Жуырда Тасқала ауданы Қосшы ауылдық округіне қарасты Оян жалпы орта білім беретін мектебінде әдемі кеш ұйымдастырылды. Кеш қонақтары ретінде бірнеше өлеңдердің авторы, елімізге белгілі ардагер журналист Айтқали Нәріков пен аталмыш мектептің түлегі Сұлушаш Сүндетқалиқызы қатысты.
Білім ошағында ұйымдастырылған керемет кештің қонақтарына аталмыш мектеп директорының міндетін атқарушы Альбина Тұралиева қош келдіңіз айтып, жүрекжарды тілегін жеткізді. Араға сан жылдар салып, түлеп ұшқан алтын ұя мектебіне арнайы келген кеш қонақтарына мектеп ұжымы сазды сәлемін арнады. Кеш қонағы Айтқали Нәріков өздеріне көрсетілген құрметке алғысын білдірсе, Сұлушаш Сүндетқалиқызы өзінің авторлық кітаптарын аталмыш мектептің кітапханасына табыстады.
-Өзім Оян орта мектебінсонау 1966 жылы аяқтадым. Асыл мекеніме сағына да асыға жеттім. Мен бұл жерден жылжыған жылдар жылуын сезініп тұрмын. Қазір осындағы бірінде танымасам да олардың ата-аналарын немесе үлкендерін танимын. Осы кезге дейін шығармашылықпен айналысуда еш жалыққан емеспін. «Мен даланың қызымын» атты еңбегімді басынан аяғына дейін оқып шықсаңыздар бәріне көздеріңіз жетеді. Ауылымды сағынып келгеннен кейін, өзімнің қолтаңбам мен төл туындымды қалдыруға да бел будым. Мектеп ұжымы жылы шырй танытып қарсы алып жатыр. Оған бек ризамыз. Барлығының жұмыстарына сәттілік тілеймін,- деді Сұлушаш Сүндетқалиқызы.
Әсет Баян,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz