Мемлекеттік рәміздер еліміздің Тәуелсіздігін айғақтайды. Тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп, оларға биік мәртебе беріледі. Сондықтан да мемлекет әр бір қазақстандыққа мемлекеттік рәміздерді қастерлеуді парыз етеді.
Осыған орай бүгін Жаңақала мектеп-гимназиясының алдында Қазақстан Республикасы мемлекеттік Туды көтеру салтанатты шарасы өтті. Алдымен Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дәурен Мерешов пен Алматы қаласында техникалық және орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының халықаралық кәсіби шеберлік байқауының дәнекерлеу ісі бойынша ІІІ орын иегері, Жаңақала колледжінің педагог-модератор санатындағы өндірістік оқыту шебері Даниярбек Әбуов көк туымызды көкке көтерді. Содан соң аудан орталығындағы барлық мекеме ұжымдары мен лагерь тәрбиеленушілері кеуде тұсына қолдарын қойып, Гимнімізді әуелете шырқады.
Сыйлыхан Жұмасалық,
Жаңақала ауданы