9.06.2020, 11:06
Оқылды: 22

  Кіндік шеше

  Қазақта кіндік шеше сәбиді перзентханадан шығарып алған адам емес, жарық дүние есігін іңгәлап ашқан шарананың кіндігін кескен адам екеніне терең бойлай алмай жүргеніміз рас. Соңғысының арқалар жүгі де ауыр. Амангелді ауылының тұрғыны, зейнеткер Бақыт Табынованы көпшілік «кіндік шеше» атап кеткен. Оның да себебі бар. Өз ісіне жауапкершілікпен қараған акушер 500-ге жуық сәбидің кіндігін кесіп, қаншама аналардың алғысын арқалады. Адамға жан тәтті емес пе, өмір мен өлім айқасқан сәтте де қажырлы акушер білте шамның әлсіз жарығымен талықсып кеткен ананың сәбиін бауырына салып, бір терең тыныс алатын. Өз міндетін мүлтіксіз атқарды. Жақсы болып көрінуді, өзінен жоғары тұратындарға жағымпаздануды білген де жоқ. Бір қалыптан айнымады. Ол қызметі үшін марапат күткен емес. Оның айғағы – қарапайым мінезі мен талдырмаш қана болмысы. Оған қарап осынша сәбиді бір өзі босандырып алды дегенге таңырқайтыныңыз сөзсіз. Амангелді ауылы маңындағы Белинки атындағы елді мекенде Бақыт апа кіндігін кеспеген сәби (бұл күнде бір отбасы ұйытқысы) ол кезде некен-саяқ тұғын.

Bakyt

Онжылдықты Шежін орта мектебінде бітірген кейіпкеріміздің алдында бір ғана мақсат болған. Ол – Орал қаласындағы медициналық училищеге оқуға түсу. Сабақты жақсы оқыған пысық қыз кезінде үздік оқушыларға беретін жолдамамен Мәскеу қаласына да барған екен. Осы мүмкіндік ол кезде кез келген оқушыға бұйырмайтын. Тек сабақты жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысатын әрі өнерлі оқушыларға ғана берілетін.

Ақ халатты абзал жан болуды қалап, арман қуып қалаға бірге барған үш құрбы қыздың да бағы жанып, студент атанды. Сүйікті мамандығының иесі екенін айғақтайтын дипломын да алды. Жүректе сенім мен қобалжу қатар алмасты.

Алғашқы еңбек жолын Шежін учаскелік ауруханасында бастаған Бақыт апай ә дегеннен-ақ жауапкершілігімен көзге түсті. Бірте-бірте қиындығы мен қуанышы қатар жүретін қызметінде тәжірибесі толысып, алғыр, қайсар мінезімен талай қиындықты еңсерді. Ол уақытта электр жарығы жоқ. Көмекшісі (санитарка) білте шамды ұстап, жарық түсіріп тұрады. Қалған жұмыс Бақыт апайдың еншісінде. Қателесуге, мүлт кетуге болмайды. Ол кезде өліммен арпалысып жатқан ананы босандыру оңай шаруа болмағаны белгілі. Маңдай терін сүртуге мұршасы бола бермейтін. Болмашыға босай бермейтін мінез сол бір кездерден қалыптасса керек. Кейін «Ақкүтір» деген елді мекенде қызмет етті. Ол жерде фельдшер-акушер жұмысын қоса атқарған екен. Ауылда бір ғана маман болған соң әйелдер де оған арқа сүйеп, уақытында ауданға бармай жүріп алатын. Екінші Шежінде акушер болып жүргенде бір әйелдің толғағы қиын болып, аудандық аурухананың бас дәрігері Штирман оның бала босандырғанын сырттай бақылап тұрып жұмысқа алған. Бұл талдырмаш қана 21 жастағы жас маманның біліктілігін бағалау болатын. Қанша қиын болса да, көбінесе жалғыз өзі көптеген аналардың аяқ-қолын бауырына алуына жәрдемдесті. Бір ғажабы, Бақыт апа қызмет еткенде бірде-бір ана, бала өлімі орын алмаған. Бұл ол кезде ерлікпен пара-пар дүние еді.

- Ол уақытта заман бөлек. Елді мекендердегі малшының әйелдерін жаяу аралап, аяғы ауырларын тізімге алатынмын. Ауданға ауруханаға жіберсең де қайтып келіп, ауылда босанғандар да кездесті, – дейді өзі.

Бүгінде Бақыт апай кіндігін кескен бір отбасында бес-алты баладан бар. Олардың бәрі үлкен адам болып, өздері немере-жиен сүйіп отыр. Қызмет барысында әртүрлі жағдайды бастан өткерсе де, өз ісіне адалдығы жоғары болған Б.Табынованың суреті ауылдың мақтаулы мамандары қатарында Құрмет тақтасына ілінген. Уақытпен санаспай, тынымсыз қызмет еткен қарапайым еңбек адамының суреті аудандық Құрмет тақтасынан орын алуға лайық екені сөзсіз.

Кейіпкеріміз 1991 жылдан бері зейнет демалысында. Отағасы Ахмет ағай Сүндетқалиев екеуі үш ұл, үш қызды өсіріп, өндірді. Әрқайсысы бір-бір шаңырақ ұйытқысы. Ахмет ақсақалдың мамандығы – агроном. Бүгінде Сүндетқалиевтер әулетінде 11 немере, 5 жиен өсіп жатыр. Балалары сенімдерін ақтап, бір-бір әулет болып, өз түтіндерін өздері түтетіп отыр. Амангелдіге іргелес қоныс тепкен Аймырза атты ұлының тұңғышы – Фатима әжесінің жолын қуып, Ақтөбе қаласындағы медициналық университетке оқуға түсті. Болашақ дәрігер.

Осынау қарапайым мінез бен қайсарлығы ұштасқан асыл ана адам бойындағы жақсы мінез тек адалдық, шынайылық сынды қасиеттермен толысатынын дәлеліндей. Бүгінде ол өнегесін келіндеріне көрсетуде. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, талай сындарлы сәтте абыржымай, өз біліктілігін танытқан кәсіби маман қаншама отбасына қуаныш сыйлады десеңізші?! Бақыт апаның әр шаңыраққа бақыт алып келгенін ауылдастары жыр қылып айтады, құрмет тұтады.

Гүлнар Тасболатқызы

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале