Балалардың кітап оқуын қолдау жылы аясында мектеп жасындағы өскіндерді телефонға тәуелділіктен алыстатып, оқуға баулу үшін ересектердің өзі де кітап оқуды үлгі етіп алса, ертегі тыңдамай ұйықтамайтын бүлдіршіндер саны артары кәдік. Алдымен үлкендердің көзбояушылық жасап, мұқабасын жылтылдатып, әлеуметтік желіге жариялау емес, шығармалар арқылы өскелең ұрпақты кітапқұмарлыққа тәрбиелеуі керек екенін көзі қарақты оқырман түсінер дейміз. Биыл ғана жаңа ғимаратқа қоныс аударған Тасқала аудандық кітапхана меңгерушісі Светлана Киреева мен орталықтандырылған кітапхана жүйесінің библиографы Шолпан Латиеваның алдыма жайып салған жаңа кітаптар тізімін саралап, көңіл құлаған шығармаларды бір шолып өттім.
Өткен 2020 жылы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығында кітап сөрелері ақынның біршама шығармаларымен толықты. Абай шығармаларының академиялық толық жинағы қазақ тілімен бірге орыс, ағылшын тілдеріне де аударылып, он томдық боп шыққан кітаптың «Хикмет» деп аталатын 4-ші томында «Әр жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаннан күл, ызалы күлкі – өзі де қайғы» деген қара сөзі назар аудартты. Соңына орыс және ағылшын тілдеріндегі аудармалары қоса берілген. Мәселен, Абайдың «Қалайша сен бір өзіңнен, яғни адамнан басқа да ақыл жоқ деп ойлайсың? Адамның денесі өзің жүрген жердің бір құмына ұқсас емес пе? Денеңде болғандымдар жердегі сулардың бір тамшысындай емес пе?» деген қара сөзі орыстың ХХ ғасырдағы ұлы ақындарының бірі Юрий Кузнецовтың аудармасымен: «Как ты можешь думать, что кроме тебя, человека, никто не обладает разумом? Разве не напоминает человеческое тело крупицу земли по которой он ходит? Разве влага твоего тела не капля всей земной влаги?» боп үйлесімді үндескен. Халықаралық «Абай» клубы ақынның інжу-маржанға толы шығармаларын қазақ, орыс, ағылшын, француз, неміс тілдерінде жарыққа шығарып, Абай әлемінің өміршеңдігінің көрінісін дүйім жұртқа паш еткені соның бір көрінісі. Абайдың бұл жинаққа енген неміс тіліндегі аудармаларын белгілі аудармашы, баспагер Лео Хошут аударғанын оқырманның есіне салып қоюды жөн көрдік. Абайдың философиялық ішкі иірімдерін аудармашылар, әлбетте, қазақ даласының кемеңгер ойшылы көтеріп отырған адамиқұқықтық, рухани ой-толғамдарын алдымен өздері зерделеп, Абай әлемінің тынысын өз тілдерінде жеткізген. Жоғарыдағы мысал келтірілген қара сөздерден топтасқан 3-ші томның «Ғақлия» бөлімінде де Абайдың қанша оқысаң да, шөлің қанбайтын терең философиясы өз тұнығымен, өткір ойларымен оқырманын өз әлеміне тарта түседі. Бұл жерде өзге тілді оқырман үшін аударманың бағы басым екені айтпаса да түсінікті.
Тағы бір қолыма түскен жаңа шығарма – Жақыпбек Алтаевтың «Сардар» баспасынан 2020 жылы жарыққа шыққан «Әл-Фараби және заманауи Қазақстан философиясы» атты зерттеу кітабы. Бұл толымды еңбектің 1.4 тарауында әл-Фарабидің әлеуметтік философиясы – Жаратушы мен оның артықша жаратқан пендесі – инсан арасындағы үйлесімділікті, Адам ата мен Хауа ана ұрпақтары бақытты ғұмыр кешетін кәміл қоғам мен азаматтық құрылымды іздеуге негізделетіні жайында тереңірек қамтылған дүние оқырманын қызықтырады. Автор Фарабидің шығармаларын зерделей келе оның ұлылық пен ерекше көз тартарлық сұлу дүниені, адам бойындағы табиғатпен үндес артықшылық пен құдіреттілік сынды кемелділікке жетелейтін заттардың айқын көрінісі екенін, ұлы ойшыл шығармаларының өзектілігі өткір, танымдық философиясы терең екенін ашып көрсетуді мақсат тұтады. Автор Фараби пәлсапасын жанжақты зерттеп, оқырманға тарту еткен. Ізденіске толы шығарманың тілі жатық. Оқырманға күрделі саналмайды. Сонымен бірге Ж.Алтаевтың «Әл-Фараби – Шығыстың ұлы ойшылы» – «Әл-Фараби – Великий мыслитель востока» атты орыс тіліндегі аудармасын да оқи аласыз.
Менің назарымды тағы бір аудартқан дүние, ол – жерлесіміз Дариға Мұштанованың «Әз ғұмыр» кітабы. Орал қаласындағы «Шұғыла Принт» баспасынан 2019 жылы оқырманға жол тартқан бұл туындының алғы сөзін Қазақстанның құрметті журналисі Тихон Әліпқали жазған екен. Көркем туындыда күй Тәңірі атанған Құрманғазы Сағырбаевтың өмірі, күйшілік құдіреті шығармаға арқау болған. Қазақтың күй әлемі жайында тереңірек білгіңіз келсе, Дариға апамыздың осы туындысын оқуға кеңес беремін.
Алматы қаласындағы «Азия арна» баспасынан ағымдағы жылы жарық көрген Ермек Дайырбайдың «Көкжиегімнің көктемі» атты пышақтың қырындай өлеңдер жинағында автордың балаң жырлары топтастырылған. Кітапшаның бірінші бөліміндегі тақырыпша «Беу, құдіреті күшті бір Құдай...» деп аталады.
Ермек:
Қаңғыған қамсызбыз,
Қанағат етері бар ғана.
Құдіретсіз қоғамның құлымыз
Бұл өмір тым арзан жарнама, - деп мұңаяды.
«Ғашықтық оты дертпен тең» атты өлеңінде:
Өңің сынық,
Санаң толған сары мұң.
Неге сонша қапаланып налыдың?!
Жанарыңнан тамып кеткен тамшыдан,
Махабаттың машахатын таныдым.
Серттен аттап кете алмадың сен,
Мүмкін,
Бұзбайын деп әдептілік қалыбын, - деп белгісіз жанғаназ айтады. Автордың әлі қанаты қатаймаған балауыз жырлары сүйіспеншілік, махаббат, иман төңірегінде ой қозғап, айналып келгенде бір Тәңірге ғана сену керек деген ойға жетелейді. Өлең өлкесінен өз сүрлеуін тапқысы келген талпынысы да өлең ырғағында назар аудартпай қоймайды. Жүрегі жырға толы, поэзияны жанына жақын тартатын жасөспірімдерге оқуға кеңес береміз.
Жаңа кітаптарды шолып шыққан Гүлнар Тасболатқызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz