10.03.2024, 13:00
Оқылды: 57

Кілем жуу да кәсіп

Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасының шағын бизнесті дамыту бөлімі бойынша жеңілдетілген несие алған кәсіпкерлердің бірі – Талшын Қаракөзова. Бәйтерек ауданы, Байқоныс ауылында тұратын ол аталмыш бағдарлама аясында 4 млн теңгеге қол жеткізген. Сөйтіп отбасымен кілем тазалау жұмысын бастапты.

IMG-20240309-WA0155

-Біздің Оралдан осында қоныс аударғанымызға көп уақыт болған жоқ. Жалпы кілем жуу кәсібін қолға аламыз деп те ойлаған емеспіз. Бір танысымыз осындай кәсіпті бастауға кеңес берген соң, жолдасым екеуміз ақылдаса келе тәуекел деп кіріскен едік. Гараж ретінде салып жатқан ғимаратымыз кілем жуатын орынға айналды. Сөйтіп былтыр мамырда кәсібімізді бастап кеттік. «Ауыл аманаты» аясында берілген несиеге алынған қажетті құрал-жабдықтар тамызда келді. Осынау құрылғылар келгеннен соң жұмыс қарқыны артты. Мысалы, центрифуга бес минуттың ішінде кілемді жақсылап сығып берсе, ротор құрылғысы кілемнің кебуін тездететі. Осылайша біз жаз уақытында күніне 20-25 кілемді тазаладық. Байқоныста және осы маңдағы ауылдарда тұратындардың, оралдықтардың тапсырысын орындап келеміз. Кілемді әр үйден өзіміз алып кетіп, апарып тастаймыз. Шүкір табыс жаман емес. Өткен жазда айына орта есеппен 500-600 мың теңгедей таза пайда көрдік,-дейді кәсіпкер келіншек.

IMG-20240309-WA0157

Шағын кәсіпкерлікке ден қойған отбасы екі адамды  жұмыспен қамтып отыр. Оларға жалақы атқарылған жұмыс көлеміне байланысты төленеді. Мысалы, жазғы уақытта орта есеппен әрқайсына 150-160 мың теңгедей еңбекақы берілген. Алдағы уақытта тапсырыс көбейсе, жұмысшылар саны артпақшы. Соған орай ауласында кілем тазалауға арналған тағы бір ғимарат салынуда.

IMG-20240309-WA0156

Қазіргі таңда мұндағы басты мәселе – көлік. Осыған дейін олар кілемді өздерінің жеңіл көлігімен тасымалдаған екен. Енді «Газель» секілді үлкен көлік алғысы келеді. Сөйтіп жазға салым Ақжайық сияқты қалаға жақын аудандарға қарай шығып, ол жақтағы тұрғындардан да тапсырыс қабылдауды жоспарлап отыр. «Біз секілді кәсібін енді бастап жатқан жандарға «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігі көп,-дейді Талшын Қаракөзова.- Мөлшерлемесі аз әрі үш айда бір төленеді. Сол себепті ауыл тұрғындары осындай мүмкіндікті жіберемесе екен деймін».

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

Байқоныс ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале