18.02.2025, 15:30
Оқылды: 242

Қолды байлаған байланыс, жолды байлаған балшық. Талдыбұлақта жиында не айтылды?!

 

Кешегі жұмада Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі Айдынғали Балғалиев ауылдастарымен кездесіп, округтің дамуына қатысты мәселелерді бірге талқылады. Жұртпен жүздесуге Сырым ауданынының әкімі Жұмагелді Батырниязов қатысты. 

PHOTO-2025-02-17-15-42-35

- Ауылды өркендетудің ең негізгі жолы - ауыл шаруашылығын ширату. Біздің округте диқаншылық дәстүрлі жолға түскен. Кейінгі жылдары кенжелеген егін ісі қайта екпіндеуде.

2024 жылы талдыбұлақтық диқандар барлығы 3870 га алқапқа дән салды. Жіктесек, 1130 га бидай, 280 га арпа, 1920 га майлы дақыл және 540 га алқапқа екпе шөп екті. - деді Айдынғали Базарғалиұлы.

PHOTO-2025-02-17-15-42-31

Айтқандай, техникалық база да жаңаруда екен. 2024 жылы «Атансай» қожалығы 2 дана  «LOVOL» маркалы трактор, «Кенесары» шаруашылығы МТЗ 892,2 техникасын алды.

Талдыбұлақ ауылдық округіндегі оңалмаған шаруа  болса - ол, байланыс. Бұл мәселені басқа емес, ауыл әкімінің өзі көтерді.  ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыштық өнеркәсібі министрі болған Бағдат Мусин “жаһандану дәуірінің жүйрігіміз, “Жапонияны” басып оздық” - десек те, Жымпиты кенті мен Ақсай қаласының қақ ортасында тұрған ауылда мобильді интернетке мүмкіндік жоқ екені әрине ашындырады.

PHOTO-2025-02-17-15-42-32

Ұялы байланыстың сапасын жақсарту үшін операторға биік антенна - діңгек қою керек екен. Мұнараны демеушілер орнатпаса, үкімет біздің қолдан келмейді дейді. Былай қарап тұрсаң - күн тәртібінде халықтың мәселесі тұр. Оны неге кәсіпкер шешуі керек?!

Екінші мәселе - әрине, жол. Жымпиты - Ақсай жолының құрылысы жүріп жатқанына 4 жылдан асты. Екі тараптан шыққан асфальт бір - біріне қашан түйіседі, тақтайдай жол қашан төселіп бітеді деп ел әлі елеңдеп отыр. Алайда, Ақсайдан шыққан қара жол Тасқұдықтың төбесіне келіп тоқтады. Жымпитыдан шыққан жол Аралтөбеге жеті шақырым жетпей қалды. Екі ортада Талдыбұлаққа обал.

Байланыс қолды байлап, қар мен балшық жолды байлап тұрғаны - ай?! 

 

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале