26.05.2022, 16:44
Оқылды: 109

Қолдан құралған трактор субсидияны сұрап тұр

Біздің Теректіде таңқаларлық жаңа техникалық жаңалық ашпаса да, өз қажетіне жарар техника жинап алған азаматтар бар. Ұшқыр ой, техника тетіктерін терең білуді қажет ететін бұл істі жоғары білімді инженер-механиктер немесе конструкторлар емес, ауылдағы қарапайым жігіттер жасады десе, сенер ме едіңіз?

22

Біз осындай тапқыр адамдармен екінші мәрте кездесіп отыр екенбіз.

Осыдан 5-6 жыл бұрын Ақсуат ауылындағы трактор құрастырған азамат жайлы жазғанымыз бар. Жоқтан бар құрастырған ол «Тракторым қажетке жарап тұр. Тек, ауылдан ұзап шыға алмаймын. Мемлекеттік тіркеуден өтпейді, сондықтан тиісті нөмірі жоқ» деп, сол мәселенің шешімін сұрастырған болатынбыз. Сөйтсек, қолдан құрастырған техника заңдастырылмайды екен.

Биыл сондай әңгімені Шалқар ауылының тұрғыны Бақтыгерей Орынғалиев айтып отыр.

Бұл дұрыс та шығар. Өйткені, әр жерден жинап, құраған техника қауіпсіздік ережелеріне сай келмейтін болар.

Дегенмен, бұл істің артында үлкен еңбек тұр емес пе?!

Өйткені, олар ең әуелі техникаға бөлшек болатын темір-терсектерді әр жерден жинақтайды. Ол  шіркін «мен мұндалап» бір жерде тау-тау болып үйіліп тұрса, қане? Жо-жоқ, қажет темір лезде табыла қоймайтыны анық. Бірде, бір бөлшегін, енді бір уақытта басқа бір бөлшегін іздейді. Табыла қойғанның өзінде де бір-бірімен үйлесе қоюы екіталай. Рас. Қазіргі уақытта көлікке қажетті темірлерді сатып алу қиын емес. Қалалық жерде автобөлшектер дүкені, сауда үйлерінде керектінің бәрі бар. Тек, жаңа техника алуға қолы қысқа адам үшін әңгіме ақшаға тіреледі.

-Ауылдың тірлігі техникасыз бітпейді. Шөп шабуға, оны тасымалдауға, мал қарауға, қи шығаруға, қар тазалауға, айта берсең, бәріне көлік керек. Содан ұлым екеуміз қолда бардан көлік жинауға бел будық. Ұлымның мамандығы темір пісіруші (сварщик), қазір Атырауда жұмыс істейді. Тракторды бастан-аяқ жинап шығуға екі айдай уақыт кетті. «Жигулидің» моторын, «Газ-5» қорабын, «Москвич» секілді машинаның бөлшектерін пайдаландық. Оған ілетін шөп шабуға арналған орақ,  жинағыш, тағы да басқа жұмыстарды атқаратын қосымша құрылғылары да бар,  — дейді Бақтыгерей Орынғалиұлы.

IMG-20220502-WA0082

Сөйтіп, шебердің бұл техникасы шаруа тындыруға жарап тұр. Жалпы, тірлігі таусылмайтын ауыл өмірі үшін мұндай шағын техниканың алар орны айрықша. Атқаратын қызметі де шаш-етектен.

-Малға шөпті сатып алмаймыз, осы трактормен өзіміз жинаймыз. Өзім ауылдағы мектепте күзетші болып қызмет атқарамын. Қолым қалт еткенде, осы техниканың жанында жүремін. Әлі де жетілдіріп, ертең шөпке шығарда сақадай сай тұрсын деп майлап-сайлап отырмыз.  Алдағы уақытта «Газельдің»  көлеміндей болатын шөп таситын көлік жасағымыз келеді. Осындай  жұмыстарды жалғастыра беруге, әлі де тың идеяларды іске асыруға болады ғой, әрине. Бірақ, бәрі қаржыға келіп тірелетіні рас. Осы орайда қолдан құрастырылған техникаға жеңілдік, көмек қаржы бар ма  екен? – дейді шебер.

Осыған байланысты біз ауыл шаруашылығы саласындағы техниканы субсидиялау жайын біледі деген біраз маманға хабарластық. Дегенмен, көңіл көншітерлік жауап жоқ. Жалпы, елімізде мұндай қолдан жиналған көлікті заңдастыру жолы жоқ екен. Заңды тіркелмеген көлікке субсидия берілмейтіні айдан анық. Және субсидия беруді реттейтін ереже-қағидаларда  құжатсыз техника түгілі, қолданыста жүргеніне біраз уақыт болған техникаға субсидия қарастырылмаған. Мысалы, «ҚазАгроҚаржы» АҚ www.kaf.kz сайтында «Кредиттер, сондай-ақ технологиялық жабдықтың және ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» жайлы айтылған. Сол жерде «Субсидиялау шарттары» бөліміндегі 4-тармақта «Нысаналы мақсаты ауыл шаруашылығы техникасын, оның ішінде аспалы және тіркеме жабдықтарын сатып алу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы малын сатып алу, негізгі құралдарды сатып алу, құрылыс (ұн, минералды су және алкогольсіз сусындарды өндіруге арналған негізгі құралдарды сатып алуға арналған қарыздарды қоспағанда), айналым қаражатын толықтыру, көктемгі-дала және егін жинау жұмыстарын жүргізуге берілген қарыздар болып табылады» делінген. Осы жердегі 6-тармақта «Жаңа, бұрын пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдық субсидиялауға жатады. Субсидиялау қайтарымды лизинг, қосалқы лизинг шарттары бойынша жүзеге асырылмайды» деп айтылған. Тағы біраз ғаламторды ақтарып, бірқатар сайттарды парақтап шықтық. Байқап отырсақ, қолдан құрастырған техникаға субсидия беру өз алдына,  еш жерде ондай көлікті заңдастыру ережесі жайлы да айтылмаған. Яғни, өнертапқыштың шебер қолынан шыққан, пайдасына жарап тұрған техника іс жүзінде заңсыз жүрген көлік болып тұрғандай.

Қаңқасын қара темірден құрастырып, қосалқы бөлшектерін әр түрлі техникадан жинақтаған, бір сөзбен айтқанда, жоқтан бар жасап, темірге жан бітірген адамның еңбегі осылай еш кетеді ме?

Енді не істемек керек? Тап осындай қолдан құралған қанша техника есепке тұрмаса да, шаруаға қолданылып жүр...  Осы орайда, ауыл шаруашылығы техникасының қолданысын реттейтін органдар не дер екен? Бәлкім, заңгерлер білетін шығар. Осындай тракторлардың құжаттарын жинастыруға, оның тиісті мемлекеттік орындардан тіркеуден өтуіне, жеңілдетілген несие, субсидия алу көмек болар ма екен? Бәлкім, қолдан жиналған техниканы заңдастыру тетігі ашылса, ауылдағы азаматтар шығыны аз шағын тракторлардың  түр-түрін жинап шығарар ма еді, кім білсін? Қолдан құрастырылған тракторлардың бағасы әлдеқайда арзан әрі шаруаны дөңгелетері айдан анық. Ендеше, осы іске септігін тигізер жан табылса игі.

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале