Аудан экономикасының негізін ауыл шаруашылығы саласы құрайды. Жаз мезгілінде адам баласы қыстың қамын ойлап еңбектеніп, барынша үлгеріп қалуға тырысады. Соның ішінде кешігуді кешірмейтін сала – егін шаруашылығы. Оны сала мамандары жақсы түсінеді. Қарапайым халыққа жазық далада жайқалып тұрған егінді орып ала салатындай көрінгенімен, оның машақаты да бір басына жетерлік.
Ауданда жылдан жылға егіс алқаптарының көлемі ұлғайып келеді. 2023 жылы егілген егіс көлемі 48 900 гектарды құраса, 2022 жылы 42,5 мың гектар егіс егіліп, орындалуы 115 пайызды болды. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы дәнді дақылдардың егілген көлемі 30 мың гектар, майлы дақылдар 10 380 гектар, мал азықтық шөптері 8490 гектар, картоп, көкініс және бақша көлемі 260 гектар болған. 2023 жылдың қорытындысында егін шаруашылығын дамыту мақсатымен жалпы төленген субсидия көлемі – 89 миллион 500мың теңге. Соның ішінде сатып алынған жоғары репродукциялық тұқым бағасын арзандату үшін 11 миллион 800 теңге, тыңайтқыштарға 23 миллион 800 мың теңге, пестицидтерге 11 миллион 500 мың теңге және тапсырылған отандық өндірісіне басымдық беру мақсатымен майлы дақылдар (күнбағыс) үшін 42 миллион 400 мың теңге субсидияланды. Аудан шаруашылықтары 31 трактор, астық жинайтын жеті және мал азығын жинайтын екі комбайн, 60 құрал-жабдық секілді ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мақсатымен 2021-2023 жылдары ауданда 131 трактор, бес егін егу кешені, астық жинайтын 10 комбайн, 14 дәнсепкіш, топырақ өңдеуге арналған 15 техника, мал азығын дайындауға арналған 134 ауыл шаруашылығы техникасы алынған. Егістік жерді тазалау, жер жырту, тұқым себу, суару жұмыстары рет-ретімен жасалып, мол өнім алуға бағыт ұсталады. Ауданда көктемгі далалық жұмыстар басталып кетті. Қыстың ызғары кетісімен қамданған ауыл еңбеккерлері темір тұлпарларын егіс даласына шығарып жатыр. Мол өнім алуға үмітті диқандар осылайша көктемгі егін егу жұмыстарын жүйелі жүзеге асырудың қамын жасап жатыр. «Көктемнің әр күні – жылға азық» деген даналықтың біздің аудан үшін де маңызы зор. Енді оның барысына тоқталып өтсек.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің осы жылдың көктемгі далалық жұмыстары барысы бойынша берген мәліметіне сүйенсек, Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы бекіткен жоспарға сәйкес ауданға 28 200 гектар дәнді дақылдар, 10 740 гектар майлы дақылдар, 10 300 гектар екпелі мал азық дақылдарын егу тапсырылған. Ауданның 58 агроқұрылымы егін шаруашылығымен айналысуға өтініш берген. Егін ауданның Ақтау, Амангелді, Достық, Тасқала, Мерей және Шежін ауылдық округтерінде өсіріледі. Тоқтала кетсек, биыл аудан шаруашылықтарының егіс жоспарына сәйкес 49 297 гектар егіс егіледі деп жоспарланып отыр. 31 401 гектар дәнді дақыл егу жоспарланса, соның ішінде жаздық бидай – 18 406 гектар, арпа – 4765 гектар, дәндік құмай – 120 гектар, сұлы – 200 гектар, ноқат – 924 гектар және тары – 130 гектар. Майлы дақылдардың барлығы – 8514 гектар. Соның ішінде күнбағыс – 3165 гектар, мақсары – 5044 және зығыр – 305 гектар. Мал азық шөптерін 9090 гектарға егу жоспарланса, соның ішінде екпелі біржылдық шөптер – 3300 гектар, көпжылдық екпелі шөптер – 200 гектар, өткен жылы егілген көпжылдық шөптер – 5430 гектар және сүрлемдік дақылдар – 160 гектар. Сондай-ақ ауданда 120 гектарға картоп, 130 гектарға көкөніс және 30 гектарға бақша егу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда ұжымдық бақша егуге 45 гектар жер учаскесі анықталып, дайындық жүргізіліп жатыр. Көктемгі дала жұмыстарына ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдық қажеттілігіне келсек, жаздық бидайдың қажеттілігі 2025 тонна болса, дайындалғаны – 1640 тонна. Арпа қажеттілігі 548 тоннаны құраса, дайындалғаны – 750 тонна. Жаздық құмай қажеттілігі 5 тонна болса, дайындалғаны – 5 тонна, күнбағыс қажеттілігі – 13 тонна, дайындалғаны – 14 тонна. Мақсары қажеттілігі 175 тонна болса, дайындалғаны – 128 тонна, Зығыр қажеттілігі 8,5 тонна болса, дайындалғаны – 8,5 тонна. Мал азық дақылдарынан судан шөбінің қажеттілігі – 82 тонна, дайындалғаны – 82 тонна. Еркекшөп қажеттілігі – 1,6тонна, дайындалғаны – 1,6 тонна. Картоп тұқымының қажеттілігі – 300 тонна, дайындалғаны – 88 тонна. Бұл тұқымды сатып алу үшін ауызша келісімшарттар жасалды. Көктемгі далалық жұмыстарды жанаржағармаймен қамтамасыз етуге келсек, жыл сайын БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен конкурс арқылы арзандатылған бағамен жанар-жағармай бөлінеді. Биыл бас оператор болып «НЕФТЭК» ЖШС белгіленіпті. Ауданға бөлінген 800 тонна жанар-жағармай литрінің бағасы 238 теңгеден белгіленді. Жанармайды шаруашылықтарға бөліп, олар өз уақытында белгіленген кестеге сай алып жатыр. Қазіргі таңда 224 тонна жанаржағармай алды. «Орақшы – бір кісі, комбайн – мың кісі» дегендей, қазір техниканың күшімен күндік жұмысты аз уақытта бітіруге мүмкіндік мол. Арнайы құрылғылары бар техникалар барлық жұмысты әп сәтте тындырып алуға тиімді. Осы ретте егін егу, оны күтіпбаптау, жинау үшін трактор, жүк көліктері мен комбайндар сақадай сай тұр. Егін егуге техникалардың дайындығы 100 пайызды құрап отыр. Бүгінде ауданда егін егу науқаны қарқынды жүргізілуде. Жалпы айтқанда, аудан көлемінде егістік алқап жұмыстары қызу жүріп жатыр. Диқаншылар күндіз-түні тыным таппай, кең-байтақ даламызға қызмет етуде. Енді егіннің молынан өнім бергенін күтіп, бұл тақырыпқа қайта оралып, диқандардың қуанышын бөлісетін боламыз, ағайын!
Болатбек Сапарғалиев,
Тасқала ауданы,
zhaikpress.kz