Биыл қыстың соңы шыңғырлаулықтарға тосын мінез танытты. Жарқырап тұрған күн лезде бұзылып, біресе боран, біресе ысқырынған жел соқты. Ауа райы күні бүгінге дейін оң қабағын бергісі келмесе де әлсін-әлсін себелеп жауған жаңбыр сірескен мұзды ерітуде. Осы себепті Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Ә.Қаражанов аудан орталығындағы мекеме-ұйымдарға көшедегі арықтарды қардан тазарту үшін сенбілікке шығуға үндеу тастаған болатын.
Бастаманы іліп әкеткен 47 мекеме-ұйым қызметкерлері қолдарына күректері мен сүймендерін алып, қалың қар басқан арықтарды тазартып, еріген судың кедергісіз ағуына жол ашты. Алғашқы сенбілікке 2 тиегіш, 2 Камаз, 100-ге жуық қызметкерлер қатысты.
Шеткі көшелердегі қалың қарды арнайы бөлінген техникамен ауыл сыртына шығару жұмыстары да атқарылды. Осы тақылеттес жұмыстар су басу қауіпі жоғары ауылдық округтерде де жүзеге асырылуда.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі де ортақ іске атсалысып, үйлеріне су кіру қауіпі бар көшелердегі тұрғындарға ескерту жасап, аула төңірегіндегі қарды тазарту жұмыстарына шақыруда.
Г. Ибрагимқызы
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz