«Балалар жылы» және 2 сәуір – Халықаралық кітап күніне арналып, Хан ордасы балалар кітапханасында «Кітаптар қалашығына саяхат» атты балалар кітабы апталығы өтті. «Балдырғандарға базарлық» тақырыбындағы кітап көрмесінің таныстырылымынан бастау алып, «Құрметтейік кітапты» ертеңгілігімен, «Ерте, ерте, ертеде» квест ойынымен, «Сырласым да, досым да – кітап» әдеби лото, «Бұл ертегіні оқыдым» ертегіні сахналау, «Кітаппен бірге шат көңіл» кітаппен селфи сынды шаралармен жалғасын тапты.

Бұл күндері оқырмандарымызды көптеген қызықтар: викториналық тапсырмалар, мақал-жұмбақтар, әдеби ойындар, ең бастысы – кітаппен кездесу күтіп тұрды. Апталық кезінде балалармен кітаптың адам өміріндегі рөлі туралы әңгімелесу өткізілді. «Кітап бізге не береді?» деген сұраққа кішкентай оқырмандарымыз өз ойларын ортаға салды. Кітаптың жұмбақ әлеміне тап болған балалар өз білімдерін, біліктіліктерін, тапқыштықтарын викториналық тапсырмаларда көрсетті. Бұл шараны өткізудегі мақсатымыз – кітап біздің байлығымыз, рухани азығымыз, қазынаның асылы, өмірдің шырағын жағар құнды мұра екенін түсіндіре отырып, оны бағалауға үйрету еді әрі оқырмандарды кітап оқуға деген ынтасын арттыру тұғын.
Кітап апталығы балаларға жаңа білім, сонымен қатар жақсы көңіл күй сыйлады. Тағылымды, әсерлі апталық болды.
Лаура Құрманғалиева,
Хан ордасы балалар кітапханасы қызметкері