3.12.2021, 11:10
Оқылды: 54

Қолма-қолсыз төлем кімге тиімді?

Цифрлық экономика дамыған сайын, ел экономикасы да өркендей береді. Соңғы жылдары қолма-қол ақшасыз төлем жасауға қоғамды үйрету үдерісінің жылдам өріс ала бастағаны байқалады. Қолма-қолсыз төлем жасау біздің күнделікті өмірімізге дендеп енгендей. Қалаға бара қалсаңыз қалтаңыз бен әмияныңызды «қампитқан» қызыл мен жасыл ақшалар ешкімге керек болмай қалды. Дүкенге кірсеңіз, таксиге мінсеңіз, басқа да ақылы қызметтерді пайдалансаңыз: «Картаңыз бар ма? Біз қолма-қол ақша алмаймыз!» деген жауап естиміз. Қоғамдық көліктердің ішінде де арнайы төлем терминалдары орнатылған. Бұл үрдіс ауылға да келіп жетті.

 21

Әрине төлем карталарын пайдалану ыңғайлы екені анық. Бума-бума ақшадан құтылып, шағын ғана картамен төлем жасай бересіз. Төлем карталарының ішінде, әсіресе, «kaspi gold» төлем картасы жоғары сұранысқа ие. Ал соңғы кездегі Қазақстан Республикасының салық кодексіндегі өзгерістерге байланысты халық арасында: «Картамен аударым жасасаңыз, әрбір операциядан салық ұсталады» деген алып-қашпа әңгімелер қаптап, барлық ақылы қызмет көрсетушілер шұғыл түрде қолма-қол ақша алуға көшуде. Ешкім ештеңе түсінбеген секілді. Әйтеуір бір қарбалас. Қоғамда дүрбелең туғызған осы мәселеге жауап іздеп Казталов ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Аслан Жұмағазиевтің есігін қақтық. Бізді жылы қарсылаған басқарма басышысына төмендегі сұрақтарымызды қойып, тұщымды жауап алдық.

- Соңғы кездегі салық кодексіне енгізілетін өзгерістер туралы айтып өтсеңіз?

- Сенат депутаттары 2021 жылдың 25 қараша күні жалпы отырыста «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы «Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық Кодексі)» және салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы», «Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын екі оқылымда қабылдады. Осылайша, қазіргі таңда заң жалпы парламент қабылдаған болып табылады және Қазақстан Республикасының Президентіне қол қоюға жіберіледі. Соның ішінде мобильді қосымшалар арқылы аударымдар бойынша мәселелері қаралған болатын.

- Жеке тұлғалар арасындағы аударылымдар жасалған кезде салық салынады ма?

- Жоқ. Банк құпиясын сақтау талаптарына сәйкес жеке тұлғалардың аударымдары туралы деректер салық органдарына берілмейді. Заң жобасында ақша аударымына жаңа салықтың немесе шектеудің пайда болатыны көзделмеген. Жеке тұлғалардың қаражаты сатып алу немесе аударым жасау кезінде салық салынбайды. Жақындарына қаржылық көмек және жеке тұлғалар арасындағы басқа да аударымдар салық салу объектісі болып табылмайды.   Барлығы мобильді қосымшаны пайдаланушылар, тек бір «аударма» жолы бар екенің біледі. Аударым аударған кезде тұтынушы ретінде өз құқығын қорғауға мүмкіндік қалмайды, егер сатып алынған затқа чек берілмесе, кейіннен тұтынушы ретінде жеке тұлға тауардың сапасына талап қоюға және оны қайтаруға мүмкіндігі болмайды. Яғни, жеке тұлғалар арасында алып-қашпа әңгімелерге сеніп, құр байбалам салудың қажеті жоқ.

22

- Кәсіпкерлерге аударым жасалған үшін қосымша салық салынады ма?

- Бұл кәсіпкерлер үшін қосымша жүктеме болмайды. Салық мөлшерлемелері, төлеу мерзімдері, есеп беру тәртібі өзгеріссіз қалады. Ауданда жеке кәсіпкерлер көбінесе оңайлатылған декларация салық режимін қолданып келеді. Оларға режим бойынша сол пайыз мөлшерлемесі өзгеріссіз қалады және жеке кәсіпкерлер 2023 жылға дейін салық төлеуден босатылғаны жөнінде айтқым келіп отыр. Жоғарыда аталған өзгеріс тек мобильді қосымшадағы аударым қызметін пайдаланып, өздері пайда тауып, бірақ, толық түсімдерін көрсетпейтін кәсіпкерлерге қатысты. Кәсіпкерлер қолма-қол немесе аударым арқылы алғанған ақшаға түбіртек соғып, салық нысанына толықтай көрсетсе, ештенеден қорқудың қажет жоқ. Кез-келген кәсіпкерлік қызметтен түскен табысқа салық салуы керек. Мобильді аударымдарды кәсіпкерлік мақсатта пайдалану сатушыларды заңнамаға сәйкес салық төлеу және фискалдық чектер беру міндеттерінен босатпайды. Сол арқылы бюджетке түсім түседі, көлеңкелі ақшаны айналымнан шығарылады. Жаңа түзетулерге сәйкес кәсіпкерлер бизнесті жүргізу үшін кәсіпкерлікке арналған шоттарды пайдалануы керек. Ол үшін бизнесмендер өздерінің мобильдік аударымдарын жеке және кәсіпкерлік аударымдарға бөлуге міндетті.

Басқарма басшысының сөзінен түсінгеніміз, салық кодексіндегі өзгертулерге байланысты  жеке тұлғалардың қолма-қолсыз төлем жасағаны үшін ешқандай салық салынбайды. Тек кәсіпкерлердің мобильді аударымдарды кәсіпкерлік мақсатта пайдалануы салық салуға міндеттейтіні айтылып отыр. Сондықтан барлық тұрғындарды сабырлық сақтап, заңды оқып, түсіністік танытуға шақырамыз.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале