Қазталов ауданының әкімі Альберт Есалиев ауданның қоғам белсенділерін қабылдап, ашық әңгімелесті.
Қоғамдық ұйым, бірлестік төрағалары, қоғам белсенділері, көше комитетінің төрағалары, қоғамдық кеңес мүшелері, депутаттар алдында аудандық экономика бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Жадыра Сүндетова аудандық бюджеттің қалыптасуы мен орындалуы туралы кеңінен ақпарат берді.
Қабылдауда белгілі болғандай, бүгінде аудан бюджеті 9 млрд. теңге болса, табыс салығы осы қаражаттың 10 пайызын ғана құрады. Кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарынан түсетін салық түсімі өте төмен. Кездесу барысында Альберт Темірболатұлы аудандық бюджетке түсетін салық түсімін көбейту үшін жұмыстану және бюджеттен бөлінетін қаражатты үнемдеу үшін оптимизация жасау керектігін жеткізді. Әкімнің айтуынша, республика мен облыстан келетін трансферт ақшалардың жылдан жылға азаюда. Сонымен бірге бюджетке түсетін табысты күшейту арқылы ғана оң шешім табуға болады. Кәсіпкерлік пен шаруа қожалықтарынан түсетін табыс салығы туралы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Сергей Тоқпанов баяндама жасады. Кәсіпкерлерден жыл басынан бері аудандық бюджетке 36 млн. теңге салық түскен. Сонымен бірге мекеме басшысы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық саласында ауданда қолға алынатын жобалар туралы баяндады. Олардың қатарында аудан орталығында құрылысы басталған "Нефтэк" жанар-жағармай бекеті мен Талдыапан ауылдық округінде ашылған "Ет индустриясы" агрохолдингінің мал бордақылау кешенінің жұмысы. Сонымен қатар ауданда жоспарланып отырған басқа да ауқымды жобалар туралы айтты. Сонымен бірге қабылдауда аудан әкімдігінің аппарат басшысы Есболат Ескендіров "Ашық әкімдік" шарасы, аудан әкімінің қабылдау күндері, аудан әкімдігінің ресми сайты, әлеуметтік желідегі әкімдік парақшалары, мобильдік қосымша туралы хабарлама жасады.
Қабылдауда аудан әкімі қоғам белсенділері қойған барлық сұрақтарға жауап беріп, ұсыныс-пікірлерге де құлақ асты.
Қоғам белсенділері, Алма Оразбаева атындағы мектепті қайта салу, Қазталов пен Жалпақтал ауылында дене шынықтыру, сауықтыру кешенін, тұрғын үй салу, бюджеттен бөлінетін қаражатты үнемдеу, аудандағы салалық бөлімдердегі автокөлік жағдайы, облыс орталығына, ауылдарда қатынайтын қоғамдық көлік, көше жарығы, қоғамдық монша, ауыл тазалығы, аудан жастарының жұмысы, өлкетану музейін кеңейтіп, экспонаттар санын көбейту, аудан орталығында үлкен мәдениет үйін салу, "Достық" саябағын абаттандыру, көшелерге жаяу жүргінші жолы мен қара жамылғы төсеу, мал бағымын ұйымдастыру, ауылдарды көркейту сияқты қоғамға ортақ мәселелерді көтеріп, талқыға салды.
Қайрат Жақып
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер