27.07.2022, 13:00
Оқылды: 88

Қимыл ширақ, өнімділік жоғары

Сырым ауданында бүгінде қайнаған жұмыс. Соңғы 4-5 жылда болмаған шөп шығымдылығы пішенші механизаторларды білек сыбана іске кірісуге шақырып тұр.

1658741043502

Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев әдеттегідей әріптестері – аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Усағалиев, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Арман Тоқтаровпен бірге Бұлан және Қособа ауылдық округтеріндегі қырлық, көлдіктегі шабындықтың жағдайымен танысты.

Шөп шабу науқаны өз күшіне енгеннен бері аудан әкімі Төлеген Төреғалиев шөп дайындаушылардың  ортасында  болып, жұмыс барысын қадағалап, олардың ұсыныс, пікірлерін тыңдауда. Аудан басшысы пішеншілермен, шаруа жетекшілерімен жүздескенде шөптің шығымдылығын сұрап, тұрғындарға сатылымға шығарылатын шөптің құнын өсірмеуді, өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауды тапсыруда.

1658741043547

Міне, осындай жүздесу, пікірлесудің нәтижесінде қожалық басшылары тарапынан межелі жерге жеткізіліп беретін бір бума шөптің құны 5000 теңгеден болса, арнайы техникасымен қожалыққа келіп алушыларға бір бума шөптің  құны 3000-3500 теңгеден сатылуда. Осындай еңбек ырғағы Бұлан ауылдық округінде көрініс тапқан. Ауылдық округ әкімі Мұрат Әділгереевтің айтуынша, округтегі шөп шабу науқаны қарқынды. Мәселен, «Бұлан» шаруа қожалығындағы  шаруашылық  жөніндегі орынбасары Мақсот Досалиевтың басшылығымен қолға алынған науқанды жұмысқа бес трактор, шөп буатын, оратын техникалар қатысуда.

Шүкір, көлдік, қырлық шабындықтарға шөп қалың да бітік шықты. Мұның өзі көңілімізді көтеріп, ертеңгі күнге деген сенімділікті нығайтып отыр. Өткен жылғы кездескен шөптен тапшылық көру, көршілес өңірлерден шөп тасымалдау енді болмайды. Осыған қуанып отырмыз. Бұйыртса, қожалықтағы малдарға 3500 дана бума шөп дайындалмақ. Ал, 1000-1500 дана бума шөптің әр бумасын 4000-4500 теңгеден округтің  тұрғындарына сатылымға шығрамыз,- дейді Мақсот Досалиев.

4

Аталмыш округтегі  «Балықтыкөл-К» ЖШС-нің жетекшісі Нұрболат Қажымұратовтың серіктестік тізгінін қолына ұстағанына жыл жарым ғана мерзім болыпты. Бірақ та, еңбекке әбден төселіп, өзіндік іс-тәжірибе жинақтап үлгерген еңбекқор жігіт қыстақтағы қонысын мұнтаздай  етіп алыпты. Бүгінде серіктестіктің еншісінде 30 ірі қара, 25 жылқы бағымда. Артылған малын сатылымға шығарып, қолдағы техникаларын жаңарту, қосалқы бөлшектер алуды да күнделікті ұстанымына айналдырып отырған Нұрболат бағымдағы  малдары қыстайтын, «Қарабас» қонысына 3000 дана бума шөпті үйіп қоймақ. «Балықтыкөл-К» ЖШС-дегі  көлдік шабындықтың гектарынан 10-15 центнерден өнім алынуда. Ал шөптің шығымдылығына, серіктестіктегі жігіттердің қимылына көңілі тоқ Н.Қажымұратов округтің тұрғындарына сатылымға шығарылатын әрбір бума шөптің бағасын 4000-4500 теңгеден белгілеген.

Округтегі  Ығылман Сұлтангереев жетекшілік ететін «Жаңаталап» шаруа қожалығында 1200 гектар шабындық алқап болса, оның 600 гектары көлдік.

Ірі қара, қой, жылқы өсірумен шұғылданып отырған қожалықта алдағы қыстаққа 5500 дана бума шөп  дайындалмақ.

- Биыл сәтін  салып, шөп бітік әрі  малға құнарлы деңгейде шықты. Осы өнімді мезгілінде, сапалы күйінде  жинап, үйіп алуға күш алуымыз қажет. Техника, жағармай жеткілікті қамтылған. Әттең, көңілді мазалайтын мәселе техника рөліне отыратын маман жетіспейді. Қаладан, өзге өңірден әкелген адамдар көп тұрақтамай, кетіп жатады. Осы жағы жұмысқа көп кедергі келтіреді. Әйтсе де, осындай кедергілерге қарамастан, жігіттер еңбек етуде. Бүгінде қырлық алқаптан әр гектарына 5-6 центнерден, көлдікте гектарына 10-15 центнерден өнім берілуде. Ірі қара, қой малын асылдандыруға да мән беріп, бұқа, қошқар сатып алдынды. Қожалықта алдағы жыл еншісінде 300 гектар алқапқа малға азық ретінде екпелі шөпті еккелі отырмыз,- дейді  Ы.Сұлтангереев.

Қособа ауылдық округінің әкімі Бейімбет Жаймановпен тілдескенімізде округегі шаруагер азаматтардың қыстақ алды қапысыз қамданыста екендігін білдік.

Мәселен, «Жыралы-Шығанақ» шаруа қожалығының жетекшісі Санжар Ділмұқашев қыстаққа 2500 дана бума шөп әзірлемекші. Бүгінде көлдікке орақ салынған. Өнімділік әр гектарына 10-15 центнерден айналуда.

1658741043609 (1)

Қауырт қимылдағы пішенші-механизаторлар көп сөзге жоқ, есесіне шабындық алқапта жігерлілік таныту, сапалы да өнімді еңбек етуге үлес қосуға ұмтылған. Бұл үрдісті біздер де қолдадық.

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале