“Ата өнері - балаға мұра”, “Ата кәсібі - бала нәсібі”, “Өнер көзі - халықта” дегендей қазақ халқының қолөнері халықпен бірге дамып келе жатқан дәстүрлі өнердің бір түрі. Ол ғасырлар бойы еліміздің мәдениетін, өркениетін көрсетіп келеді. Уақыт өткен сайын қолөнер де заманға сай қарқынды дамуда.

Қолөнердің тәрбиелік мәні жоғары. Себебі ол балалардың қабілеттерінің жетілуіне, белгілі бір кәсіпке бейімделуіне көмектеседі. Қолөнер ұсақ моториканы дамытуға көмектеседі. Сонымен қатар қолөнерде моншақпен тоқу, жіппен кестелеу, жүннен бұйым жасау, құрақ құрау секілді ұлттық және заманауи бағыттар үйлесім тапқан.
Қазіргі уақытта ата-аналар балаларын әлде бір өнерге баулу үшін немесе олардың уақыттарын тиімді өткізіп, шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында балаларын неше түрлі үйірмелерге береді. Қолөнер - қазіргі таңда сұранысқа ие үйірмелердің бірі. Ауданымызда да балаларды қолөнерге үйрететін үйірмелер бар. Солардың бірі аудандық білім бөлімінің “Мектептен тыс жұмыс орталығында” ашылған “Дизайн-студиясы”. Аудандық “Балалар өнер мектебінде” орналасқан “Мектептен тыс жұмыс” орталығының “Дизайн-студиясы” балаларды өнерге, икемділікке, әдемілікке баулиды. Қазіргі таңда дизайн-студияда 59 оқушы оқиды. Дизайн-студия туралы ақпарат алу мақсатында қосымша білім беру педагогі, дизайн-студияның жетекшісі, сәндік қолданбалы өнер үйірмесінің жетекшісі Аля Биргариевамен сөйлескен едік.
Аля Сайрамбайқызының айтуынша, балалардың шығармашылығын дамытып, оны сапалы жаңа деңгейге көтерудің негізгі шарттарының бірі – дизайн-студиясында сабақтың қызықты да мазмұнды өтуі.
- Дизайн-студия және сәндік-қолданбалы өнер үйірмесі дизайнердің шығармашылық жұмысының негіздерін тереңдетіп оқытуға бағытталған. Бізде сабақтар идеялардың пайда болуын, дамуын және жүзеге асырылуын зерттеп, қызықты форматта өткізіледі. Оқыту әдісі қарапайым дүниелерден күрделіге қарай ауысып, шығармашылық тапсырмалар да бірте-бірте күрделене түседі. Дизайн-студия оқушылардың киім дизайны бойынша шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында жұмыс жасайды. Оқушылар сабақ барысында дизайнерлік шығармашылықтың негіздерін меңгереді, - дейді қосымша білім беру педагогі.
Дизайн-стиудияда балалар 3 жыл оқиды екен. Әр жыл белгілі бір бағытқа арналған. Атап айтар болсақ, бірінші оқу жылы ұлттық ою өрнекті зерттеуге бағытталған. Себебі қазіргі уақытта заманауи дизайнның сарқылмас қайнар көзі - ұлттық ою өрнек. Сонымен қатар балалар бисермен және фетр матасымен жұмыс жасағанды өте жақсы көреді екен. Бірінші оқу жылында балалардың тұмар жасауды үйренуі керек екен. Себебі тұмар дайындаудың технологиялық реттілігі балалардың қолданбалы өнердің ұлттық түрлеріне деген қызығушылығын дамытуға мүмкіндік береді. Оқу жылының соңында «Салт-дәстүрді сақтау – ұрпақтар парызы» атты шығармашылық көрме ұйымдастырылып, оған оқушылардың бір жыл бойына жасаған еңбектері қойылады. Көрмедегі шығармашылық жұмыстарды талдау арқылы оқушылардың интеллектуалдық, шығармашылық, эстетикалық дамуы байқалады.
Екінші оқу жылы оқушылардың алған білімдері мен дағдыларын бекіту жұмыстары жүргізіледі. Бұл уақытта балалардың зерттеушілік дағдылары қалыптасып, эскиздік графика мен шығармашылық жұмыстарға және модельдік эскиздерді әзірлеуге ерекше көңіл бөлінеді. Олар қолжетімді көркем құралдарды пайдалана отырып, болашақ модель туралы өз көзқарастарын білдіруді үйренеді. Және де тігін машиналарымен танысып, екінші жылдың соңында эскиздік көрмелер мен қолданбалы өнер көрмелерін өткізеді.
Дизайн-студияның үшінші оқу жылында оқушыларға кәсіптік бағдар беруге көмек көрсетіледі. Олар эскиздер әзірлеп, «Ғасырлар қойнауынан» атты киім үлгісін жасайды. Жылдың соңындағы қорытынды концертте оқушылар өздерінің жасаған жұмыстарынан топтама құрайды.
Дизайн студияның оқушылары көптеген жарыстарға барып, жүлделі орындарға да ие болып жүр. Атап айтсақ, биыл дизайн студияның оқушылары Әзірбайжан елінің Баку қаласында өткен “Harmon of Arf’s” атты халықаралық балалар шығармашылығы фестиваліне кескіндеме және қолөнер аталымдары бойынша қатысқан.
Аталған байқауда дизайн-студияның оқушысы Хиуаз Самигуллаева “Жер ана” атты жұмысымен қатысып, І орынға ие болды.
- Қызым Хиуаздың дизайн-студияға барып жүргеніне биыл үшінші жыл. Қазіргі таңда Хиуаз №3 ЖОББМ 9-сынып оқушысы. Ол онда бисермен тігу, эскиз салу және тағы басқа көптеген қолөнерге үйренді. Хиуаз кішкентай кезінен қолөнерге жақын. 6-7жасынан үйде өзі қағаз, моншақтардан бұйымдар жасап үйренді. Хиуазға дизайнға қатысқан ұнайды. Қызым болашақта дизайнер болғысы келеді, - дейді Хиуаздың анасы Света Гумарова.
Қосымша білім беру педагогі Аля Биргариева да байқауға “Африкалықтардың биі” атты шығармашылық жұмысымен қатысып, І орынмен марапатталды. Сонымен қатар Аля Сайрамбайқызы “Harmon of Arf’s” халықаралық фестиваліне белсенді қатысқаны үшін арнайы сертификатпен марапатталды.
Жарыстан бөлек, фестиваль қатысушылары суретші Джахангир Ахмедовтың шеберлік сағатына қатысып, пайдалы ақпараттармен танысты. Сонымен қатар олар Баку қаласын аралып, қызықты әрі танымдық экскурсия жасаған. Аталған байқауға дизайн-студиясы “Аrt masters” өнер орталығының оқушыларымен бірге барған.
- Қызым Райяна Хасанова дизайн-студияға барып жүргеніне биыл 3 жыл. Үйірме өзіне ұнағандықтан, қалдырмай баруға тырысады. Менің ойымша, қолөнерге барғанының арқасында қол моторикасы шынығып қана қоймай, қызымның қиялы да дамыды. Себебі тек бір ғана материал түрімен емес әр түрлі материалдармен танысып, қиялдарына ерік береді. Қызым №4 ЖОББМ-те 2-сыныпта оқиды. Мен анасы өзім де қолөнерге жақын адаммын. Көбіне менің қасымда қарап отырады. Солай қызымның қолөнерге деген қызығушылығы басталды деп ойлаймын. Бұл үйірмеден басқа суретке де қатысамыз. Кішкентайынан қолы икемді болғаны алдағы уақытта өзіне көп көмектеседі деп ойлаймын. Жақында қызым қолөнер бағыты бойынша “Зерде” ғылыми жобасынан І орын алып, облысқа жолдама алды. Аля Сайрамбайқызына тек алғысымызды білдіреміз! - дейді Райянаның анасы Гүлнұр Тлегенова.
Дизайн-студия - бұл жәй ғана кезекті үйірмелердің бірі емес. Бұл жерде балалар халқымыздың дәстүрлі қолөнерін заманауи әдіспен үйренуде. Қолөнер атты шығармашылық алаңда балалар қиялдарына ерік беріп, өз қолдарымен әдемі бұйымдар мен киімдер жасап шығарады. Педагогтар мен психологтар да қолөнермен айналысу баланың өзіне деген сенімділігін арттыратынын айтады.
Айдана АБДРАХМАНОВА
Бөрлі ауданы