Қаратөбеде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Танылмаған меценат» жобасы бойынша ауданда көкпар ойынының дамуына зор үлес қосып жүрген Сержан Құматовпен кездесу өтті. Кездесуге жастармен қатар көкпаршы шабандоз жігіттер қатысты.
Сержан Ғайыпұлы қалада туып, қалада өссе де ауылға келіп жылқы шаруашылығын қолға алып «Ғайып» шаруа қожалығын құрды. Қаланың қым-қуыт тірлігін тастап ауылға келген Сержан ат спорты десе, көкпар десе ішкен асын жерге қоятын жастардың бірі. Соның бір дәлелі аудандағы «Дәуқара батыр» көкпар командасына үш миллион теңгеге жуық қаражатқа үш сәйгүлік алып берді. Оның ұлттық спортқа мән беріп, көкпарды дамытуға қосқан үлесі құптарлық, мадақтауға тұрарлық іс.
Жаны жомарт жайсаң жанмен кездесуді жүргізген Нұртас Набиоллаұлы «Қалада ер жеткен қалалық жігіттің ауылға келіп шаруашылық бастап, көкпар шабуына не түрткі болды?» деген сауал тастады. Бұл сауалға сәл жымиып күлген Сержан:
– 2020 жылы пандемияға байланысты карантин болып, біраз нәрсеге шектеулер қойылды. Қаладағы тірліктер уақытша тоқтағасын жанұямызбен ақылдасып, ауылға келіп мал шаруашылығын дамытуды қолға алдық. 2021 жылы «Ғайып» шаруа қожалығын құрып, жылқы малын асылдандыру бағытында жұмыс жүргізудеміз. Бұрыннан көкпарға қызығушылығым бар еді. Биыл Ораза айт мерекесінде ұйымдастырылған жаппай көкпарды көріп, ойнауға бел байладым. Көкпар додасында ортаға ойқастай кіріп, серкеге таласу адамды жігерлендіріп, рухыңды оятады, - деді.
Орал қаласындағы №40 мектепте оқыған Сержан жазғы демалыста Қаратөбеде тұратын ағайындарына, Темірбек ауылында тұратын нағашыларына қыдыра келіп, алтын тамыр ауылдан қол үзбеді. Ұлттық ойынды дамытуға зор үлес қосып жүрген Сержан оқушы кезінен баскетбол ойынын да шебер меңгерген жан. Баскетболдан талай байрақты бәсекелерге қатысып, облысымыздың намысын қорғады. Жігітке жеті өнер де аз демекші ол бос уақытында балық аулауды да ермек қылады екен.
Кездесуде алдағы жоспарларымен бөліскен Сержан жылқы шаруашылығын асылдандыру бағытында саумал сауып, қымыз өндірісін қолға алу жоспарда бар екендігін айтты.
Жылқы малын жанына жақын тартатын Сержан Ғайыпұлымен кездесуде теолог маман Әмірбек Жәнібеков, «Қаратөбе» спорт клубының әдіскері Нұрдәулет Сәленов, «Бірлік» көкпар командасының жетекшісі Мұратбек Табылдиев ұлттық спортты ауданда дамыту бағытында пікірлерін білдіріп, көкпаршы жігіттерге талай додада топ жаруға тілектестігін жеткізді.
Кездесу соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин көкпар ойынының дамуына үлес қосып жүрген Сержан Құматовқа алғысын жеткізіп, «Мұхит жастары» ЖҚБ-ның атынан сыйлық табыстады.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz