29.03.2024, 17:45
Оқылды: 76

Көктемгі су тасқыны тәулік бойы қадағаланады

Қазіргі таңда көктемгі су тасқынына байланысты Казталов ауданында төтенше жағдайға қарсы шара іске асып жатыр. Су тасқыны бойынша арнайы топ құрылып, күнделікті қадағалау жұмысы жүргізілуде. Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Ғаділбек Әлібеков көктемгі тасқын судың бетін қайтаруға қатысты жұмыс тұрақты қадағаланып тұрғаны жайлы мәлімдеме жасап, жергілікті тұрғындарды сабырға шақырды.

су казталов жалпактал

- Аудан көлемінде көктемгі су тасқынының алдын алу жұмысы тұрақты жүргізілуде. Қазіргі уақытта Қараөзен өзені бойынша үлкен су келеді деген болжам бар. Көрші мемлекеттегі әріптестерімізбен байланыс орнатып отырмыз. «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының мамандары ауданға келіп, көмектерін көрсетеді. Қазір Гүрілдеуік, Ғайса, Мәнти бөгеттерінің су жолдары ашылды. Аудан тұрғындарын себепсіз үрейленбеуге, көкткемде келген тасқын суды ел болып тиімді пайдалануға шақырамыз. Көктемгі тасқын су тәулік бойы қадағаланады, - деді Ғаділбек Әлібекұлы.

казталов жалпактал су 2024 (1)

Қазір аудандағы су басу қаупі бар аймақтар түгелге дерлік бақылауға алынып, алдын ала жасалған дайындық жұмысының нәтижесінде көктемгі су тасқыны әзірге бір қалыпты.

Шұғыл ақпарат ұсынған ресми деректерге сәйкес қазір Преузенский су қоймасынан Қараөзенге секундына 215 метр куб, Ворфоломеефка су қоймасынан Сарыөзенге секундына 75 метр куб су келіп жатыр.

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале