11.12.2020, 12:06
Оқылды: 42

Қоғам заманауи білімді қажет етеді

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты биылғы 2020-2021 оқу жылында барлық мектептердегі 1-11 сыныптар үшін оқытуды дистанциялық форматта бастау жоспарланған болатын. Тек шалғай ауылдардағы шағын жинақты мектептер мен бастауыш мектептердің «кезекші сыныптары» барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтап, әдеттегідей білім алып жатыр.

6715BAD1-E02C-4572-B309-6429D26B0766
Теректі ауданында 9 бастауыш, 9 негізгі, 19 жалпы орта білім беретін, барлығы 37 мектеп бар. Оқу іс-шараларын 21 мектеп қазақ тілінде, 5 мектеп орыс тілінде, 11 мектеп екі тілде жүргізеді. Бұл мектептерде білім нәрімен сусындап жатқан шәкірттер саны – 6288.

Қазіргі таңда мектепке дейінгі 40 ұйымның «кезекші топтарында» 15 баладан тәрбиеленуде. Жалпы аудан бойынша 16 бөбекжай (11 мемлекеттік, 5 жеке), 24 мектеп жанындағы шағын орталықтар жұмыс істейді. Мектеп жасына дейінгі 1677 баланың 870-сі мемлекеттік, 484-і жеке меншік бөбекжайларға барса, 323-і мектеп жанындағы шағын орталықтарда тәрбиеленуде.

Шәкірттер бос уақыттарында қосымша білім алуға дағдыланған. Ауданымызда білім ордаларынан бөлек балалар шығармашылық үйі, балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы, саз мектебі сынды қосымша білім беру мекемелері қызмет етуде. 29 үйірме көркем эстетикалық бағытта, 17-сі сәндік-қолданбалы, 10-ы техникалық, 2-еуі экологиялық, 35-і туристік-өлкетану, 4-еуі қосымша  спорттық бағытта жұмыстануда. Саз мектептерінде оқушылар домбыра, қобыз, скрипка, флейта, баян, терме, фортепиано, вокал мамандықтары бойынша білім алады. Олардың ішінде хор, оркестр, би сынды ұжымдық сабақтар да өткізіледі. Былтыр балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығында «Барбастау» сауықтыру туристік базасы ашылып, жасанды жартас орнатылды.

Жалпы орта білім негізінде күндізгі оқуды жүзеге асыратын Подстепный ауылындағы Теректі колледжінде заман талабына сай ветеринария, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, автомобиль көлігін жөндеу және техникалық қызмет көрсету, т.б. мамандық иелері даярлануда.

Ауданымызда қашықтан оқытудың ұйымдастырылу бағытын білу үшін білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Хусаиновамен тілдескен едік.

- Екінші тоқсанда 27 мектептегі 2079 оқушы штатық режімде,4209 баланы қамтитын 10 білім ордасы қашықтан оқытуды қолға алды.Оқушыларды қашықтықтан оқыту үшін Теректіауданына Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен 100 дербес компьютер, 250 планшет, 980 ноутбук берілді. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен 100 компьютер, 164 ноутбук, 883 роутер сатылып алынды.Шәкірттерді қолдау мақсатында қашықтан сабақ оқуға ыңғайлы болу үшін демеушілер тарапынан 41 роутер сыйға тартылды. Оқушылар «Білім Медиа Групп» платформасының «Онлайн Мектеп» контенті арқылы білім алуда.Білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылында «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын қатаң сақтау үшін тиісті дизенфекциялық құралдармен қамтамасыз ету мақсатында қажетті құрал-жабдықтар сатылып алынды. Биылғы оқу жылындаәдіскерлер мен педагогтерге әдістемелік қолдау мақсатында педагогикалық шеберлік орталығының ұйымдастыруымен «Қашықтықтан оқытуды үйренемін» атты ашық онлайн курсы өтті.Мұғалімдерге оқушыларды қашықтықтан оқытуды ұйымдастыруда әдістемелік қолдау көрсетуді мақсат тұтқан курсқа 1175 педагогымыз қатысып, білімдерін жетілдірді. Курс мазмұны қашықтықтан оқытудың ерекшеліктері, оқушыларды оқу үдерісіне тарту, АКТ құралдары мен сервистері, кәсіби серіктестік, ата-аналарды педагогикалық қолдау сынды 5 модельден тұрды, - деген жауап алдық.

DA08A8EC-2BD7-400F-BFC3-6D9720067F5D

Бөлім басшысы Жанаргүл Жеңісқызы мектептерде баланың дамуына және денсаулығын сақтауға ықпал ететін білім беру ортасын қалыптастыру үшін оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсартуды жоспарлы түрде жүзеге асырып жатқандарын да баяндады.

- 37 мектепте 372 интерактивті тақта және 675 жаңа үлгідегі компьютерлер бар. Таяуда 39 миллион теңгеге 264 компьютер сатылып алынды. Ал 2018 жылы 37 мектепке 90 Bilim Book трансформаторлық планшеттері алынды. Барлық білім ордалары ғаламторға толық қосылған. 37 мектепте 294 бейнебақылау камераларын орнатуға бюджеттен 63427000 теңге бөлінді. 6 мектепте IT сыныптары іске қосылды. Жазғы демалыс уақытында жергілікті бюджеттен бөлінген 42 100 000 теңгеге 18 мектепке ішкі әжетхана орналастырылды. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен қосымша 50 000 000 теңге бөлініп, Ақжайық, Ы.Алтынсарин, Чапаев, Восход және Ұзынкөл мектептеріне спорт алаңдары салынды, - деді.

Ауданымызда халық санының артуына байланысты 2019-2020 оқу жылында Подстепный қазақ мектебінде орын тапшылығы айтарлықтай сезілген көрінеді. 345 орындық ғимаратта 884бала (830 оқушы, 54 мектепалды даярлық сыныбының тәрбиеленушілері) оқиды екен. Осыған орай үш ауысымда оқытуды жою мақсатында «STROYCONSALTING»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 600 орындық мектептің жобалық сметалық құжаттары әзірленуде. Бұл ауылдың маңындағы Пойма тұрғындарын да мазалайтын мәселе – мектеп. Соған орай 108 орындық жаңа мектеп ғимаратының құрылысына да жобалық-сметалық құжаттама жасалуда.

Ал күні кеше күрделі жөндеуден өтіп, араға 53 жыл салып, жаңарған Долин ауылындағы Чапаев жалпы орта білім беретін мектебі туралы газетіміздің алдыңғы нөмірінде жазған болатынбыз. Жалпы ауданы 2146 шаршы метр мектепті жөндеуге республикалық бюджеттен 198 млн. 836 мың теңге бөлінген. Мердігер компания «Фирма ИСКОМ» ЖШС жұмысты іске асыру үшін жергілікті тұрғындар арасынан 43 адамды жұмыспен қамтып, құрылысты жоспарланған уақытта аяқтады. Бүгінгі таңда Чапаев жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары штаттық режімде оқып жатыр.

1984 жылы 464 оқушыға арналып салынған Ақсуат ауылындағы Ақсуат жалпы орта білім беретін мектебі содан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Тозығы жетіп, төбе жабыны ескіріп, есік-терезесі, жылу жүйесі сын көтермейтін жағдайға жеткен мектепті жөндеуге республикалық бюджеттен 231 млн. 990 мың теңге қаражат бөлінді.«Алтим» құрылыс компаниясы мердігер болып анықталды. Бұл ғимараттың бір бөлігінде 40 орындық шағын орталық бар.

Биылғы тағы бір жағымды жаңалық - елімізде орын алған төтенше жағдай мен карантинге қарамастан Жаңа Өмір ауылында «Алмажан» жеке меншік бөбекжайының ашылуы. 100 балаға арналған бөбекжайдың «кезекші топтарында» бөбектер тәлім алуда.

 P.S. Біздің қоғам замануаи білімді қажет етеді. Сондықтан білім ордаларына артылар күш те орасан. Болашақта ауданымыздың әр мектебінен бәсекеге қабілетті, еліміздің дамуы үшін аянбай қызмет ететін, нағыз патриоттар тәрбиеленіп шығады деген сенімдеміз.

Аягөз Айтқалиева,

Теректі ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале