– Он тоғыздан асып, жиырмаға толмаған шағым. 1953-тің жазында Жымпиты совхозының Қызылағаш деген жерінде жарым Марат Фаскинмен көңіл жарастырып, етегінен ұстадым. 1954-тің қысында сиыр саууға шықтым.
Күніне отыздаған сиыр сауамыз. Бестарка арбаға бидон-бидон сүтті өзіміз тиейміз. Төрт бидон сүтті тиеп, сүт тартатын май зауытына екі әйел сүйреп апарамыз. Май тартуға сол екі әйел жәрдемдесеміз. Шаршап-шалдығып, қарын ашқанда, темір күрешкенің ортан белінен келтіріп, қаймақты ағызамыз да ішіп аламыз.
Сөйтіп, 1954-тің жазында сиыр сауып жүргенімде, қасымда бірге сауыншы боп жасайтын Сәуле деген келіншек екіқабат болатын. Айы-күні жеткенше сиыр сауып жүрді. Сәуленің толғағы басталғанда, оның орнына мен сиыр саудым. Ол кезде доғдырға барып босану деген жоқ. Екі кемпір Сәуленің екі жағынан ұстап, құрық асынып тұрды. Адамнан адам шығу оңай ма, босана алмай біраз қиналды. Әлі құрсақ көтермеген маған қызық болды. Кіріп-шығып жүрдім. Кемпірлер мені жақындатпады. Городуправ болған кісі жақын ағасы еді, босануды тездету үшін мылтық атты. Ақыры өйтіп-бүйтіп, Сәуле жеңілді. Төселген сары пөпәйкенің үстіне бала түсті. Шарананың шыр еткен дауысы естілмеді бірақ. Бала жолдасымен бірге түсті. Кемпірлер сары пөпәйкені шақалақпен бірге орап:
– Мынаны оттың басына апарып таста, адам болмайды,- деді.
Манадан бері қызық көріп жүрген мен бір көмегім тигеніне қуанып кетіп, ескі сары пөпәйкеге оралған баланы жалма-жан алып, оттың басына қарай жүгіре жөнелдім. Қоюын қойдым да, жерден кері алып, қарап тұрдым сәбиге. Аппақ, тым жақсы қыз екен. Қайтадан жерге қойдым да бетін жаппай, ашық қалдырдым. Қосқа жүгіріп келіп, қолыма қайшыны алдым да:
– Әй, әжелер, ана сәбиді солай көмбейсіңдер ғой, тым болмаса, кіндігін кесейін. Қай жерден өлшеп кеседі кіндігін?- деп сұрадым.
Кемпірдің біреуі:
– Тізесіне дейін өлше де, кесе сал,- деді жете мән берместен.
Қайшыны алып, кері ошақтың қасына қарай жүгірдім. Шақалақтың кіндігін қолыма ұстап, тізесіне келтіріп өлшедім де, қиып кеп қалдым.
Сол-ақ екен, өлдіге санаған қыз баж ете түсті. Жанұшыра пөпәйкесімен жерден көтеріп алып, қосқа қарай ұштым. Ол кезде мата жоқ. Баланы орауға әзірлеп қойған көйлектің етегіне салдым.
– Әй, кемпірлер, кіндігін байлаңдар, қай жерден байлайды?-дедім.
– Міне, мына жерден байлайды, - деп екеуі тарамыспен қыздың кіндігін байлады. Есімін Сара деп қойды.
***
Бұл – Өлеңті ауылының тұрғыны Ғапура Фаскина әжеміздің әңгімесі. Осылайша ол өлді саналған қыздың өмірін алып қалып, кіндігін кескен.
Ғапура әже сол оқиғадан кейін көп ұзамай жүкті болып, он құрсақ көтерді. Олардың бүгінде алтауы бар. Сара қызы да өсті-өнді. Қазір Теміртауда. Ол да алпыстың үстіне шықты. Екі қыздың анасы. 2016 жылды «кіндік мамам» деп келіп кетіпті. Мамалап алғысын білдірді. Ғапура әже қуанып, айналадағы кемпірлерін жинап, қонақ қылып, естелікке суретке түсіп, мәре-сәре болды. Сараның анасы кейін Сәуле Бұлдыртыға көшіп кеткен, сол жерде дүниеден өтті. Ғапура әженің ері Марат Фаскин городуправ болды, сиыр да бақты, қой да бақты.
– Жазда сауыншы болып, қыста бұзау баптадым. Істемеген жұмысымыз қалмады. Бір күннің де рақатын көргеніміз жоқ. Балаларымды емізуге де бір сағатқа босатпайды «прогул» деп. Жұмыста арқалап жүріп, емізіп өсірдік. Қызылағашта, Жымпиты совхозында, Бұланда болдық. 1954 жылдан 88-ге дейін совхоздың жұмысында жүрдім, 1983-те жолдасым қайтты. Отыз алты жылдың жүзі болыпты шалымның бақилыққа аттанғанына. Жасаған жұмысымның арқасында шынығып, шымыр болып, қазір сексеннің екеуіне келдім. Балаларыма: «Маған ат әкеліп беріңдер, қазақтың жаңа жылында атқа мініп шығайын» дедім,- дейді Ғапура әже жарқылдап күліп.
Расында, Ғапура әже әлі қайратты, тың. Лайым, ғұмыры ұзақ болғай.
Шынар Молданиязова