Кеше Бәйтерек аудандық мәдениет үйінде «Кітап Show-2022» фестивалі өтті. 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күніне орай ұйымдастырылған шараға балалар, ата-аналар, кітапхана оқырмандары, жұртшылық өкілдері қатысты. Балалар жылы аясындағы бұл шара биыл «Қуан кітап, қуанатын күн бүгін» айдарымен ұйымдастырылды.
Әрбір кітап өзінше құпия, бір әлем екені айдан анық. Кітапты парақтай бастасаң ғасырлар қойнауынан сыр шертіп, талай оқиғаның бетін ашады. Ұлттық құндылықты айқындайтын нәрсе – кітап десек, атадан қалған асыл сөзді оқырманға жеткізуші орта – кітапхана. Фестивальді ашып, жиындағыларды рухани мерекемен құттықтаған аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Жеңісгүл Жаңабаева осы турасында сыр шертіп және кітапхана қызметінің мән-маңызына да тоқталып өтіп, көпшілік, соның ішінде жас ұрпақ үшін кітапхана есігі әрдайым ашық екенін айтты.
- Кітапты дос тұтқан адамның болашағы жарқын болады. Көркем шығармаларды оқи отырып, адамның тілдік қоры байып, қоғамға деген көзқарасы қалыптасып, қай ортада болмасын өзін қалай ұстауды, қалай сөйлеуді білетін болады. Осы қабілеттерді бойға сіңіру үшін ата-ана перзентін бала кезінен-ақ білім нәрімен сусындатқаны жөн,- деді сөз алған аудандық мәслихат аппаратының басшысы Тілекбай Төлепқалиев.
Шара барысында бұл мерекенің шығу тарихы туралы қызықты мәліметтер беріліп, кітап дефилесі, кітапханалық квест, буккросинг, тренингтер, сұрақ-жауап ойындары, аквагрим, брейн-ринг, сазды караоке, қолөнер көрмесі ұйымдастырылды.
Сондай-ақ Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай «Ұлт ұстазының аманаты» атты қойылымнан үзінді қойылды.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz