«Барбастау» - бар бастау
Кең далада ағып жатқан өзенге Барбастау деген атауды кім бергені қазір ұмытылып қалған. Десек те, ол кісінің тапқырлығына сөз жоқ. Барбастау – «Бар бастау», яғни бастау осы жерде.
Осы өңірдің тарихына үңілсек, көптеген бастамалар осы Жайықтың сол жаға сағасы, ұзына бойы 100 шақырымнан (111 км.) астам өзеннің бойында басталғанына көз жеткіземіз.
Тіршілік атаулы өзен-су бойында болатыны анық. Сондықтан да,қос өзен тоғысқан жерде қоныс-мекен, қоғам пайда болуы заңды. Сөйтіп, Барбастау Жайыққа құяр жерінде Орал қаласынан да жасы үлкен қала болған.. Бұл - біздің болжауымыз.
Тарихшылар куәлігі мен ғалымдар пайымдауынша, Подстепный, Социализм ауылдары мен Жайық өзені арасындағы аумақта ежелгі қалашық болған. Оған дәлел – сол жердегі Қалашық, Кресты, Сандық, Бекет және т.б жер атаулары. Елді мекен орындарын баяғыда-ақ шөп басып тастаған. Тек төмпешіктер ғана сол жерде ел отырғанын байқатады.
Уақыт өтке келе сол қыр-жыралар, қорғандар төмпешік болып қалғанмен, әбден жоқ болып кеткен жоқ. Олар ғарыштың ақпараттық алқабында сақтап қалады.
Табиғаттың басты сәулетшісі – уақыт, көмекшісі – ауа райы. Қалың шөп басып кеткен осы жерлер туралы да тап солай айтуға болады. Біз жүздеген, мыңдаған жыл бұрын болғанды сараптап, құрастыруға тырыстық. Ғалам үшін өткен жылдар түйіршіктей болғанмен, адам үшін – тұтас дәуір.
Сандық қаласы
Жайық өзеніне Барбастау құяр жердегі биіктік тарих тұрғысынан бізді қызықтырады. Шағатай ауылы жақтан салынған соқпақ жол қазіргі Социализм ауылы маңынан өтіп, ежелгі қалаға барар бағытты көрсетіп жатыр.
Осы жердің байырғы тұрғыны Кәкімов Мұрат аға: «Бұрын бұл жерді халық Кіші Ақтөбе деуші еді. Енді Үлкен Ақтөбе дейтін болыпты. 20-ғасырдың орта шенінде ауыл тұрғындары осы соқпақпен, айлақ аумағындағы тақтайдан жасалған көпір арқылы қалаға баратын. Бұл соқпақ биіктікті жанамалап өтеді. Халық арасында жер атауы – Сандық», - деп естелігімен бөлісті.
Кейбір географ ғалымдар осы биіктік екі өзеннің суына желіну мен үйінді топырақ салдарынан болған дейді. Осы Сандық қолдан жасалған биік оба екен деген де аңыз бар халықта. Барбастау өзенінің оң жағалауы мен Жайық арасында жатқан биіктік XI – XII ғасырларда пайда болған. Егер бұл жерге көшпелі даладағы құрылыс ретінде қарасақ, ең ежелгі қалалық құрылымның алғашқы үлгісі екендігі даусыз. Егер тап сол болжам рас болса, Сандық қаласының жасы біздің Оралдан әжептәуір үлкен.
Жайсаң Ақбайдың «Радуга Акжаик» кітабында қыпшақтар Сығанақ, Түркістан, Мерке, Тараз, Отырар және Сандық пен Сақсын (Жайық өзенінде) қалаларының негізін салған деген дерек келтірілген.
Осы жерде ата-бабасынан мекендеген тумалар: «Сандық-тау», «Сандық қала» дейтін. Сандық – сандық, қала - қалау (қалау, құрылыс тұрғызу).
Біздің түсінігімізде қала – үлкен елді мекен. Бұрында қала деп жаудан бас пана болар жерді айтқан сияқты. Қала – қалау. Топырақ жалмен, шарбақпен не шым кесекпен қалап, қоршалған жер.
Бүгінгі біздің түсінігіміз бойынша қаланың үлкендігі мен көлемі жөнінде айтар болсақ, мына мысалдарға қараңыз: 1897 жылы Орал қаласы қазіргі Қазақстан аумағындағы ең ірі қала болған, тұрғын саны – 36, 4 мың адам. Салыстырмалы алсақ, Верный қаласында (Алматы) – 29, 5 мың тұрғын болған. Қазіргі Сырым ауданының әкімшілік орталығы Жымпиты ауылы ХIХ ғасырдың екінші жартысында Орал қаласынан да үлкен болған көрінеді.
Қала орыны оба сияқты, биік. Көлемі 200 Х 100 м. тік төртбұрыш. Шығыс жағын Барбастау арнасы, оңтүстігін жыра мен ескі арна шектеп жатыр. Солтүстігінде, шамамен 40-60 метр аралықта ені 8 метрлік ор қазылған. Оңтүстігі– 140 м, шығысы – 90 м, солтүстігі – 150 м, батысы – 35 м. Қамал биіктігі – 5 м. Солтүстік-шығыс қабырға топырақ жалмен көтерілген. Биік жалдан садақшылар жауға қарсы көздеп, жебе жаудыртқан. Қамалдың солтүстігінде баспалдақты кірер жол.
Жау тек солтүстіктен, шалғын жақтан шабуылдауы мүмкін еді. Бірақ ол жерде садақшылардың жауған жебесінен өту екіталай. Өткеннің өзінде де, биіктігі бес метрлік тік қабырға, оның астындағы су толтырылған орға барып тіреледі. Тап осындай қамалдар Жайық өзені бойында, басқа да жерлерде салынған шығар.
Пайымдауымызша, Сандық–паналау орыны. Қамал-баспананы айналдыра жертөле қазып, адамдар өмір сүрген, мал бағып, егін салған. Қасындағы орманнан жеміс-саңырауқұлақ жинап, өзеннен және ескі арнадан балық аулаған. Кейде жау шауып, осындай беймарал тірліктің шырқы бұзылған. Сондықтан да жаудан қорғану үшін осындай қорған қалаған. Қаладан алыста тұрған барлаушы бекеттері «жау» деген хабар берген кезде, мал-жанымен қамал ішіне тығылған.
Далалық жерде Сандық сияқты қамал қалауға қол астында бар балшық, ағаш қолданылған шығар деп болжамдаймыз. Шамасы, сол кезде шарбақ тоқып, балшық құю арқылы қамал қабырғасын тұрғызған шығар. Биіктігі 5-6 метрлік қабырға қалау үшін көп адамның қол күші керегі сөзсіз. Сондықтан әркімге өз міндеті бөлініп берілген. Біреудің міндеті мал бағу, тағы бірі қамал қалап, енді бірі қауіп қай жақтан келер деп, күзетшілік жасаған. Сөйтіп, бір сөзбен айтсақ, қоғамдық өмірдің, қалалық құрылымның алғашқы белгілері қалыптасты.
Тап осындай үлкен құрылыс салу үшін еңбек құралдары, белгілі бер деңгейде құрылыс жүргізу ісіндегі біліктілік пен тәжірибе керек. Яғни еңбек құралдары - күрек-кетпен, балта, соғыс құралдары – садақ, жебе, найза жасайтын шебер темірші ұсталар тобы пайда болды. Сонымен қатар тұрғындар алдындағы малының терісін өңдеп, жіп иірген болуы да мүмкін. Бәлкім, олар мата-бөз бен басқа да тауарларды өз заттарына, мысалы, тері, ет, қой-жылқыға көпестерден айырбастап алған шығар. Өйткені ежелгі Жібек жолының бір тармағы сол Сандық қаласы тұсынан өткен. Қазіргі Подстепный тұрған жер Жайықты кесіп өтер алдында тынығып, дайындалатын орын болды. Сөйтіп, ол жер шекара бекетіне айналды.
Керуен келген кезде бұл жер үлкен базарға айналатын. Екі жақ – жергілікті халық пен шеттен келген көпестер бір-бірімен тауар алмасатын. Сондықтан да Подстепный ауылы кезінде Меняльное (Айырбас) деп аталған.
Осы жерде мал бағылып, құрылыс салынды. Ержүрек сарбаздар жауымен шайқасты. Жұмыс қызып, базар қайнап жататын. Жаңа қала пайда болды. Көшпенді өмір сүрген халық үшін бұл әбден өзге қалып еді. Жаңа өмірге, отырықшы тірлікке халықтың үйренісуіне табиғат та қолайлы болды. Шөбі шүйгін, екі өзеннің арасында жатқан мекенге жеміс-жидегі, аң-құсы мол орман да жақын жатқан-ды.
Бүгінгі күн есебімен алсақ, Сандықты «қала» деп атау, көптік етер. Дегенмен бұл қала, қоғам, әлеуметтік бірлестік құрудың ең бастапқы сатылары болатын. «Сандық» деген ежелгі қаланың бүгінгі күнге дейін жетпей, ертегі болып қалғаны көңілімізді пәс етті. Бірақ небір дүркіреп тұрған Отырар, Сарайшық, Помпей сияқты қалалар да қирап, тарих бетінде тек атаулары қалды емес пе?!
Мыңдаған адам тұрғызған қала сырттан шапқан жаудың кесірінен тып-типыл болып, не болмаса, жаппай қырғындай тиген ауыр індеттен қаңырап бос қалуы да мүмкін. Ондай жағдайда аман қалғандар жаңа орынға көшіп, жаңа қала-мекеннің іргесін қалаған.
Мақсот Мырзағалиев,
ҚР ағарту ісі үздігі,
ҚР Жағырапиялық қоғамы және
Халықаралық балалар-жасөспірімдер туризмі
және өлкетануы қоғамының толық мүшесі,
профессор
Материалды тәржімалаған Камелия Өтеу
zhaikpress.kz