11.10.2022, 9:45
Оқылды: 84

«Көкала ту, көлбеңдей бер көгімде!»

Саналы ғұмырын қазақ әдебиетіне арнаған жерлесіміз, ақын, ғалым Сағынғали Сейітовтың туғанына 105 жыл толмақ. Қарғадай кезінен-ақ қолына қалам ұстап, ақын бала атанған ол кейін Ұлы Отан соғысына қатысты. Майдангер мұнда да өлең, мақалалар жазып, қаруластарының ерлігін паш етті. Ол сол кезде облыстық «Екпінді құрылыс» (қазіргі «Орал  өңірі») газетінде жиі жарияланды.

IMG-20221011-WA0001

Тұңғыш өлеңдер жинағы «Большевиктер» 1951 жылы жарық көрсе, жүрегі тоқтаған 2007 жылға дейін «Қазақ поэзиясындағы Маяковский дәстүрі», «Тоғысқан толқындар», «Өлең өлкесінде», «Серпер», «Өмір өрнектері», «Самғау», «Теректегі тамшылар», «Сөз сұрайды солдаттар», «Жолдас уақыт» және басқа да кітаптары баспадан өтіп, оқырмандармен жылы қауышты. Сөйтіп, ол төл әдебиетімізге 65 жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп, халқының қалаулысына айналды.

Ақынның ойы, кемеңгер кеңдігі туған елге қызмет етер шақпен тұп-тура үйлесім тапқан. Себебі сонау «қызыл октябрь» тұсында өмір есігін ашқан адамның саналы ғұмыры КСРО-ның күркіреуі мен нөсерінің астында өткен-ді. Кезінде ойдым-ойдым ықтасындарға бас тіреген ойшылдардың қатарында жүріп, осы тәуелсіздіктің таңына қол жеткізді. Кеңестік дәуірдің де, кейін тәуелсіз елдің де терезесін теңестіруге күш салды. Сөйтіп, Сағынғалидың сағынған әні де салмақты, айтары да ауқымды шықты. Демек, ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың көксеген көкірек кемел шағын көрді. Өзіміз өзгенің емес, өзіміздің ерік-жігерімізге ие болдық. Жер-суымыздың, тау-тасымыздың қожасына айналдық. Дәстүр мен даралық, әдет пен ғұрып, салт пенен сана еркіндік құшағына енді. Сөйлер сөзімізді, айтар аузымызды қағар ешкім көрінбейді. Тек ақ сөйлеп көр. Ақынның:

Көкала ту, көлбеңдей бер көгімде,

Қас қақпауың, асқақтауың тегін бе?

Орның биік, тұғырың да тұрақты,

Еңселісің еркіндіктің елінде, – деп шабыт шаңырағын көтеруін орынсыз деп айта алмаймыз. Еліміздің еңселі Туы, әуелеген Әнұраны, етене болған Елтаңбасы – баршамыздың құт-берекеміз, ертеңіміздің еңкеймес терезесі. Ол – елдің келбеті. Ұл-қызымыздың бойында туған Отанның отын мәңгі жағар символикалық бейнелеу биігі. Ғасырдан-ғасырға қалар, айтуға ауыз жетпес айдай ақиқат. Осы ақиқатты әлі де аша түссек...

Табатын тереңнен де асыл әнді,

Жинайтын шашу болып шашылғанды.

Жаңарған тәуелсіз ел төріне кеп,

Салт-дәстүр бастан биік асырғанды.

Көңілім көктен биік көтеріліп,

Көңілім марқайып бір басылғанды, – деп шаттанады. Сөйтіп, шаттығы тәуелсіздіктің көрігін қыздырады.

Кезінде қазақ деген елді біреу білсе, біреу білмеді. Географиялық картада Ресейдің жартылай шөлейтті аймағындай құрғақ өңірдің өткені де, өскені де барша әлемге беймәлім күй кешіп, Мәскеудің ашса алқанында, жұмса жұдырығында жүрді. Ал бүгінде сол «келбетіміз» мүлдем өзгерді. Қазір Қазақстанды барша әлем таниды. Халықаралық қатынастар орталығы. Бейбітшіліктің бесігіне айналған, атомды ауыздықтаған ел. Мәдениеті мен әдебиеті өскен ел. Ғарышқа құлаш сермеген ел.

Жоримын жақсылыққа заман күйін,

Түйемін тұрпатынан талай түйін.

Көремін қияннан да қиналмай-ақ,

Лондоннан қандас ашқан Абай үйін, – деген жыр жолдары ақынның астам ойы емес, шынайы шындықтың кестелі беті. Ақын соны мақтаныш етеді. Қазақтың Абайын арқаланады.

Ақынның туған елді жырлауы да тосыннан төгілмейді. Бұл жерде жадағай-жайдақ ой өруден аулақ. Туған жердің төрін де, жусаны мен жуасын да, Өлеңті өзенінің ағасындай болған Жайықтың жағасын да жасаураған көзімен іздейді. Туған жер – ақын үшін асыл дүние. Ойдым-ойдым Жыландының көлдері мен өзінің кіндік қаны тамған Қандықтың, іргедегі Сайқұдықтың қымыздық иісі бұрқыраған қыры мен ойы қашанда қағаберіс қалмайды. Көктемде Өлеңті тасығанда, суға толатын Мысқал мен Айтжан көлдерінің үзеңгі қағып, ат бауырлайтын суы да сарқылмастай көрінеді. Сайқұдықтың Жыланды жақ беті айнадай жарқырап, әлемдегі құс біткеннің бәрі осында ұя салып жатқандай болатын. Туған жердің соғар желі де, нөпір нөсері де, көкті тіліп жарқ етер найзағай жасыны да ақынға қымбат қазына. Ол үшін Еуропа мен Азияны бөліп жатқан Жайық өзенінің де табиғаты таусылмас өлең.

Жайықтың жайын жай ұқпа,

Бойында қуат ересен.

Ұқсамасаң Жайыққа,

Жайықта тудым деме сен.

Ойнайды көкте жалтылдап,

Найзағай – аспан қамшысы.

Сырғиды төмен там-тұмдап

Үзілген бұлттан тамшысы, – десе,

Сәнденіп, сәулеттеніп Сайқұдығым,

Шомылдың шұғыласына май  күнінің.

Өрісті Өлеңтінің отауысың,

Сарқылмас көз – қазына байлығының, – деп таңғажайып күй кешеді. Туған жердің топырағы табанын қыздырып тұрғандай тұп-тұнық ойдан айыға алмаған ақынды көру де, жыры арқылы сезіну де жерлестеріне үлкен олжа.

Ақынның туған жері – Қандық. Сайқұдықтан оңтүстікке қарай тайшаптырым жердегі кәдімгі Қандық. Айнала атшаптырым, шүйгінді шөбі мол, көлдің жиегі. Осы жерде Сағынғали ағамыз дүниеге келген. Талай ғасырларға жалғасқан көшпелі елдің мал жайылымына айналған құнарлы өлке, құтты мекен. Бірақ қазір елсіз. Әр жерде белгі бірер ескі қыстаулардың орны бір кездерде осында адамдар тұрып мал бағып, күнкөрістің көзін тапқан епсекті қолдың еленер ізін көресің. Ойдым-ойдым терең құдықтардың орны орға айналып, өткеннің өшпеген ізіндей ой салады.

Осында ұқтым алғаш шуақ барын,

Жіңішке жылға барын, бұлақ барын.

Осында ұқтым алғаш бозғыл үйде,

Жанатын өлеусіреп шырақ барын.

Осында ұқтым алғаш аспан барын,

Қар барын, жаңбыр барын – жастан мәлім,

Есіттім тұңғыш рет күн күркірін...

Аңғардым өмір тану басталғанын, – деп балаң жырмен жастықтың желкен шағына ой жүгірткен болар баланың, келешекте шырақ боларын бағамдайсың. Өмірдің барлық сырына қанықпай-ақ қанығар жол іздеген қарғадай баланың құлшынысын көресің, талпынысын танисың.

Қазақ даласында жер-су атаулары халық тілегіне сай тұспалдау, жору, жақсылыққа иек арту сияқты ой мөлшерін байыптайды. Болмаса, кейбір атаулар белгілі бір данагөй ақылмандарды еске салып отырса, кейбірі болған оқиғаларды мәңгілік жадыдан шығармау үшін де ел есіне сақтаған. «Қандық»  сөзі де «қану»,«мейірі қану» дегенді танытады. Әсіресе, шөлдеген мал-жан үшін қанып су ішу аса қажет және берекелі өңірдің белгісіндей жүрегіңде жатталады. Ақын ойы да осыған келіп тіреледі.

Қандықта талайласым, тағдырласым,

Қалайша жыр маздағын жандырмасын.

«Қандық» деп аталған ол баяғыдан,

Мейлінше ел мерейін қандырғасын! – деп жері сулы, шүйгінді өңірді танығандықтан тұспалды ойы ел тілегімен төркіндес төгіліп тұр. Сөйтіп, көз жетпес көгілдір аспан астында «Қандық» деген жер барын, оның бойында мейірімді ана көзі мен әкенің алғаусыз ақылы бар деп түсінеміз.

Ақында астам ой жоқ. Кем айтып, артық шығуды, аз сөйлеп көп тыңдауды қанағат етеді. Дана болудан гөрі дара болуды күйттейді. Атақ, абыройды өзі іздемейді. Осы даңқтың өзі келгенін қалайды. Әр кез қаламгерлік жолын, қасиетті ізін қорғаштап, кейінгіге үлгі аларлық өнеге-өсиет болып қалғанын тілейді. Өз деңгейінде алған биіктігін мұрат тұтты. Соның мәнді, мәңгі болуын қалап өтті.

Құмартпан атақтарға алабөтен,

Оларды кімнен, не деп талап етем.

Бірімін қаламгердің қатардағы,

Өзімді санамаймын данаға тең.

Тәнтімін талайыма тағдырыма,

Барымды бақытыма балап өтем, – деген тұжырымы да кісіліктің есігін қағып тұрғандай. «Бақыт» деген сөздің баламасын білсе де, барына разы болудың өзін бақытқа балаған жанның кісілігін «кішілік» деп қарау әділетсіздік болар. Міне, адамдықтың ауласы деген – осы. Оның осы бір тұсын тек ақынға ғана емес, баршамызға керек кесек «кодекс» десек, артық айту болмас.

Ақын қаламынан поэзия туралы тұшымды тұжырымдар жиі кездеседі. Қалаулы өлең жазу, қар күреу емес, поэзия құдіретіне сену, оның талабына көну, дегеніне мойынсұну. Осы бір сындардан сүрінбей өтсең ғана ақын атанасың. Арқаланар азабың да аз болмайды. Демек, өлеңге кереккерексіздігін өзі айтады, өзі шендейді.

Кеудемді кернер, кеміген шығар өр екпін,

Кешігем қайда, бүгінде неге бөлекпін?

Шамадан қалмай, сайрауым жөн-ау шамамша,

Өрінде өлең мен, сірә, әлі керекпін, – деп өзінің кесімін айтқан өлеңге, өз поэзиясындағы орнынан ошақты ой көтереді. Тіл қатады. Тіл талабына, поэзия өлшеміне шақ келер шумақтарын жырлайды. Сөйтіп, жасамыс тартқан шағында да өлең алдында баладай ақталып, баладай ақтарылады.

Маған жастан бұйырмаған жол өңге,

Өзім дәйім айналамын өлеңге.

Ырғақ болам, ұйқас болам үйірлі,

Жүрегімнің жарлығына көнем де.

Жаратқан-ау, өзің айтшы мен осы:

Өлгенде де, өлең болып өлем бе?!  – деген жай-күйін түсінесің. Осы түсінік ақынмен тілектестігің­ді танытады. Сөйтіп, ақын жырынан оның жан-жақтылығын мойындайсың. Оған өлеңдерінің екпіні  куә, берер нәрі айғақ.

Азайған болар бойдағы қуат, күшім де,

Жанады бірақ жалтылдап бір шоқ ішімде.

Барына тәубе,  шегінбен  ширек  адым  да,

Үрлеймін шоқты сөндіріп алмау үшін де, – деп өзінің поэзия алдындағы адалдығын жайып салады. Өлең жолындағы өлмес жолын осылай жырлайды.

Сағынғали саптың ақыны болды. Санамалап орнын айқындаудың жолы жоқ. Өз дәуірінің өлшемін танып, оған өлшеусіз үлес қосқан, жаңа тәуелсіз елдің де келбетін аңғарып, кемеңгерлікпен үн қатқан зерек тұлға болатын.

– Сонымен бірге Сәкең КСРО халықтары поэзиясын кеңінен насихаттаушы да. Ол қазақ тілінде әзірбайжан, қырғыз, татар, қарақалпақ, тәжік ақындарының өлең жинақтарын құрастырды. М.Лермонтов, Н.Некрасов, В.Маяковский, А.Твардовский, М.Жәлел шығармаларын қазақшаға аударысты. Осының бәрі Сәкеңді халықтар достығының байланысшысы деуге әбден право береді. Бұл – үлкен абырой, – дейді жерлесі, қаламдасаруласы, ақиық ақын Жұбан Молдағалиев.

IMG-20221011-WA0000

Жасырары не, кезінде М.Калинин мен К.Маркске де көлеңке түсірмей құрмет тұттық. Дірілдеткен Дзержинский мен «мамамыздай» болған Крупская да күллі әлемде, соның ішінде Қазақстанда да абырой биігінде әлдиленді. Олардың есімдерін көшелерге, ұжымшарлар мен кеңшарларға бердік. Әйтсе де, тәуелсіздіктің туын көтеріп, жырмен жалаулатқан Сағынғалидың орны ерек, тарихы терең. Демек, сол абырой биігін алға апара алсақ, лирик ақынға аудан, облыс аумағынан, қала-ауылдардан бір көшеге, болмаса туған жерінде бір мектепке есімі берілсе деген тілек қазір жұрт аузында жүр. Басты сүйене­ріміз: кезіндегі Одаққа танымал жан-жақты ақын, поэзияда халықтар достығын дәуір биігіне көтерген жан, ғалым және еңбектері жұртшылықтың есінде. Бір қуанарлығы, ақынның 100 жылдығы тұсында Ақжайық ауданы Чапаев ауылында кітапхана алдына ақынның кеуде мүсіні қойылып, салтанатты жағдайда ашылған еді. Енді жақсы істің жалғасындай болып осы кешенге ақынның есімі берілсе деген тілек те жоқ емес. Себебі ақынның 105 жасқа толар мерейтойы да иек астында. Бұл елім деген жанға елінің құрметі де болар еді.

Тілес Жазықбай,

Ақжайық  ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале