Өткен аптада «Қазына» коворкинг орталығында «OQYRMAN.LIVE: Кітап оқу трендте!» жобасының ресми ашылу салтанаты өтті.

Аталған шараға аудан әкімі орынбасары Темірболат Сағынгереев қатысып, жаңа жобаның бастамасымен құттықтап, сәттілік тіледі.

Жобаның мақсаты, кезеңдері мен шарттары туралы мәліметпен Теректі ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Айгүл Кайрова таныстырып өтті.
Аталмыш жобаға символдық бастау беру үшін ортаға аудан әкімі орынбасары Т.Мұхитұлы және үздік оқырмандар Г.Алимова және А.Хамит шақырылып, ресми түрде іске қосылып, жиналған жұрт жаңа бастаманың куәгері болды.

Жоба нақты критерийлер бойынша сараланып, оқырмандардың белсенділігі, шығармашылығы және оқу мәдениетін насихаттаудағы үлесі жан-жақты бағаланады.
Бұл бір реттік емес, жыл бойына жалғасатын ауқымды шара. Жоба үш ірі кезеңнен тұрады. Әр кезеңнің өз форматы, шарттары бар.
1-кезең Book-Crossing: Ауылдар аламаны 2 наурыз-30 сәуір аралығында өтеді. Аталмыш кезеңде кітаптар ауылдан ауылға сапар шегеді. Бұл- ең белсенді ауылды анықтайтын нағыз оқу аламаны. Оқырман аяқтаған кітабын келесі қатысушыға табыстап, эстафетаны жалғастырады.
2-кезең SMM-оқырман (цифрлық челлендж) 1-мамыр-31 шілде аралығында өтеді. Сөз етіп отырған кезеңде оқырмандар әлеуметтік желі арқылы оқыған кітаптарын таныстырып, бейнеролик, пікір жариялайды. Кітап енді сөреде емес, онлайн кеңістікте трендке айналады.
3-кезең QR-Aul-Quest: «Кітап керуені» (зияткерлік-танымдық ойын) 1-тамыз-15 желтоқсан аралығында өтеді. Жобаның ең қызықты, ең тартысты кезеңі! QR-код арқылы тапсырмалар орындап, кітап мазмұны бойынша сұрақтарға жауап беріп, ауыл командалары зияткерлік сайысқа түседі.

Бұл жаңа жоба — көктемде басталып, жазда қарқын алып, күзде шыңына жетіп, желтоқсан айында «Аудандық кітап-бал-маскарадында» өз мәресіне жететін ауқымды марафон.
Қаламқас Саясатова
Теректі ауданы