Бүгін аудан орталығы Жымпитының Қарасу мөлтек ауданының Қ.Сүйірбаев, О.Исаев, А.Асадуллин, С.Жонысов, Б.Момышұлы, Ж.Молдағалиев, Бейбітшілік көшелерінің тұрғындары Қ.Сүйірбаев көшесінің бойына киіз үй тігіп Наурыз тойын тойлады.
Қарасулық тұрғындарды Жымпиты ауылының әкімі Мейрам Қайырғалиев құттықтап, ақжарма тілегін білдірсе, Ардақ Сарсенова Наурыз тойымен құттықтап аналық ақ батасын берді.
Наурыз тойының көркін аудандық саз мектебінің көркемөнерпаздары қыздыра түсті.
Қарасулық ағайынның ауызбіршілігімен төл ойындарымыз тай жарыс, аударыспақ, арқан тарту, жаппай көкпар секілді ойындар ұйымдастырылып, аталмыш мөлтекауданның тұрғындары жүлдегерлерге диплом және ақшалай сыйлықтарымен демеушілік жасады.
Тұрғындарға бауырсақ пен көже таратылып, балаларға шашу шашылып, халық мерекелік көтеріңкі көңіл күйде тарқасты.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы,
zhaikpress.kz