Жалпақтал ауылы Ғ.Молдашев атындағы орта мектебінің 1 сыныбында білім әліпбиімен қауышып жатқан өнерлі өрендер республикалық ән-би және өнер шығармашылық байқауынан олжалы оралды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында оздырылған аталмыш шығармашылық байқауды өнер саласының майталман білгір мамандарынан құралған әділқазылар алқасы түрлі аталымдар бойынша «өнерлі балақайларды» әділ бағалады. Бұл дәстүрлі байқауда алақандай ауылдағы аталмыш мектептің 1 «а» сынып оқушысы Айжарқын Елдосқызы топ қатысушылары арасынан «Қолөнер» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алып, мектептің мақтанышын асырды. Балауса қолөнер шеберлеріне арналған талайлы өнер аудиторияларынан жүлдемен оралып жүрген Айжарқынның балбармағынан өз қиялы, өзінің фантастикалық ұшқыр ойынан төгілген өнерін әділ бағалаған төрешілер жас жеңімпаздың таудай талабына сүйсініп, үстіміздегі жылдың сәуір айында өтетін ІІ ші Республикалық жоғарғы финалға қатысуға талассыз жолдама беріп, сапарына ақжол тіледі.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, облысымыздың әр қиянынан сайдың тасындай іріктеліп келген үкілі үміткерлердің ішінде біздің жалпақталдық кішкентай Айжарқынның жүлделі орыннан көрінуі мектепішілік қолөнер үйірмесіндегі ұстаз еңбегінің ел ертеңіне төккен маңдай терінің еселі жемісі дер едік.
Қатарластары қалам ұстауды енді үйрене бастағанда, Айжарқынның саусағынан өнері төгілген әлпешті әжелері мен әз аналарының ұрпағына аманатқа қалдырған қолөнеріне ерекше құштарлығы оның қабілетін шыңдағандай. Балауса қыз өзінің алдаусыз қиялына деген сенімін қолынан өрілген айшықты бұйымдары арқылы шегелей түсуге тырысқанын көріп, «әп, бәрекелді» дедік еріксіз тамсана.
-Осыған дейін де оқушымның бағындырған биігі аз емес. Ал бұл жолы әлі кішкентай болса да, өзімен үзеңгі қағыстырған қолөнерші талапкерлердің қолтаңба айшықтарын көріп, әсіре қанаттанып қайтты бұл байқаудан,- дейді ұстазы Айнұр Аяпбергенова шәкіртінің жеңісіне деген қуанышын жасыра алмай.
Әрі қолөнеріне қабілет-қарымдары айқындалған өрендердің еңбекқорлық ізденістерін әділ бағалаған әділқазыларға да риза болдық. Өз қолымен кестеленген санғажайып әдемілігімен де, өзгеше көркімен де көздің жауын алатын бұйымдары арқылы жеңімпаз болып танылуы әр оқушының өзі қалаған биігіне ұмтылудың алғышарты екендігі даусыз ақиқат. Біздің де ұстаз тілегіне алып қосарымыз жоқ.
Күні ертең республика көлемінде өтетін байқаудан да топ жарып, олжалы оралуына ақжарма тілек қостық балбармақ қыз – Айжарқын!
Жамбыл ҚАДЫРАЛИЕВ,
Жалпақтал ауылы