Шыңғырлау ауданы әкімі Мұрат Өмірәлиев аудан аумағында алғашқы болып көктемгі дала жұмыстарын бастаған Ащысай ауылдық округіне қарасты «Жаңа жер» шаруа қожалығы және «Амангелді Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көктемгі далалық жұмыстарының жүру барысымен танысты.
Аудан әкімі бірінші «Жаңа жер» шаруа қожалығына барып, қожалық басшысы Әлібек Талдыбаевпен кездесті. Шаруа басшысы аудан әкіміне шаруашылықтың биылғы егетін егіс көлемі мен атқарылып жатырған агротехникалық жұмыстарымен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Бүгінгі күнге «Жаңа жер» шаруа қожалығы 300 гектар жерге арпа егіп, минералдық тыңайтқыштарды пайдалану әдісін қолданып жатыр.
Содан кейін аудан әкімі «Амангелді Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабына барды. Серіктестік өкілі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Алдаберген Бақиұлы Нұғманов аудан басшысына егіс алқабындағы 1 550 гектар жерге ылғал жабу, себу алдындағы өңдеу және зиянды өсімдіктерге қарсы улау жұмыстарын көрсетіп, алдағы уақытта жаңа әдісті қолдана отырып егілетін жүгері мен дәнді құмай туралы өз ойын жеткізді.
Өз кезегінде аудан әкімі шаруалардың жұмыстарын оң бағалап, мемлекет тарапынан әрқашан қолдау болатынын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Жалпы биылғы жылы аудан шаруалары жоспарға сәйкес 15 775 гектар аумаққа күздік және жаздық бидай, арпа, құмай, тары, мақсары, күнбағыс және мал азықтық пен бақша дақылдарын егуді жоспарлап отыр. Шаруалармен осы күнге 14 445 гектар аумаққа ылғал жабу жұмыстары, 3 323 гектарға себу алдындағы өңдеу жұмыстары жүргізіліп, 700 гектарға арпа, 300 гектарға мақсары, 352 гектарға көп жылдық шөптер егілді.
Егіс алқабының құнарлығын сақтау және арттыру мақсатында аудан шаруалары минералдық тыңайтқыштарды соның ішінде аммиак селитрасы мен аммофос тыңайтқыштарын пайдалануды қолға алуда. Қазіргі таңда отандық тыңайтқыш өндірушілерден («КазАзот» АҚ, «Казфосфат» ЖШС) тыңайтқыш сатып алған жағдайда мемлекет тарапынан 60 пайыз төлеммен субсидиялау көзделген. Осыған орай, өсімдік шаруашылығымен айналысатын шаруа құрылымдарын егіс алқаптарын құнарландыру үшін минералды тыңайтқыштарды қолдануға шақырамыз.
Әсел Әлім,
Шыңғырлау ауданы,
zhaikpress.kz