21.02.2018, 15:24
Оқылды: 128

Киіз басуды ұмыттық...  

 

Бүгінгі заманның жастарын айтпағанның өзінде, салиқалы жастағы әйелдердің өзі киіз басудың тәсілін, яки технологиясын айтпақ түгілі, күзем жүн, ою-өрнек, шидің өзі не екендігін білмейтіні қынжылтады.

 Осы тұрғыда Жымпиты  ауы­лының тұрғыны, зейнеткер Гүлпан Хамзинаның өз айтары бар.

– Оқушы кезімнен ауыл­дағы апа-әжелермен бірге киіз басуға қатыстым. Бертін ке­ле бұл кәсіпті жүйелі түрде қолға алдық. Жосалы ауылының Әзтөбе елді мекенінде тұрғанда марқұм енем Үміт және Ырыс­ты апаймен киіз басуға, ою-өрнектер салуға жете мән беріп, іске араластым. Киіз басу өнері еліміздің оңтүстік облыстарында, Қаратөбе ауданының Қоскөл ауылында, Сы­рым ауданының Алғабас ауылында өз маңыздылығын жоғалтпай келе жатқаны қуантады. Әйт­се де, көпті көре қалған ата-әжелер жастарға, келіндерге қазақы ұлттық құндылығымыз­ды ұмытпауды, киіз басу, қамшы өру, байпақ басуды қол­ға алу жөнінде алқалы топтарда әңгімелеп отыр­са, мұның өзі үлкен іс болған болар еді, – дейді Гүлпан апа.

Осы тұрғыда қол­өнер шебері, зейнеткер Дәмелі Құсайынқызының қолынан шыққан текемет­тердің Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұража­йында сақтаулы тұрғандығы батыс­қазақ­стандықтар үшін ортақ мерей болса керек.

Жалпы, сапалы киіз басудың өзіндік әдіс-тәсілі бар. Үлкендердің айтуынша, киіз тебу уақыты екі са­ғаттан үш сағатқа дейін созылатындығын, ал киіз неғұрлым көп тебілсе, соғұрлым тығыз, тегіс, әдемі шығатындығы, ал бұл деңгейден төмен болса, киіз былжыр, бос шығатындығын, ал оның ырымға жаман екендігін естуші едік.

Сөз соңында ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылығымыз киіз басуды жан­дандырып, Наурыз тойында текеметті қолдануға мән берілсе дейміз. Үйдің сәні әрі жылылық сыйлайтын бағалы бұ­йымды қайта жаңғыртсақ, қазақы дәстүрді қадірлей біл­геніміз болар еді. Қойдың жүнін де кәдеге асырып, киіз басу­ға ынта білдірушілерді қолдап, іске мұрындық бола білетіндер та­былып жатса, жүдә, керім. Не­гізі, қысы суық біздің жақтың халқы киізден жылы төсеніш, киіз байпақтан бетер жылы аяқ киім жоқ екен- дігін ұмытпағаны ләзім.

Мүсірбек АЙТАШЕВ,

Сырым ауданы

16997822_199538680529466_4802975410405671082_n

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале