Әлеуметтік қолдау – мемлекеттің азамат алдындағы жауапкершілігінің бір көрінісі. Қоғамдағы әрбір адамның тұрмысын жақсартуға бағытталған жүйелі көмек, әсіресе қиын жағдайға тап болған жандар үшін ауадай қажет. Сондықтан әлеуметтік саясаттың бір тармағы ретінде мұқтаж жандарға уақтылы көмек көрсету – маңызды басымдық. Мемлекет осы бағытта түрлі нормативтік құжаттар қабылдап, нақты көмек түрлерін белгілеп отыр.

Ауданымызда да бұл жұмыс жүйелі жолға қойылған. Мұқтаж азаматтардың санатын нақтылау, көмек кімге, қанша мөлшерде беріледі, барлық ақпаратты ашық, қолжетімді ету басты назарда. Осы орайда біз аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Светлана Өтемісовамен сұхбаттасып, әлеуметтік көмектердің түрі мен шарттары жөнінде оқырмандарға кеңірек ақпарат беруді жөн көрдік.
– Светлана Пазылханқызы, алдымен аудан бойынша әлеуметтік көмектің жалпы ережелері мен құқықтық негізі жөнінде айтып өтсеңіз. Бұл бағытта қандай шешімдер қабылданған?
– Иә, мұқтаж тұрғындарға демеу, қолдау көрсету – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Ауданымызда әлеуметтік көмектер Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, «Ардагерлер туралы» Заңына және ҚР Үкіметінің 2023 жылғы №523 «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» қаулысымен бекітілген үлгілік қағидаларға негізделіп жүзеге асады. Осы құжаттардың негізінде 2023 жылдың 13 қазанында 7-6 нөмірімен «Ақжайық ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары» аудандық мәслихаттың шешімі қабылданды. Ал 2024 жылғы 25 желтоқсандағы №26/4 шешімімен оған нақтылау мен толықтырулар енгізілді. Осы шешім негізінде көмек көрсетудің тәртібі, мөлшерлері және көмек алуға құқылы азаматтардың нақты санаттары белгіленді.
– Көмек қандай жағдайларда беріледі және қандай түрлері бар?
– Біздің тәжірибемізде ең көп сұранысқа ие көмектің түрі – бір жолғы және ай сайынғы материалдық көмек. Бұл көмек нақты қажеттілікке қарай және табысқа байланыссыз да тағайындалуы мүмкін. Мысал келтіре кетейін: туберкулез дертімен амбулаторлық емделіп жүрген азаматтарға – ай сайын 10 АЕК; АИТВ-инфекциясы бар балалардың ата-аналарына – ай сайын облыс бойынша ай сайын ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінде; қатерлі ісік, жүйелі дәнекер тін аурулары, АИТВ секілді ауыр диагноз қойылған адамдарға бір рет – 15 АЕК; мүгедектігі бар балаларға – 15 АЕК, бір жолғы; гемодиализ аппаратын пайдаланатын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға 50 АЕК, бір жолғы көмек беріледі. Бұл ретте осы топтағы адамдардың табысы есепке алынбайтынын ескерткім келеді.
Сонымен қатар жан басына шаққандағы табысы облыс бойынша ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар жылына бір рет 15 АЕК мөлшерінде көмек ала алады. Сондай-ақ осындай қолдау пробацияда тұрған немесе түрмеден босатылғандарға 10 АЕК; төтенше жағдайға, мысалы өртке немесе дүлей апатқа тап болғандарға осы жағдай туындаған кезден бастап алты ай ішінде, табыстарын есепке алмай бір жолғы 50 АЕК мөлшерінде көрсетіледі. Жалпы аурудан І топ, бала жастан мүгедектігі бар адамдар және мүгедектігі бар балаларға 2, осы санаттағы ІІ топ мүгедектігі бар адамдарға 1,5, ІІІ топ мүгедектігі бар адамдарға 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде де көмек қарастырылған.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға санаторийлік-курорттық ем де ұсынылады. Міне, осындай жағдайда олардың қасында бірге жүретін адам керек. Сондықтан І топтағы мүгедектігі бар адамдарды (абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламасында жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтері көзделген, заңнамаға сәйкес жұмыс берушінің кінәсінен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамдарды коспағанда) бірге алып жүруші адамдарға, олардың санаторийлік -курорттық ұйымда болу құнының 70 пайызы жылына бір рет мемлекет тарапынан өтелетінін де айтып кеткім келеді. Ал мүмкіндігі шектеулі жанды кім апару керек деген сұрақ туындай қалса, олар – жеке көмекшілер, жақын туыстары, сондай-ақ ем алушының жұбайы.
– Радиоактивті аймақтардан зардап шеккен азаматтарға қатысты нақты қандай қолдау бар?
– Бұл санат та ерекше назарда. «Капустин Яр» және «Азғыр» ядролық сынақ полигондарының зардабын тартқан азаматтарға ай сайын келесі мөлшерде әлеуметтік көмек беріледі.
1 топтағы мүгедектігі бар адамдарға және бала жасынан мүгедектерге – 2 АЕК; 2 топ мүгедектеріне – 1,5 АЕК; 3 топ мүгедектеріне – 1 АЕК. Бұл ретте көмек алушының табысы есепке алынбайды, және көмек тұрақты негізде беріледі.
Осыған қоса, 1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға; соның салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға санаторийлік-курорттық емделуге 30 АЕК көрсеткіш мөлшерінде біржолғы көмек көрсетіледі. Мұндай қолдау бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге; басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне де қарастырылған.
– Осы көмектерді алу үшін тұрғындар қандай не істеуі керек?
– Бірінші кезекте, азаматтар жергілікті әкімдікке немесе жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өз атынан (немесе отбасының атынан) белгіленген нысан бойынша өтініш тапсыруы керек. Сонымен қатар келесі құжаттар қажет.
- жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);
- тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер, табысы есепке алынбай тағайындалатын әлеуметтік көмек үшін бұл мәліметтер ұсынылмайды;
- төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматқа (отбасына) оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;
- әлеуметтік маңызы бар ауруға шалдыққанын растайтын құжат; жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысқа ие екенін растайтын құжат;
– жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалғанын растайтын құжат;
- жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмайтынын растайтын құжат; бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаны, пробация қызметінің есебінде тұрғаны жөнінде құжат.
Мынаны ескерген жөн, салыстырып тексеру үшін құжаттардың түпнұсқалары және көшірмелерін ұсыну қажет. Кейін түпнұсқа өтініш берушіге қайтарылады.
– Сұхбат соңында тұрғындарға не айтқыңыз келеді?
– Ең бастысы – қолдауға мұқтаж әрбір жан назардан тыс қалмайды. Егер сіздің немесе отбасыңыздың белгілі бір әлеуметтік, медициналық немесе тұрмыстық қиындықтары болса – бізге хабарласыңыздар. Біз құқықтық және нақты материалдық қолдау көрсетуге дайынбыз. Барлық сұрақтар бойынша Чапаев ауылы, Қонаев көшесі, 35-үйде орналасқан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне келулеріңізге болады.
– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет.
Әңгімелескен Әлия Шарапиева