Бәйтерек ауданы Мичурин ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылдық кітапханасында «Парасат жолы» адалдықты насихаттайды» тақырыбында басқосу болып өтті.
Кітапхана жанынан іске асырылып жатқан "Парасат жолы" жобасының аясында өткен шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр, Мичурин ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Махмут Отарғалиұлы, Мичурин кітапханасының меңгерушісі Нұрсұлу Батырқызы арнайы қатысып, жоба туралы ой бөлісті.
«Мәңгілік парасаттың киелі мекені саналған кітапханаларымызда қоғамды парасаттылыққа шақыратын, адамзатты адалдыққа тәрбиелейтін бірегей жобаның бастау алуы – игі іс. Елдің ертеңіне ие болар болашақты тәрбиелеу дәл осы парасаттылық қағидасымен ұштасуы хақ.
Аудан бойынша жоба аясында ауқымды іс-шаралар іске асуда. Жемқорлық зардабынан сақтану, ашықтық тақырыптарын қозғаған тікелей эфир, пікір алмасу, сұқбат кештерінің маңызы зор» деген Нұржан Тоғызбайұлы аудан бойынша сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы шараларға тоқталды.
Одан соң Жамбыл мектебінің мұғалімі Ләззат Еркінқызы мектептегі парасаттылық тәрбиесі туралы баяндаса, Октябрь ауылдық кітапханасының кітапханашысы Лариса Александровна Тәуелсіздік жылдарының озық жетістіктеріне тоқталып, қоғамдық бастамаларға жастардың белсенді атсалысуы қажеттігін алға тартты.
Шараны қорытындылаған Жамбыл ауылының кітапханашысы Фарида Орынбасарқызы парасаттылық пайымы туралы ой қозғаған басқосу қатысушыларына ризашылығын білдірді.
Арал Болпышұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz