Бүгін Жәнібек аудандық мәслихатының мәжіліс залында аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Ескендір Елемесовтың жетекшілігімен Қоғамдық кеңес отырысы өтті.
Жиынға аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Манарбек Әдиев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғибрат Айтқалиев, аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Әл-Фараби Қадыров қатысып, баяндама оқыды. Сонымен қатар қоғамдық кеңестің бірқатар мүшелері жиынға Zoom платформасы арқылы қатысты.
Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы М.Әдиев өз баяндамасында бөлімі арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің орындалуы турасында айтып өтті. Оның айтуынша, облыс аумағында жылжымайтын мүлік объектілерінің мекенжайын айқындау бойынша 72 қызмет, құрылыс және реконструкция жобаларын әзірлеу кезінде бастапқы материалды ұсыну бойынша 41 қызмет, эскизді келісуден өткізу бойынша 29 қызмет көрсетілді.
Өз кезегінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғ.Айтқалиев әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерінде мүгедектер үшін қолжетімді ортаны құру жұмыстары туралы айтты. Оған Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан «Пандустар талапқа қаншалықты сай», «Мүгедектерге арналған көліктер бар ма?» деген сұрақтар қойылып, жауап берілді.
Аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Ә.Қадыров ауданның жер қатынастары бөлімінің конкурсқа шығарылған жер телімдерінің тізбесін қалыптастыру туралы баяндама жасады. Бос жерлерді конкурс тәсілінде табыстауды ұсынып, кеңес мүшелерінің келісімін сұрады.
Жиын соңында Қоғамдық кеңес мүшелерінің келісімі сұралып, күн тәртібіндегі мәселелер қаперге алынатыны айтылды.
Бақытжан Маратұлы,
Жәнібек ауданы