12.10.2020, 12:07
Оқылды: 21

Қой баққанға бітеді

 

Ата-бабамыздың «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деген дана сөзін санамызға сақтап өстік. Құлағымызға құр босқа құйып алмай, ата кәсіптің жілігін шағып, қой шаруашылығын қазіргі заманға сай дамытып дөңгелетіп отырған азаматтар да  жетерлік. Солардың бірі – Руслан Ибатов. 2017 жылы «West Kaz Агро» деген шаруа қожалығын құрған ол  кәсібін өркендетуде. 

7649faad-e378-4401-b043-61bcc49f66ab

Әмбеге аян,  2018 жылы Теректі ауданы «Бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасаған үздік аудан» атанған болатын. Республикалық рейтинг қорытындысы бойынша елдегі 232 аудан ішінен көш бастаған еді. Демек, ауданда қандай да болмасын пайдалы іс бастаймын деушілерге әркез қолдау бар деген сөз.

- Былтыр қыста Шаған ауылдық округінен 900 гектар жайылымға арналған жер алдым. Сөйтіп, қой шаруашылығымен айналысуды құп көрдім. Мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы аясында 10 млн.теңге қаржы алып, оған асыл тұқымды еділбай қойларын сатып алдым. Айта кетейін, асыл тұқымды мал Жаңақаладағы «Бірлік» мал зауыты» ЖШС-нан әкелінді. Бүгінгі уақытта қолымда 284 қой бар. Өзіміздің өңірмен қатар Қызылорда, Атырау, Ақтөбе қаларынан қой сатып алуға сұраныс та бар. Мәселен, қала орталығында бір бағланның бағасы  35 мың теңге болса, біздер 30 мың теңгеден саттыққа шығардық, - дейді қожалық иесі.

88012010-639e-4217-bb10-70e86bb9f9f1

Сөз арасында кәсіпкер қой жүні мен терісі өңделмей, рәсуа болып жатқанын тілге тиек етті.

Жалпы, мал шаруашылығы, біздің халық үшін таңсық емес. Арнайы оқуын оқымаса да өрісті төрт түлікке толтырған бабалардың ұрпағымыз. Мал бағудың қыр-сырын бала кезінен үйреніп, көріп өскен кейіпкеріміздің бұл кәсіпті өркендетуі де заңдылық.

Бүгінде қой шаруашылығы – отандық агробизнестің негізгі бағыттарының бірі. Десек те, әлі де болса шикі тұстары да жетерлік. Бұл туралы да кәсіпкер Руслан Өтегенұлы айтып берді.

- Мәселен, ауылшаруашылығы саласын дамытуда кедергілер өте көп. Тіпті бекітілген ережеге де өзгеріс қажет. Шағын және орта бизнесті өркендету жұмыстарына мемлекет тарапынан қолдау тапшы. Осы мәселелер жөнінде ҚР  Ауыл шаруашылық министріне биыл  e-gov.kz порталы арқылы хат та жолдадым. Сондай-ақ, аналық мал өсіретін мини-фермалар хақында сөз де қозғадым. Айталық, жеке шаруашылықты құрғаныма үш жылдай болған екен. Осы жыл ішінде 10-12 млн.теңге тұратын мини-ферма аштым. Бұл жаңадан құрылған қожалық үшін үлкен жетістік. Көлемі 6×36 метр болатын қора салдым, оның алдына қар, жауын-шашыннан қорғайтын аула да қоса салынды. Бір сөзбен айтқанда, инвестиция құйылды. Бірақ, ауыл шаруашылық саласы  мұны инвестжоба ретінде қарап отырған жоқ. Жаңағы жұмсалған қаржының ең болмаса 25 пайызын қайтарып берсе, мен ол ақшаға қосымша мал сатып алып, я болмаса  қажетті техиканы алар едім, - деп шаруашылық барысындағы олқы тұстарды жіпке тізді.

Айтпақшы, Руслан аға мал шаруашылығымен қатар бау-бақша өнімдерін өсірумен де шұғылданады екен. Қосымша 3 гектар жерге қызанақ, қияр, сәбіз, қызылша егіп, оларды базарға, ауылшаруашылығы  жәрмеңкесіне саттыққа шығарып жүр.

Ол кісінің қос бірдей мамандығы бар. Бірі – агроном, бір – мұнай-газ саласының мамандығы. Екінші мамандығы бойынша Қарашығанақта 15 жыл жұмыс істеген. Кейін жеке кәсіп ашуды жөн көріп, бизнеске бет бұрған. Енді мал басын көбейту, асылдандыруды мақсат тұтып отыр.

8173c678-9ec5-4045-8a47-02f113982523

Кейіпкеріміздің кіндік қаны тамған жері – Жалпақтал ауылы. Бұл ауылдың жұртшылығы Руслан Ибатовтың жақсылығын әлі күнге дейін жыр қылып айтып жүр. Өйткені, Руслан ағаның бастамасымен бірқатар игі істер жүзеге асқан. Ел мәдениеті мен әдебиетін дамытуда өзіндік үлесін қосқан елжанды азамат.

- Елге аянбай қызмет ету, оның экономикасын өркендету – адамдық борышымыз. Біздер кезінде еңбекке ерте араластық. Одан қор болмадық. Қазір балалардың қолынан телефон түспейтін болса, біздің бала кезімізде қолымыщдан кетпен-күрек түспеуші еді ғой. Сол еңбектің арқасында білім саласында да қызмет атқардым. Музыкаға жақын болып өстім. Ұлттық аспабымыз – домбыраны тартатыным бар. Еңбек, өнер саласындағы белгілі тұлаларды өскелең ұрпаққа таныстыру мақсатында басылым беттеріне мақала жазып жүремін, - деген Руслан ағаның сөзінен  әр саладан хабардар екенін байқадым.

Аяулы жары Толқын апай екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, көпшілікке адамгершілігімен, адалдығымен, еңбекқорлығымен үлгі болып отырған шаңырақ.

 

  Самал Жәмет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале