Әдеттегідей бүгін де туған жердің аспаны жаңбырдан кейін сүттей ақ тұманға оранып тұр. Көшелерде ит үріп, тауық қыт-қыттап, өмірдің күнделікті тірлігі басталған. Осы бір беймаза тіршіліктің арасында көк сөмкесін асынып Гүлсара Мүсәғалиқызы жаяу жүргінші жолдарымен аяндап келеді.

Кейіпкеріміз небәрі 2 жыл уақыттың ішінде ауыл көшелерінің әр бұрылысын жатқа біледі. Әлгі қолындағы көк сөмке ауыр емес, бірақ оның ішіндегі әр аманаттың салмағы бар. Себебі онда бір үйдің қуанышы, бір адамның сағынған сәлемі, бір жанның күткен жаңалығы жатқанын ол жақсы біледі. Кейіпкеріміздің өнегелі өмір жолына оралсақ, 1971 жылдың 1 тамызында Қараоба ауылында дүниеге келген Гүлсара Мүсәғалиқызы еңбегімен елге үлгі болып жүрген қарапайым да қадірлі жан. Балалық шағын туған ауылдың құмды жолдарында өткізіп, Қараоба мектебінде білім нәрін бойына сіңірген ол 1988 жылы мектепті аяқтайды.
Өмірдің жаңа белестеріне қадам басқан Гүлсара апай 1992 жылы отбасын құрып, бір ұлды тәрбиелеп өсірді. Ана мейірімін арқау етіп, әр ісіне жауапкершілікпен қарайтын ол қайда жүрсе де адал еңбегімен көзге түсті.

2023 жылдан бастап «Қазпошта» АҚ-ның пошташы қызметін атқарып келеді. Бұл көпшілік сырттай оңай көретін, бірақ шын мәнінде төзім мен табандылықты, аса жауапкершілікті талап ететін қызмет. Гүлсара апай ауа райының аптап ыстығына да, қақаған суығына да қарамай, күн сайын ауылдың әр көшесін аралап, 213 үй мен мекемеге газет-журналдар, хат-хабарлар жеткізеді. Аптап ыстықта да, қақаған аязда да, жаңбыр мен боранда да ол жолынан қалмай, жұмысын жасайды. Әлбетте жаңбырда жаурап, қыс та тоңған күндері аз емес. Бірақ ауылдағы егде тартқан үлкендердің табалдырығынан жылы лебіз естігенде, кейіпкеріміздің бойындағы шаршау әп-сәтте ұмытылады.
- Қызмет істеп жүргеніме көп уақыт болмаса да, қызмет барысында көптеген адамдармен жолықтым. Әр түрлі адамдар бар жеткізген аманаттарды әрқалай қабылдап жататын. Әлбетте зейнеткерлердің зейнетақысын үйлеріне жеткізіп бергенде ол кісілердің жылы лебіздерін естіп жатамын, - деді өз сөзінде.

Осылайша, кейіпкеріміздің пошта сөмкесінде тек қағаз бен басылым ғана емес, адамдардың аманты, қуанышы да бірге жүреді. Гүлсара Мүсәғалиқызының жүрегіндегі мейірім сол көк сөмкеге сыйған жылылықтың ең басты сыры.
Жұлдыз Асқар,
Казталов ауданы