31.01.2024, 15:00
Оқылды: 88

Кітап керуені жолға шықты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда ұлттық құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ата-бабадан қалған мәдени мұраны заман талабына сай жаңғыртып, насихаттау қажеттігін атап өткен болатын.

жп улттык жанакала (1)

Осы орайда кеше Жаңақала аудандық кітапханасы бабадан мирас болған ұлттық құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіру мақсатында «Ең ұлы әдебиет» жобасы аясында «Мәдени мұра» топтамасымен жарық көрген кітапхана қорындағы 100 томнан тұратын «Бабалар сөзі» кітаптарынан «Бабалар сөзі-ақылдың көзі» атты жылжымалы кітап керуенін бастады.

жп улттык жанакала (3)

 Керуен Жаңақала орта мектебінен басталды. Бабалар сөзі – кешегі өткен қариялардан, ғұлама шешен-билерден, ақын-жыраулар мен сал-серілерден мұра мирас болып қалған ұлы тәрбие құралы. Жүз томға татитын жыр жинағында ата-бабамыздан қалған ауыз әдебиет туындылары, қазақ тарихындағы халықтың бүкіл фольклорлық мұрасы түгелдей енгізілген.

жп улттык жанакала (2)

Шараның бірінші бөлімінде «Ұлттық құндылық - тәрбие бастауы» керуен көшінде  аудандық мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі Бекқали Сағынғалиев әнмен әуелетсе, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген спорт кешенінің жаттықтырушысы Қолқанат Серіков қазақилықтың символы болған ат әбзелдерін оқушыларға таныстырды. Сонымен қатар аудандық мәдениет бөлімінің бас маманы Ақерке Сансызбаева оқушылардың қызығушылығын арттырып, садақ ату тәсілдерімен бөлісті.

«Бабалар сөзі - ақылдың көзі» атты екінші бөлім Салтанат Серікованың жүргізуімен жалғасты. «Киіз туырлықты, ағаш уықты қазақпыз» деп аталы сөз қалдырған бабаларымыздың негізгі баспанасы киіз үй ішіндегі бұйымдармен Айбарша Мұсақызы таныстырды.

жп улттык жанакала (4)

Таға майыстырудың хас шебері Жасқанат Сыралиев оқушыларды өз өнерімен таңғалдырса, аудандық кітапханашылар балаларға арналған «Алдаркөсе мен бай» ертегісінен көрініс қойды. Ғасырлар бойы ұрпаққа ауыздан-ауызға тарап, мәнін жоймай сақталған мақал-мәтелдерден  қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, дүниеге деген көзқарасын, арман мүддесіне дейін байқауға болады. Балалар кітапханасының меңгерушісі Райгүл Даумқызы мақал-мәтел, жұмбақтар жасырып, шешуін тапқан оқырманға сыйлық үлестірді.

Ал аудандық кітапхананың кітаппен қамту бөлімінің меңгерушісі Сауле  Төлеуғалиқызы  балаларға берген  аналық батасымен кеш қорытындыланды.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале