23.06.2022, 20:14
Оқылды: 15

Колледж түлектеріне диплом табысталды

Бүгін Қаратөбе ауданындағы кәсіптік колледжінде биылғы түлектерге диплом табыстау шарасы өтті.

InShot_20220623_200728790

Қаратөбе кәсіптік колледжі студенттерге қазіргі таңда 4 мамандық бойынша білім береді. Атап айтқанда: «Электргазымен дәнекерлеу», «Ағаш және паркет жұмыстарының шебері», «Ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторист-машинисі», «Электр монтер» мамандықтары бойынша білім береді. Биылғы 2021-2022 оқу жылын 90 студент аяқтап отыр. Соның ішінде колледждің бір түлегі «Ең үздік» диплом иегері атанды.

Салтанатты шарада сөз алған колледж директоры Мәулен Салахадден:
— Құрметті колледж түлектері! Бүгін сіздер үшін ерекше күн. Өз таңдаған мамандықтарыңызды сәтті аяқтап, үлкен өмірге жолдама алып отырсыздар! Біздің колледж студенттерге жан-жақты, сапалы кәсіптік-техникалық білімді меңгеруге үлесін қосып келеді. Сіздер тандаған мамандық - ертеңгі ел игілігі үшін пайдаға жарайтындығына сенімдімін,- деді.
Құттықтау сөзден кейін колледж директоры үлкен өмірге қадам басқан түлектерге мемлекеттік үлгідегі дипломды табыстады.
Өмір күнделігінен тарих болып қалатын студенттердің диплом табыстау игі шарасына арнайы мейман ретінде қатысқан Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Мұса Берікқали, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Махамбет Маралұлы, аудандық электр желілері мекемесінің басшысы Хасанғали Ізғалиұлы, аудандық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Асхат Тойшыбаев және аудандық спорт мектебі мен аудандық жастар ресурстық орталығынан келген мамандар студенттерге сәт-сапар тілеп, ізгі тілектерін жеткізді.
Сонымен қатар жастар саясатын дамытуға және белсенді қоғамдық шаралардың өтуіне атсалысып, оқу-білімдегі жеткен жетістіктері үшін бітіруші түлектер Эльмар Темірге, Ерғазы Валерийге және колледждің 2 курс студенті Шолпан Алтайқызына БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның алғыс хаттары берілді. Сондай-ақ еріктілер қатарында болып, Шалғын ауылына көмекке барған колледждің «Жігер» еріктілер ұйымының мүшелері Эльмар Темір мен Сағыныш Кәрпішовке жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрберген Жоламановтың алғыс хаты табысталды. Игі шарада белсенді студенттердің ата-аналарына да колледж ұжымы атынан алғыс хаттар берілді.
Шара соныңда меймандарға Мәулен Аманшаұлы студенттердің алған мамандықтары бойынша машықтану сәттерін таныстырды.

Әмірбек Жәнібеков,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале