. Мал жайылатын жер, шабылатын шөп қалған жоқ. Болашақта киіктің саны көбейе берсе, басқа бір жағдайларға апарады. Біздің оңтүстік өңірдегі Казталов, Жаңақала, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарында тұрғындар тарыдай шашылып жатқан киік өлекселерінің мүйізіне қызығып, пендешілікке барады. Соны үйіне не сарайына жинап қойған немесе тиын-тебенге сатқан адамдар жеті жылға бас бостандығынан айырылып, миллиардтап айыппұл төлеуге мәжбүр болып отыр. Ал Манарбек Серікболұлының ақпаратына сүйенсек, тоғыз жүз адам түрмеде жатыр. Олардың артында қанша бала, қанша отбасы жетім өсіп жатыр. Қаңтардың басында Парламент Мәжілісінің депутаттарына жұмыс бабымен кірдім. Олар осы мәселеге қатысты заң бірінші оқылымнан өтті, енді екінші оқылымнан өтеді. Сосын сіздің көтеріп отырған мәселеңіз шешіледі дегеніне үш айдан астам уақыт өтті. Жаңа жолда келе жатқанда жақсы хабар естіп жатырмыз. Депутат Абзал Құспанның көмекшісі Нұрлан Сәдірұлының айтуынша, мамырдың ортасынан қалмай заң қабылданса, бас бостандығынан айырылған тоғыз жүз адам бостандыққа шықпақ. Бостандыққа шыққанда қылмыстың ауырлығы тексеріледі. Айыппұлдары алынып тасталады деген хабар бар. Елге келгесін сіздердің ойларыңызды, көкейлеріңіздегі мәселелерді тыңдағымыз келеді, - деді алғашқы болып сөз Бауыржан Аяпбергенұлы.
-Жәнібек ауданындағы ең үлкен мәселе киік болып тұр. Қазір олар Жақсыбай, Борсы, Талов ауылдық округтеріне төлдеуге барды. Киіктің шеті мен шегі жоқ. Мына бағытпен қайда барамыз. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан біреуі келіп жағдайымызды біліп жатқан жоқ, ешкім ақпарат сұрамайды. Мынаумен қалай мал асырайтынымызды білмейміз. Ертең халықтың бәрі көшіп кететін болса, ауданда ешкім қалмайды. Былтыр аудан бойынша төтенше жағдай жарияланып, шөппен көмектесті, биыл мынандай жағдай, көмек те, ештеңе де болмайды. Халықтың бәрі малын сатып, жан-жаққа тозып кетеді ғой. Мен осы мәселені министрлермен кездескенде айттым. Егер мәселе шешілмейтін болса, онда киікті бөліп берсін, бәріміз соны бағайық, - деді өз сөзінде аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ескендір Елемесов.

Жиында сондай-ақ аудандық мәслихаттың төрағасы Тахир Қадимов, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрман Түменов, Борсы ауылдық округінің әкімі Зинхар Бақтығалиев, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, Тау ауылдық округіндегі «Сұңғат» шаруа қожалығының жетекшісі Таңат Сариев сөз сөйледі.
Жиынды аудан әкімі Тимур Серікұлы қорытындылады.
Асқар Құсайынов,
Жәнібек ауданы