26.03.2024, 11:00
Оқылды: 61

Көктемгі су тасқынының алдын қалай алып жатыр?

Қазір Шыңғырлау ауданы бойынша еріген қар суымен екпінді жұмыс жүргізіліп жатыр. Ауданда былтыр бірқатар көшеге асфальт төселіп, жөндеу жүргізілген болатын. Бұл жұмыс осыған дейін көшелер суының табиғи ағу арнасының өзгеруіне де себепкер болғаны сөзсіз. Тиісті мекмелер тарапынан бұл мәселе уақытында ескеріліп барлық көшедегі асфальт төсемі астынан бірді- екілі суағар құбырлар салынды. Бірақ биылғы қар еруі тым қарқынды. Әсіресе соңғы екі тәуліктегі жылылық көп көшенің суға толуына себеп болып жатыр. Қазір жергілікті округ әкімшілігі аула, үй-жайларына су кеткен тұрғындарға қапқа толтырылған құм жеткізіп беруде. Барлық көшедегі үй-жайлар жіті назарда тұр.

434166171_1836234436788316_6834552253834821942_n

Шыңғырлау аудандық төтенше жағдай, аудандық тұрғын үй және коммуналды шаруашылық бөлімдері, аудан басшысы М.Өмірәлиевтің қатысуымен топан су ерік бермей жатқан көшелерде күшейтілген режимде жұмыс жасап жатыр. Қазіргі таңда бірқатар көшедегі су екпіні саябырлағанымен, Амангелді көшесінің Ю.Гагарин көшелерімен қиылысар тұсында қаупі жоғары су ағыны бар. Бұл жерде бірнеше сусорғы құралы (насостар) қойылып, арнасына сыймай жатқан суды қосымша тарту үстінде.

432945182_1836097960135297_2097235381937599793_n

Тиісті мекемелерге бүкіл міндетті артып қоятын ғадетіміз бар ғой, үйлер мен аулаларды топан суға бермейміз деп ұрынып жатқан «төтеншеліктерге» болысып жүрген тұрғындар некен-саяқ. Осындайда әркім өз ауласының алды, үйінің маңын жақсылап жырып, тереңдеу суағар жасап қолқабыс етсе. Көптің күші көктем суын да жеңеді ғой, көшелеріміздің тез құрғап, су басу қаупі азаяр еді. Байқағанымыз саусақпен санарлық тұрғындар үйлерінің маңын жырып, арыққа су жүргізіп, қарекет жасап жүр, дені естияр үлкен кісілер.

А.Құнанбаев көшесіндегі іркілген су көл-көсір. Ұзын көшенің бірі саналатын бұл көшенің бойындағы екі жерден салынған құбырлардың нөпір суды игеруге шамасы жетпей жатыр. Осыдан келіп кейбір аулаларға, үйлерге су кірген. Көше тұрғындары кейінірек осы көшедегі №114,115,116 үйлер тұсынан тағы да кең диаметрлі құбыр салынса дейді. Қазір бұл көшеде аудандық «Комтехсервис» мекемесінің автогрейдер техникасы жұмыс жасап, көшені жырып құбырларға суаған арықтар жасау үстінде. «Жәрдем» шаруа қожалығының тиегіш арнайы такторы да осындай көше суларын бағыттап, арналарға бұрып жатыр.

Асу Тұран,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале