19.09.2024, 15:00
Оқылды: 445

Қоғам қайраткері Мәжит Жадановтың туғанына 100 жыл толды

«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді дана халқымыз. Иә, уақыт өткен сайын жүріп өткен жолдарың, артта қалған жылдарың сағымға оранып, бірте-бірте алыстай береді екен. «Құдай-ау, қайда сол жылдар» деп Абай атамыз да бекер өкінбесе керек.

B7D000B8-9071-4CF7-93C4-AA21C9DA220E

Әйтсе де өткен күн өшкен от емес. Онда да талай сырлар, айтып жеткізе алмайтын інжу жырлар бар, жүрегіңді бір кез елжіретер мұңдар бар. Сол бірімен-бірі алмасып жататын сезім толқынының арасында жәй пендеуи ғұмырдың емес, тұтас қоғамның қалыптасуына тікелей атсалысқан, алыстаған сайын биіктей түсетін таудай тұлғалар бар.

Өркениетті өңіріміздің тарихына есімі алтын әріппен жазылған қайраткерлердің бірі – Мәжит аға Ғұмарұлы Жаданов.

Мәжит Ғұмарұлы осыдан дәл бір ғасыр бұрын, 1924 жылы 19 қыркүйекте Жаңақала ауданының №17 ауылында, Дөңгелек елді-мекенінде дүниеге келген. Тегі он екі ата Байұлының Байбақты – Қының, Байжан – Қырықтық (Жолай) тайпасынан.

Мәжит ағамыз ел басына күн туғанда, қолына қару алып, он сегізінде отқа түсіп, неміс-фашист басқыншыларынан Отанын қорғаған майдангерлердің бірі.

Орта мектепті Жалпақтал ауылынан бітіріп, 1942 жылдың тамыз айында қызыл әскер қатарына шақырылып, соғыс басталысымен Орал қаласына көшірілген Ленсовет атындағы байланыс училищесіне курсант болып қабылданады. Осында әскери машыққа үйреніп, оқу-жаттығулардан өтеді.

Жоғары бас қолбасшының бұйрығымен әскери училищидегі барлық курсанттар 1943 жылдың мамыр айында майданға аттанады. Мәжақаң бірден ұрысқа кіріспей Калуга қаласындағы №17-ші әуе десанты бригадасының құрамында оқуын жалғастырады.

Он тоғыз жастағы жас жігіт 1943 жылдың шілде айында Воронеж майданының 680-атқыштар полкінің құрамында Орал-Курек иініндегі сұрапыл соғыстың қайнаған ортасына түседі. Белград, Белая Церковь аймағын жау қолынан босату үшін кескілескен шайқастарға қатысады. Харьков қаласын азат етудегі жан беріп, жан алысқан шайқаста ауыр жараланатды. Кейін Ярославль, Иркутск қалаларындағы әскери госпиталдарда емделіп, Уфа қаласындағы әскери құрамада қызметін жалғастырып, 1945 жылдың соңында туған ауылына оралады.

75DEAFCE-06DB-47E5-B13D-731A5D708EA8

Соғыстан кейін Мәжит Ғүмарұлы Бірлік, Мастексай ауылдарында оқытушылық қызметте болады. 1949-1954 жылдары аудандық оқу бөлімінде инспектор, аудандық партия комитетінде насихатшы болады. Қызмет атқара жүріп Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтын тәмәмдады.

Мәжақаң 1954-1961 жылдары Батыс Қазақстан облыстық «Екпінді құрылыс», «Октябрь туы», (қазіргі «Орал өңірі», газеттерінде меншікті тілші қызметтерін атқарған. Міне, осы кезеңнен бастап, Мәжақаңның ұзақ та жемісті журналистік жолы басталды, не керек, жасы тоқсаннан асқанша қаламы қолдан түскен жоқ.

Мәжақаң Фурманов аудандық «Қызыл Ту», кейін «Коммунист» газетінде редактор болып газеттің аймақтық өндірістік басқармаға қарасты төрт ауданға таралуын қамтамасыз етті. Осы жылдарда Мәжит Ғұмарұлы кәсіби журналист ретінде қалыптасып қана қоймай қатаң талап, кәнігі шеберлікпен талай кадрларды тәрбиелеп шығарған. Ел арасында «Бастығың Мәжит болса, шығаратының газит болса...» деп басталатын бір шумақ әзіл өлеңнің айтылатыны дәл осы кезең. Бір айтарлығы сол кезде газеттің таралымы 15 мың данаға жетті.

Мәжит Ғұмарұлы 1962-1964 жылдары облыстық партия комитетінің жолдауымен Мәскеу қаласындағы КОКП Орталық Комитетінің жанындағы партия мектебінде тыңдаушы болып, білімін одан әрі тереңдетіп, тәжірибесін жан-жақты молайтты. Жоғары партия мектебінің журналистика бөлімінде оқи жүріп «Правда», «Известия», «Труд» газеттерінде тәлімгерліктен өтіп, елге кемеліне келген кәсіби журналист болып оралды.

Мәскеуден жан-жақты білім алып келген Мәжақаң сегіз жыл бойы Фурманов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының идеология жөніндегі орынбасары, «Коммунист» газетінің редакторы Фурманов аудандық Кеңесі атқару Комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқарды.

Мәжит Ғұмарұлының қаламгерлік еңбегі халқының көз алдында. Мәжақаңның қаламынан шыққан очерктер, мақалалар әлденеше томды құрайды. Оның өзі бөлек әңгіме.

Мәжит Ғұмарұлы он жыл үзілістен кейін қайта құрылған Жаңақала ауданына аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып келді. Сол кездегі екі ауданның бірінші хатшысының екеу ара әңгімесі былай өрбіпті.

1D5557A4-6A9F-4BE9-B376-48D3ED538205

Аты аңызға айналған, отыз жыл бойы бірінші хатшылықтың тізгінін босатпаған Кенжебек Мендалиев Сатқали Сапарұлына: «Сатқали, қолыңды қақпаймын, керек кадрыңның бәрін ал, тек Мәжитке тимегейсің» - депті.

Бірақ кадр таңдаудағы қабілеті ерекше, тәжірибесі жас та болса Кенжақаңнан кем түспейтін Сатқали Сапарұлы жаңа құрылған ауданға тап Мәжақаңдай іскер адам керектігін дәлелдеп, қалағандай етіп алған екен. Міне, Мәжит Ғұмарұлының іскерлік қасиетін осыдан-ақ бағамдауға болады.

Партиялық қатаң талап, темірдей тәртіп, анандай сенім Мәжақаңды жігерлендірмей қойсын ба? Жаңа қызметте Мәжақаңның тынысы кеңінен ашылды. Өзінің бай тәжірибесін терең білімімен ұштастырып, ауданның өркендеуіне орасан зор үлесін қосты.

Жаңа қызметте Мәжақаң жұмысын кадрларға тұрғын үй салудан бастады. Ауданның бірінші басшысы Сатқали Сапарұлының кең ауқымды жобасын басшылыққа ала отырып тоғыз айда ауданға келген кадрларды тұрғын үйге орналастырып үлгерді.

Аудан орталығын тұрғын үйлер, әлеуметтік нышандар, электр қуаты, жылу жүйесі, байланыс, сауда, табиғи газбен қамтуда адам таңғаларлық жігермен жұмыстанды.

Ауданның екі бірдей бірінші хатшысы, сегіз аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасымен ортақ тіл табысып, қоян қолтық еңбек еткен Мәжит Ғұмарұлы 1986 жылы зейнеткерлікке шықты.

Мәжит Ғұмарұлының атқарған қоғамдық қызметтерінің өзі бір төбе.

Мәжақаң ұлағатты ұстаз Зайда Мұхиденқызымен 1947 жылы отау құрып, өмірге үш қыз, екі ұл әкеліп, олардан жиен, немере, шөбере сүйіп, бақытты ғұмыр кешті.

Мәжит Ғұмарұлының халқына сіңірген еңбегі лайықты бағасын алды. Бірінші дәрежелі Отан соғысы ордені, көптеген жауынгерлік медальдары, екі «Құрмет Белгісі» ордені, тәуелсіз мемлекетіміздің «Құрмет» ордені, айырықша белгілер абыройлы еңбектің жарқын айғағы.

Мәжақаң Қазақстанның құрметті журналисі, Жаңақала ауданының құрметті азаматы.

Мәжит Ғұмарұлының қатысқан форумдарының тізіп шығудың өзіне әлденеше парақ керек.

Елі үшін аянбай тер төккен көрнекті қоғам қайраткерінің есімін ұлықтау – ұрпақ парызы.

Сондықтан аудан әкімдігі, аудандық мәслихат Мәжит Ғұмарұлының есімін мәңгі есте қалдыру шараларын қолға алса дейміз.

Ауданның мәдениетін, спортын басқарып отырған сала спорттың бір түрінен Мәжит Ғұмарұлы атында жыл сайын дәстүрлі сайыс оздырса, аудандық кітапхана орталығы аудандық редакция ұжымымен бірлесе отырып, әдістемелік-теориялық конференция өткізсе, Мәжит Ғұмарұлына өзі тұрған көшенің атын беру жөніндегі бастама аяғына шейін жеткізілсе және Мәжит Ғұмарұлының ұзақ жылғы шығармашылық еңбегі жинақ болып басылып шықса, ол да ұрпаққа ұлысты іс болар еді.

Өйткені Мәжақаңның шығармашылығы – өңіріміздің тұнып тұрған шежіресі. Майдангер, қаламгер, қайраткер Мәжит Ғұмарұлы аталған ұсыныстарға лайық тұлға.

Закария Сисенғали

Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі, Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале