18.01.2024, 17:45
Оқылды: 53

Қоғамдық кеңестің ықпалы қандай?

Тасқала ауданында қоғамдық жұмыс жетерлік. Бәрі де халықпен байланыс жасап, өздерінің жұмысын көрсетіп жүр. Соның ішінде қоғамдық кеңес мүшелері қандай қызмет атқарады? Тағы да басқа сұрақтар төңірегінде аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ганмирлан Тұрғаналиевпен пікірлескен болатынбыз.

4бетке фото

– Ганмирлан Ғұсманұлы, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы болып қызмет жасағаныңызға да біраз уақыт өтті. Жалпы, қоғамдық кеңестің қызметі туралы атап өтсеңіз?

– 2022 жылғы 17 ақпан күні жаңа қалыптастырылған Тасқала аудандық қоғамдық кеңесінің ІІІ шақырылымының I отырысы өтті. Отырыс Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес өткізілді. Осы отырыста заңнамаға сәйкес кеңес төрағасы болып сайландым. Қоғамдық кеңес 11 адамнан сайланды. Сонымен қатар қоғамдық кеңестің тұрақты комиссиялары мен төралқасы тағайындалды. Екі тұрақты комиссиясы құрылды. Біріншісі экономикалық даму және бюджет мәселелері болса, екіншісі денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөнінде болды.

«Қоғамдық кеңестер туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңына және Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2021 жылғы 26 ақпандағы №69 бұйрығымен бекітілген Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережеге сәйкес дайындалған Тасқала аудандық коғамдық кеңесі туралы ереже бекітілді. 2023 жылы қоғамдық кеңестің 13 отырысы өткізілді. Азаматтардың құқығына, бостандығы мен міндетіне қатысты жиырма нормативтікқұқықтық акт қаралып, барлығына да оң ұсыным берілді. Аудан бюджетінің атқарылуы туралы есептер тыңдалып, оған да оң нәтиже берілді. Сонымен қатар жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін конкурс арқылы жалға беру туралы келісім жасалды.

– Ауданда қоғамдық кеңестің ықпалымен қандай іс жүргізілді? Сол жөнінде тарқатып айта кетсеңіз?

– Қоғамдық кеңесте қаралатын мәселелердің барлығы да көлеңкеде қалып көрген емес. Әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, кеңес мүшелері әрдайым назар аударып отырады. Қоғамдық кеңес отырыстарында баяндамашыға сұрақ қойып, белсенділігін танытады. Тасқала ауданы Айнабұлақ ауылында 60 орындық мектеп құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтауға және Айнабұлақ ауылындағы 60 орындық мектептің құрылыс монтаждау жұмысын жүргізуге келісім берілді. Ауылдық округтер мен аудандағы мекемелердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл бағытындағы жұмыс және көрсетілетін мемлекеттік қызметтер мен оның сапасын арттыру туралы жеті есеп тыңдалды. Аудан әкімінің 2022 жылғы атқарған жұмысы жайлы есебі тыңдалды. Одан басқа да есептер: Тасқала ауданы әкімдігінің «Тасқала аудандық коммуналдық шаруашылығы» МКК-нің 2022 жылы атқарылған жұмысы туралы есебі; Тасқала ауданы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына мониторинг жүргізу бойынша Тасқала аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің есебі; аудандағы қоғамдық тәртіптің қамтамасыз етілуі және елді мекендерде абаттандыру қағидалары талаптарының сақталуы туралы аудандық полиция бөлімінің есебі; Тасқала ауылын абаттандыру жұмысын мониторингілеу бойынша Тасқала ауылдық округі әкімінің есебі тыңдалды. Тыңдалған есептер қаперге алынды. Тиісті ұсыныстар берілді. 2023 жылы жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініш болған жоқ. Аудандық қоғамдық кеңес 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңының негізінде құрылып, жұмыс істеп келеді. Өз жұмысында осы заңмен қатар, «Тасқала ауданының қоғамдық кеңесі туралы» ережені басшылыққа алады. Қоғамдық кеңес ауданның жергілікті мемлекеттік басқару органдары, ұйымдар, азаматтармен бірлесіп құрылған консультативтік-кеңесші, бақылаушы орган саналады.

Аудандық қоғамдық кеңес 11 адамнан тұрады. Кеңестің мақсаты – азаматтық қоғамның маңызды мәселелері бойынша пікір білдіру. Қоғамдық кеңестің жоғарғы органы – қоғамдық кеңес отырысы. Отырыстар арасында қоғамдық кеңес төралқасы қызмет атқарады. Қоғамдық бақылау қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау, қоғамдық сараптама және мемлекеттік атқарушы органның есептерін тыңдау арқылы жүзеге асырылады. Аудан көлемінде мемлекеттік қызмет көрсету ұйымдарының лауазым иелерінен белгіленген тәртіппен ақпарат сұратылып, көрсетілген қызмет бойынша үнемі есеп тыңдау өткізіліп отырады. Қоғамдық кеңес қоғамдық бақылауды мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдау процесіне азаматтық қоғамның қатысу мүмкіндігін кеңейту мақса­тымен жүзеге асырады. Мемлекеттік органдардың қызметіне сенім деңгейін арттыру, қоғам мен мемлекет арасындағы кері байланысты қамтамасыз ету, әлеуметтік жанжалдың алдын алу және оларды шешу, халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл процесіне тарту бағытында әрекет етеді. Жалпы айтқанда, азаматтық қоғам мен биліктің арасында қарым-қатынас жақсы. Күні кеше пилоттық жоба ретінде өткен аудан әкімін сайлау кезінде де қоғамдық кеңестің маңызы зор болды.

– Пікіріңізге көп рақмет. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін!

 

Темірболат Тоқмамбетов,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале